Kyzylorda-news.kz Бүгінде қатерлі ісік ауруы тек денсаулық сақтау саласының ғана емес, жалпы қоғамның мәселесіне айналып отыр. Елімізде өткен жылдың қорытындысы бойынша онкологиялық есепте 218 мың қазақстандық тұр екен. Сондай-ақ осы дерттен 12 мыңнан астам адам қайтыс болған. Аталған саланың жай-күйін білу үшін аудандық емхананың онколог дәрігері Наурыз Козановпен сұхбаттасқан едік.
– Наурыз Козанов, жалпы қатерлі ісік неден пайда болады? Оның пайда болуына әсер ететін ғылыми дәлелденген факторлар бар ма?
– Қатерлі ісіктің пайда болу себебі өте көп. Атап өтетін болсам, негізгі ауру себебін созылмалы аурумен байланыстыруға болады. Кез келген патологияның пайда болу себебі – иммун жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі салдарынан болады. Кез келген тірі ағзада рак жасушалары болады. Иммунитеттің онымен күресуге қауқары барда қатерлі ісік болмайды. Ағза әлсіреп, типсіз жасушаларға қарсы тұруға күші қалмаса, олар ұлғая бастайды.
Күнделікті стресс, жүйкеге артық жүк түсуі, демалыс пен жұмыс режимінің дұрыс болмауы да иммун жүйесіне кері әсер етеді. Қоршаған орта да маңызды. Ауаның ластануы, айналадағы технологиялар. Радиотолқын да қауіпті. Бірден әсер етпейді, бірақ әсері жылдар бойы жинала береді. Бір қызығы – өмір сүру сапасы артқан сайын онкологиялық ауру қаупі де күшейеді.
– Диагнозын ерте біліп, уақытылы ем алатын науқастар санын көбейту үшін не істеу керек?
– Елімізде қатерлі ісікпен ауыратын науқастардың 60-65 пайызы емдеуге жіберіледі. Бұл – онкологияның дер кезінде анықталған, бірінші, екінші кезеңі. Жалпы кез келген аурудың диагнозын ерте білу үшін жылына кем дегенде бір рет медициналық тексерілуден өту қажет.
– Қазірде скрингтік тексеріс жақсы жүргізіліп келеді. Дей тұра кей адамдар немқұрайлылық танытып жатады. Мұндай жағдайда не істеу қажет?
– Қазақстанда скринингтің үш түрі бар. Жатыр мойны обырының скринингісі 30-70 жас аралығындағы әйелдерге жүргізіледі. Төрт жылда бір рет әйелдің жыныс мүшесінен сынама алынып, цитологиялық зерттеуге жіберіледі. Омырау рагына 40-70 жас аралығындағы әйелдерді екі жылда бір рет тексереді. Тоқішек рагының скринингісі 50-70 жас аралығындағы ерлерді қамтиды. Екі жылда бір рет нәжісте қан бар-жоғын анықтау үшін тексеріліп отыру керек. Бұл – медициналық сақтандыруға кіретін тегін сараптама түрі.
Денсаулық – ең қымбат байлығымыз. Ол бірінші кезекте өзімізге керек. Сол себепті скринингтік тексеруге немқұрайлы қарауға болмайды. Скринингтік тексеру дертті ерте анықтап, уақытысында шипа алуға көзделген арнайы бағдарлама. Сондай-ақ аурудың ерте алдын алуға мүмкіндік береді. Кез келген дерттің дауасы – уақытында анықтау. Сондықтан дер кезінде скринингтік бағдарламаға шақырған уақытта барып қаралу керек. Еліміздің әр азаматы жасы келгенде осы тексерістен өтуі ауруды алдын ала анықтауға үлкен септігін тигізеді.
– Елімізде онкологиялық ауруларды е쬬дейтін дәрігерлердің көптеп даярланып жат¬қаны қуантады. Алайда, бұл оң өз¬ге¬ріс саладағы дәрігерлерге деген сұ¬¬¬рବныс¬ты қанағаттандыра ала ма?
– Рас, онколог дәрігерлер жетіспейді. Бұл ретте әлі де біраз жұмыс істеу керек деп ойлаймын. Әрине, Үкімет тарапынан қолдауға кенде емеспіз, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жыл сайын онкология саласында мамандар даярлауға квотаны көбейтіп жатыр. Дәрігер көбейген сайын, халқымыздың саны да артып келеді. Соған байланысты дәрігер тапшылығы әлі күнге дейін сезіледі.
– Ауданымызда «жаман аурудың» деңгейі қандай? Тұрғындардың көбі қатерлік ісіктің қай түрімен ауырады?
– Ауданымызда қатерлі дертпен «Д» есепте тіркелген науқастар саны былтырғы жылмен салыстырғанда азаймай отыр. Көбіне асқазан, өңеш обыры жиі анықталып, науқастар тиісті деңгейде емдерін қабылдауда.
– «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деп жатамыз. Жалпы аурудың алдын алу үшін қандай әрекеттер жасау керек?
– Аурудың алдын алу үшін жоғарыда айтқанымдай, медициналық тексеруден уақытылы жылына 1 рет өту керек. Енді ерте диагностикалауға кеңірек тоқтала кетсем деймін. Бұл – қатерлі ісікті емдеудің ең маңыздысы. Өйткені ауруы ерте белгілі болған науқастардың түгелге жуығының жазылып кету мүмкіндігі бар. Яғни обырдың бәрі – өлімге соқтыратын тажал емес. Оған қарсы тұру үшін, күресу үшін сау күнінде әрекет жасау керек.
– Айналамыздан осыбір індетті жеңген адамдарды да кездестіріп жатамыз. Олар бұл аурумен қалай күресіп жатыр?
– Ондай пациенттер дер кезінде скринингтік тексерден өтіп, сапалы медициналық көмек алып, емін уақытылы қабылдағандар. Әрине, көп нәрсе науқастың ағзасына да байланысты. Дей тұра адамға қайтпас қайсарлық пен рухани мықты болу да маңызды.
– Қалай ойлайсыз, қазірде адамдар басты байлығына қалай қарайды?
– «Ауруын жасырған өледі» демекші, біздің адамдарда әлі де дәрігерге көрінуді қорқыныш санайтындар бар. Дегенмен, қазіргі уақытта халық арасында денсаулығына мән беріп қарайтындар көбейіп келеді. Адамға керегі бірінші – денсаулық. Сол себепті басты байлыққа жүрдім-бардым қарамау қажет. Саламатты өмір салтын ұстану – бұл сөзді барлығымыз естісек те, ол қағидаларды ұстанып жатқанымыз өте аз. Дұрыс әрі уақытымен тамақтану, дене шынықтырумен айналысу, көп қимылдау, көп жүру, таза су ішу, көкөніс пен жемістерді мол пайдалану, ет тағамдарын мөлшерінен тыс пайдаланбау керек. Сау адамдар жылына бір рет дәрігерге көрініп, түрлі тексерулер мен қараулардан өтіп отыруы керек. Әйел адам болсын, ер адам болсын профилактикалық тексерулерден өтіп отыру, анықталған ауруларды уақытында емдету – денсаулықтың үнемі мықты болып жүруіне септігін тигізеді. Ауырып ем іздемей, ауырмайтын жол іздеуді әр адам өзіне мақсат тұтса, нұр үстіне нұр болар еді.
Сұхбаттасқан Ақнұр САҒЫНТАЙ