Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында тұрғындар тарапынан МӘМС жүйесіндегі медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігіне қатысты шағымдардың азаюына ықпал еткен шаралар туралы баяндалды.
Биылғы бес айда қорға 10363 шағым түсіп, олардың 5073-і қайтарылып алынған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,7%-ға төмен. Ол кезде 11 745 шағым тіркелген (5167 қайтарылған).
– Азаматтардың шағымдарын азайту және медициналық қызмет сапасын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде оң көрсеткішке қол жеткізілді. Осы мақсатта қор медициналық ұйымдар базасындағы пациенттерді қолдау қызметтерімен бірлесіп жұмыс істейді. Қор бұл қызметтер мамандарының кәсіби деңгейін арттыру үшін ай сайын оқыту сессияларын ұйымдастырады, – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Индира Саркенова.
Оқытулар негізгі бағыттарды қамтиды – беделді басқару (репутациялық менеджмент), этика және деонтология, ҚР медицина қызметкерлерінің ар-намыс кодексі. Сессия барысында нақты келіп түскен шағымдар талданып, қаралады. Бұл теориялық білімді тәжірибеде қолдануға, сондай-ақ халық тарапынан сенімді арттыруға мүмкіндік береді.
Халықпен кері байланысты күшейту және еліміздегі медициналық көмектің сапа стандарттарын арттыру жұмыстары жалғасуда.
Айта кету керек, егер пациент медициналық көмек алу кезінде мәселе туындаса, дәрігердің ем тактикасына қатысты шешімімен келіспесе немесе МӘМС жүйесіндегі мәртебеңізге қатысты сұрақтар болса, пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметіне жүгіне алады. Аталған қызмет әрбір медициналық ұйымда жұмыс істейді. Оның жұмысы Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексімен, сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен реттеледі.