Kyzylorda-news.kz Жаныңа шипа дарытып, тіпті ажал құрсауынан арашалап алатын дәрігерлер қашанда қоғамда айрықша бағаланады. Елеулі еңбегі мен жылулыққа толы мейірімді қалыппен халықтың ақ батасын алып жүрген қызметкерлер кез келген мақтауға лайық.
Бүгінде басы ауырып, балтыры сыздаған жанға демеу, антына адал дәрігерлер ауданымызда жетіп артады. Солардың қатарына Ерболат Жасанов пен Салтанат Қабылованың отбасын қосуға болады. Ерлі-зайыптылар Қазалы теміржол ауруханасында қызмет атқарады. Ерболат дәрігер уролог болса, Салтанат осы аурухананың провизоры. Отбасында Нұрай, Ердәулет, Рамазан мен Медина және Хансұлтан есімді ұл-қыздарын тәрбиелеуде. Қос дәрігер тұрғындар мен ұжымдастары арасында абырой мен беделге ие. Екеуі де ең алдымен адамгершілігі әрі біліктілігімен танылып, өзгелерден озық тұрады.
Ерболат мұғалімдер отбасында тәрбиеленсе де әке жолын қумады. Ол өз арманын медицина саласымен ұштастырды. Бала кездегі қиялын 1998 жылы Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясында жүзеге асырады. Таңдаған білім ордасында әрбір сабаққа ықыласпен қатысып, оқу орнындағы емдеу ісі факультетін хирургия саласы бойынша бітіреді. Қызылорда облыстық медициналық орталығында хирургия мамандығы бойынша бір жыл интернатурада жүріп, алғашқы тәжірибеден өткен соң жолдамамен Қазалыдағы теміржол ауруханасында дәрігер уролог қызметіне келеді.
Қазір білікті маман гемодиализ бөлімінің меңгерушісі лауазымын атқаруда. Яғни созылмалы бүйрек жетіспеушілігімен сырқаттанатындарға қажетті ем-дом жүргізеді.
Білікті дәрігердің айтуынша, урология – ерлердің бүйрек, қуық, простатит ауруларын және несеп жолдарындағы тастарды хирургиялық және дәрі-дәрмекпен емдеу саласына жатады.
– Бүгінгі күні еркектер денсаулығының басты мәселесіне айналған простатит суықтан және инфекция жұқтырып алудан да болады. Мұндай дертке бір орында ұзақ отыратын жүргізуші, есепші және басқа да кәсіппен шұғылданатын кісілер шалдығады.
Простатитке 20-60 жас аралығындағылар жиі ұшырайды. Десек те уақыт өткізіп алмай урологқа уақытылы қаралған дұрыс. Тағайындалған емді қабылдағандар одан айыға алады. Жалпы 18-40 жастан асқан ер-азаматтар жылына бір рет урологқа қаралып тұрғаны жөн. Себебі соңғы жылдары ерлер арасында бедеулік белең алуда. Егер ер азамат шаңырақ көтеріп, 6 айда әйелі жүкті болмаса дереу урологтың көмегіне жүгіну керек. Қазір ерлердің көбі намыстанып, дәрігерге көрінбей ем алу мерзімін өткізіп алады. Есесіне олар ұрпақ сүю қабілетінен айырылып қалуы мүмкін, – дейді Ерболат Жасанов.
Ерболат қосымша дәрігер трансфузиолог қызметін жүргізеді. Оның өз міндетіне деген жауапкершілікті жақсы сезінетінін Қазалы теміржол ауруханасының бас дәрігері Құбыл Ршымбетовтың пікірінен айқын аңғардық.
– Ерболат Жасанов ауруханада жатқан урологиялық науқастарға өз бетінше ота жасайды. Соның арқасында ересектер мен балалар арасында диспансерлік науқастардың есебі азайып, санитарлық ағарту жұмыстары жақсарған. «Андро-Гин» аппаратымен простатиттің барлық түрін: созылмалы везикулит, эрекцияның бұзылысы, ер бедеулігін емдейді.
Бүгінде Ерболат Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарының созылмалы бүйрек жетіспеушілігінің науқастарына аптасына төрт сағаттық жоспарлы гемодиализ сеансын жасап, жұртшылықтың алғысына бөленіп жүр. Әріптестері мен халық арасында беделі жоғары, сауатты маман саналады, – дейді бас дәрігер.
Салтанат Егізбайқызы да М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясында фармацевт мамандығы бойынша білім алды. Қазір дәріхана бөлімінің меңгерушісі. Ол ауруханадағы емделушілерге дайындалған дәрілердің сапасын тексеріп, бөлімшелерге қажетті мөлшерін босатады. Жұмысын тиянақты орындайтын маман он жылдан аса медицина саласында сүбелі үлес қосып келеді.
Қай кезде де бірінші байлық – денсаулық екені заңдылық. Солай бола тұра, бұл қағиданың орындалуы үшін білікті мамандардың да рөлі ерекше екенін ескерген жөн. Сондықтан, түн ұйқысын төрт бөліп, науқастардың айығуына себепші – ақ халаттылардың халық денсаулығын жақсарту жолында қайраттары қажымасына сенім мол.