Kyzylorda-news.kz. «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы Білім және денсаулық сақтау мәселелері бойынша қоғамдық кеңес пен депуттық фракция мүшелерінің бірлескен отырысы нәтижесінде партия бастамасымен Қызылорда қаласында барлық студенттер үшін «Облыстық бірыңғай студенттік емхана» бірлескен жобасын іске асыру тетіктері зерделеніп, «Бір терезе» қағидасына сәйкес толыққанды медициналық қызмет көрсетуге ағымдағы жүктемесі сәйкес келетін «Q-med» клиникасының базасында бірыңғай студенттік емхана жұмысын үйлестіру туралы ұсыныс көтерілген болатын.
Осыған орай бүгін партия филиалында облыс орталығындағы жоғарғы және орта арнаулы білім беру ұйымдары өкілдеріне аталған студенттік емхананың жобасы таныстырылды.
Кездесуде партия филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова жобаның маңыздылығына тоқталып, емхананың студенттерге сапалы және уақытылы медициналық көмек көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар жастарға денсаулықты нығайту бойынша ұсыныстар беруге, салауатты және белсенді өмір салтын насихаттауға мүмкіндік беретінін айтты.
Сондай-ақ жиында облыстық білім және денсаулық сақтау басқармасының өкілдері Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылдық жердегі денсаулық сақтауды жаңғырту ұлттық жобасы келесі 2023 жылдан бастап жүзеге асырылатынын, ауыл тұрғындарына оның ішінде ауыл жастарына медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту бойынша қандай шаралар қабылданып жатқаны жайында атап өтті.
Өз кезегінде "Q-MED company group" ЖШС бас директоры Раушан Базарбай студент жастарға көрсетілетін медициналық көмектің түрлері, оларға жасалатын жағдайлар туралы толық мәлімет берді.
Кездесу соңында білім беру ұйымдары өкілдерінің тарапынан ұсыныстар айтылып, жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
