Kyzylorda-news.kz Облыста 24-28 маусым аралығында репродуктивті денсаулық апталығы өтеді. Бұл шараның басты мақсаты – халықтың репродуктивті денсаулығы туралы толық мәлімет беріп, саламатты өмір салтын насихаттау болып табылады. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңына тиісті сала мамандары келіп, апталықта атқарылатын мәліметтермен бөлісті.
– Ерлер мен әйелдердің репродуктивті денсаулығын қорғау жағдайларын жасауға қатысты міндеттер Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясатты дамыту тұжырымдамасында белгіленген. Бұл апталық жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығының маңыздылығы мен жоспарланбаған жүктілікті және жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды (ЖЖБИ) болдырмауды көздейді. Сондай-ақ, АИТВ инфекциясы мен ЖЖБИ-дің таралуының өсуі, жатыр мойны қатерлі ісігін тудыратын адам папиллома вирусының алдын алу қажеттілігі сияқты мәселелерді де шешуге бағытталған. Репродуктивті денсаулық апталығы – репродуктивті денсаулық туралы сенімді ақпарат алудың, білікті мамандарға сұрақ қоюдың және тексеруден өтіп, салауатты болашаққа қадам жасаудың бірден бір мүмкіндігі,– деді Қызылорда облысы әкімдігiнiң отбасы және әйелдер iстерi жөніндегі штаттан тыс уәкілi Гүлнар Жұмашева.
Репродуктивті денсаулық – ұрпақты дүниеге әкелудегі және отбасындағы психосексуалдық қатынастағы толық физикалық, саналық және әлеуметтік табысты жағдай.
– Жалпы, репродуктивті денсаулықты сақтау – сау ұрпақты көбейту функциясын қалпына келтіруге және оны сақтауға көмектесу. Біз осы ашық есік күндерінде репродуктивті денсаулыққа кері әсер ететін факторлардың алдын алуды мақсат етеміз. Айта кету керек, біз атқаратын іс-шаралар тек апталық аясында ғана емес, үнемі жүргізіліп тұрады,– деді Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жаңыл Абубакирова.
Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі