Kyzylorda-news.kz. Мемлекеттің басты байлығы – адам десек, ұлт ұрпағының дені сау болуы қажет. Әсіресе, ана мен бала денсаулығы көп көңіл бөлуді керек етеді. Егеменді елдің еңселі болуы жарық дүние есігін ашатын әр сәбиге байланысты. Сондықтан ана мен бала өлімі көбеймей, денсаулық діңгегінің басты назарда болғаны абзал. Ақ халаттылар ананың жағдайын оңалтуға тырысып, сәбиге өмір сыйлауда қолынан келгенше күресіп бағады. Тиісінше, аналар да өз саулығына сақтықпен қарағаны жөн. Не дегенмен баланың өміріне қауіп төнбей, денсаулығында кінәрат болмай, жетіліп дүниеге келуіне ана саулығы маңызды рөл атқарады. Сайып келгенде, жүктілікке дейінгі кезеңде жағдайдың жақсы болуы және құрсаққа бала біткеннен кейін де тексерілуді үздіксіз жалғастыру өлім өкінішіне ұрындырмайды. Шарананың шетінеп кетуі, сәбидің саулығында қандай да бір ақау болуы, дәрігерге дер кезінде қаралмау, дәл уақытында ем қабылдамау бәрі-бәрі қиындыққа душар етеді.
Ана мен бала денсаулығы демографиялық көрсеткішке де ықпал ететіні анық. Оның үстіне аталған жағдай медицина саласында әлі де өзегін жоймаған, көкейтесті мәселелердің бірі. Иә, медицина жағдайы ауырлаған ананы, науқастанған нәрестені далаға лақтырудан аулақ. Керісінше, көмек көрсетіп, күтіммен шығарып салуға сақ дайын тұр. Сондай-ақ, өлім көрсеткіші күрт көбеюінің алдын алуға тиісті шараларды қарастыру керек. Әйел адам босанғаннан кейін нәресте екеуіне ауруханаларда жағдай жасалса, арнайы бақылауда болса құба-құп. Ана мен баланың ажалына араша болуда қадамдар нақтыланса, алаңдаушылық болмайтыны сөзсіз. Елімізде балалар денсаулығын сақтау басты назардағы мәселенің бірі. Өйткені, ежелден бала дегенде безінген халық емеспіз. Баланы бақытқа балап, болашағымыз деп бекемдейтіндіктен де алғашқы орында денсаулығының мықты, аурудан ада, аяқ-қолының балғадай болғанын қалайды. Асылында, ана аман болса, баланы да бақытты деуге болады. Облысымызда да ана мен бала денсаулығына бей-жай қарамайтын, денсаулығын қадағалауда қарқынды қызмет көрсететін перинаталдық орталықта барлық мүмкіндіктер бар. Жаңа туған нәрестелерге көмек көрсету кезінде қамтылатын жабдықтармен де толықтырылған.
Өңірімізде нәрестелер жағдайы әрдайым бақылауда болатыны қуантады. Облыстық перинаталдық орталығында заманауи реанимациялық көмек көрсетіліп, жедел түрде жәрдем беріледі. Сондай-ақ, бөлімшеде сәбидің қарқынды емі мен жағдайына мониторинг жүргізу үшін мүмкіндіктер бар. Мәселен, білікті медициналық персонал, заманауи мониторлар, қарқынды күтім инкубаторлары, өкпені жасанды желдету аппараттары, гипотермиялық аппарат, зертханалық жабдықтар, жылжымалы рентген, ультрадыбыстық қондырғыларды атап айтуға болады. Кей аппараттардың негізінде денсаулыққа жағымды әсері мол, залалсыз емдік қоспалар дайындалатын көрінеді. Мұның өзі ұлт саулығы мен салауатты өмірді қалыпта ұстаудың тетігі іспеттес. Аталған орталықта жаңа туған нәрестелерге арналған инфузиялық ерітінділерді дайындау кезінде шаңсыз бактерияға қарсы ауа ортасын құруға арналған ламинарлық шкаф бар. Ол жұмыс аймағында орналасқан инфузиялық ерітінділерді сыртқы және айқас ластанудан қорғайды. Осылайша жаңа туған нәрестелерге жұқпаларды парентеральды жолмен беруді болдырмайды. Зарарсыздандыру кезінде дозалау аппаратының көмегімен емдік қоспаларды дайындау жүзеге асырылады. Ана мен шала туған нәрестенің дене және психологиялық байланысын қолдау үшін «кенгуру» әдісімен күту сеанстары өткізіледі.
Ел мен халық – егіз ұғым. Елді халық құрайтынын ескерсек, әрқайсысының өміріне төнер қауіптен қорғап, денінің саулығын лайым назарда ұстаған ләзім. Әсіресе, ана мен бала өлімінің көрсеткіш деңгейі төмендеуі үшін қолдан келгенді жасап бағу керек. Бұл тұста ақ халаттылар да аянбай, ауруханалар, арнайы орталықтар емге қатысты қадамдардан қалыс қалмақ емес.