Kyzylorda-news.kz. Қазақстанның бас санитары Жандарбек Бекшин Ухань қаласынан қазақстандықтарды эвакуациялағанда бір студенттің не себепті қалып қойғанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Өткен демалыс күндері Қытайдың Ухань қаласынан 80 қазақстандық студент арнайы бортпен эвакуацияланған болатын. Сол кезде бір студент қалып қойыпты.

“Оның дене қызуы сәл көтеріліп кетті. Бір-екі сағат ішінде температурасы нормаға келді. Бірақ ол кезде арнайы борт ұшып кеткен. Біз оны тастап кеткен жоқпыз. Ол көрші елдердің ұшақтарымен келді”, – деді Бекшин.

Маманның айтуынша, Уханьда қалып қойған студент Ресей немесе Өзбекстан ұшағымен қаладан шығарылды. Алайда бас санитар оның қайда екенін нақтылап айтпады.

“Ресей Федерациясында біздің үш азаматымыз және Өзбекстанда бес азаматымыз бар. Студент екі елдің біреуінде, ең бастысы, ол Ухань қаласынан шығарылды. Қазір карантинде жатыр. 14 күннен кейін Қазақстанға жетеді”, – деп атап өтті Жандарбек Бекшин.

Екінші ақпанда Ухань қаласында болған 83 қазақстандық елге жеткізілген болатын, олардың 80-і – студент.

Бұдан бөлек, Қырғызстанның 18 азаматы, Беларусьтің бес азаматы мен Арменияның бір азаматы бар. Қырғызстандықтар бірден өз еліне ұшып кетті.

Ухань қаласынан арнайы бортпен елге жеткізілген қазақстандықтар және шетелдіктер Нұр-Сұлтан қаласынан жеті шақырым жердегі арнайы ауруханаға жатқызылды. Олардан анализ алынды, киімдері мен жеке заттары жиналып, аурухана киімі таратылды.

Қазақстанның бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің айтуынша, азаматтардың ешқайсысынан коронавирус табылған жоқ. Соған қарамастан олар 16-шы ақпанға дейін карантинде болады.

Пациенттерге туыстарымен кездесуге тыйым салынған. Ал аурухананың орналасқан жері құпия мәлімет ретінде жарияланған жоқ.

Тағы да оқыңыз: