Kyzylorda-news.kz. Бүгінде облыста бастапқы медициналық санитариялық көмек көрсету ұйымдарына 816 мыңнан астам адам тіркелген. Оның 82,4 пайызы мемлекеттік медициналық ұйымдардың көмегіне жүгінеді. Қазіргі таңда, облыс тұрғындарына 25 стационарлық ұйым, 26 амбулаториялық емхана, 100 дәрігерлік амбулатория, 25 фельдшерлік акушерлік бекет пен 97 медициналық бекет қызмет көрсетуде. Сондай-ақ, облыс халқына 2 860 дәрігер, 10 721 орта буынды маман қамтылған. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаков хабарлады.
Өңірімізде медицина саласын жетілдіруге бюджеттік қаржыдан бөлек басқа да қаржы тартылуда. Мәселен, былтырдан бастап «Қазақстан Халқына» қоғамдық қорымен әріптестік байланыс орнатып, Сыр медицинасына 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Осы қаржыға облыстық балалар ауруханасында Қамқорлық реабилитациялық орталығына медициналық құрал-жабдықтар, қажетті қүрылғылар және аса қымбат дәрі-дәрмектер алынды. Одан бөлек, қор республика бойынша 3 облыста ғана бар құны 1,1 млрд теңгені құрайтын онкологиялық скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз етті. Бұл өз кезегінде шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарын сапалы медициналық көмектермен қамтуға мүмкіндік берді. Бүгінде жүкті әйелдерге, жаңа туылған нәрестелерге, гинекологиялық аурумен ауыратын науқастарға жалғыз медициналық ұйым облыстық перинаталдық орталық қызмет көрсетеді. Осыған сәйкес, аталмыш нысанның жүктемесін азайту мақсатында наурыз айында көп бейінді облыстық ауруханасының жанынан 70 төсектік перинаталдық орталықты ашу жоспарлануда, - деді басқарма басшысы