Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған науқастар саны 214 адамға жетті. Соңғы тәулікте жаңадан жағдай анықталған жоқ. Бүгін облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстағы ахуалды баяндады.

«Қазіргі таңда Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған 214 жағдай тіркелді. Соңғы тәулікте жаңадан жағдай анықталған жоқ», – деді Жақсылық Абдусаметов.

Оның айтуынша, COVID-19 індетін жұқтырған өңірдегі 214 науқаспен байланыста болғандардың жалпы саны – 3242. Оның ішінде, жақын қарым-қатынаста болғандар саны – 1746, потенциалды байланыста болғандар – 1496 адамды құрап отыр. Бүгінгі таңда барлығы бақылауға алынып, оқшауланған. Барлығының жағдайы қанағаттанарлық.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда облысымыздағы жұқпалы аурулар ауруханасында – 76, правизорлық стационарда – 24, карантиндік стационарда – 402 адам бақылауда.

Брифингте Жақсылық Әбілқасымұлы мәлімдегендей, өткен тәулікте облысымызда коронавирустық инфекцияға байланысты 70 тест сынамасы жасалыпты.

«Соңғы тәулікте 70 тест сынамасы жасалды. Оның 60 – теріс мәнді болып шықты. Ал, 10 – әлі тексерілу үстінде. Бүгінде облысымызда 5392 тест сынамасының қоры қалды. Мереке күндері осы ПТР аппараттары техникалық қызмет көрсетуге қойылған болатын. Бүгіннен бастап қайтадан күнделікті жоспар бойынша іске қосылатын болады», – деді ол.

Сондай-ақ, басқарма басшысы облысымызда бүгіннен бастап карантин талаптарын жеңілдетудің келесі кезеңі басталғанын мәлімдеді.

«Облысымызда бүгіннен бастап карантин талаптарын жеңілдетудің екінші кезеңі басталды. Бұл дегеніміз – тұрғындар арасындағы қарым-қатынас көбейеді деген сөз. Сондықтан, карантин талаптарын сақтап, қоғамдық орындар мен жұмыста, отбасында жұғуға жол бермеуге баса назар аударған жөн», – деді Ж. Әбілқасымұлы.

Айта кетейік, кеше Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияға шалдыққан науқастардың саны 214 адамға жеткенін хабарлаған болатынбыз.

Тағы да оқыңыз: