Kyzylorda-news.kz  Ақ халатты арындай таза ұстап, Гиппократ антына берік болып жүрген талай мықты мамандар елге қызмет етіп келеді. Әрине, салада маман жетіспеушілігі белең алғалы біраз болды. Бірақ соған қарамастан өңір халқына 2 мыңнан астам дәрігер қызмет көрсетіп, аянбай еңбектенуде.

Мөлдір Қырданова – облыстық перинаталдық орталықтың акушер-гинекологы. Аналардың өмірге дені сау ұрпақ әкелуіне септесіп, еңбек етіп жүрген ол таяуда ғана республикалық «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі – 2023» байқауында «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісін иеленді.

«Біздің әулет – мұғалімдер династиясы. Тіпті, әулеттің келіндері де осы салада еңбек етіп келеді. Сол қалың топтың арасынан суырылып шығып, медицина мамандығын таңдадым. Өйткені жүрек қалауым сол болды. Шынтуайтына келсек, адамзаттың асыл мамандықтарының қатарында екі сала болса, оның бірі – мұғалім, екіншісі – дәрігер. Бірі адамның жанын емдейді, бірі тәнін емдейді. Жан жарасы мен тән жарасын таңып, оны рухани толысқан адамға айналдыру – тек өз ісінің шеберлерінің ғана қолынан келетін іс.

Әкем маған үнемі айтып отыратын бірнеше ақыл бар. «Адамдық пен мамандықты қатар меңгер. Егер ол екеуін құстың қос қанатындай қатар алып жүрсең, онда сенің толыққанды тұлға болғаның. Бір қанаты жаралы құс алысқа ұша алмайды. Адамдық пен мамандықтың бірі тасада қалса, адам да сондай күй кешеді» дейді әкем. Мен үшін осы сөз өмірімнің айқын мақсатына айналды», –  дейді Мөлдір Жамбылқызы.

Адамзаттың асыл мамандығы атанған медицина саласында 11 жылдан бері маңдай терін төгіп келеді. Біреу үшін аз, біреу үшін әжептәуір уақыт болуы мүмкін. Бірақ осы жылдар Мөлдір Жамбыл­қызының тәжірибесін шыңдады. Аудандық аурухана, емханаларда да еңбек етті. Ал медицинада ауру мен емдеу мекемесінің үлкен-кішісі болмайды.

«Осы жылдардағы тәжірибемде әкемнің ақылын алып, кісі ақысын жемедім, қолымнан келсе, айналаға көмек беруге тырыстым, әлі де солай келемін. Өйткені, дәрігер болу арқылы маман алдына келген адамның түріне, тіліне, дініне, ділі мен нәсіліне қарамай, оған қызмет көрсете білу керегін үйренеді. Біздің мойнымыздағы жүк осылай. Жұмыс болған соң қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Онсыз қай жұмыстың да көркі кірмес еді. Кейде қауырт тірліктен қажып, еңсем түсіп бара жатқанда әкемнің ақылы дәтке қуат болып тұрады. «Адамдығың мен мамандығың алда болсын! Еңсеңді көтер!» дейді әкем. Кез келген істе табандылық пен еңбекқорлық керек. Ол үшін, әрине, маңдай теріңді сылып, еңбектенбесең, бәрі бекер. Мен бала күнімде армандаған дәрігер болудың үлгісі мен ұстанымын осы күні өзім ұстанып келемін», – дейді білікті маман ойын бөлісіп.

Мөлдір Жамбылқызы Сырдария ауданында еңбек жолын бастап, ауылдық, аудандық жердегі қиын да күрделі саласының отымен кіріп, күлімен шықты. Бүгінде қанша жанның қуанышына ортақтасып, олардың көңіл-күйінің куәсіне айналып отыр. Шырылдап өмір есігін жаңа ашқан нәрестенің үнін есту бақытына алғаш қолы жеткендердің да шаттық үнмен бөркін аспанға атқанын да талай көзімен көрді. Бастысы, мойындағы елдің аманатын, елдің сенімі мен алғысын сезініп жүру керек дейді ол.

«Ақ халат киіп, сол халаттай кір шалмаған ақ арың бұл жерде ең бірінші маңызға ие. Мен халықтың алдындағы сенім мен міндетті орындауым керек деген мақсатты алдыма қойдым. Медицина қызметкерлерінің мәртебесіне келсек, аспанға қарап алақан жайып, Құдайдан мәртебе бер деп сұрағанмен, ол аспаннан шұға жауғандай топ етіп түсе қала­тын нәрсе емес. Ол – маңдай терің, еңбегің, білімің, елге жасаған қызметің. Мәртебе – атқарған қызметің үшін халықтың берген сенімі. Елдің алғысы – кез келген әскери шеннен де биік, оны халықтың өзі береді. Ал халық – құдайдың бір аты. Мамандыққа адалдық, адамдыққа адалдық және кез келген жағдайда өзіңнің позицияңды «арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін» түрде тігісін жатқызып, оңтайлы дәлелдеу керек. Бұл үшін әлбетте білім, ал білім алу үшін еңбектену керек. Мұның барлығы аукционнан жоғары бағаға сатып алатын құндылық емес, бойыңнан жасақтай алатын қасиет. Ол әрбіріміздің қолымыздан келеді», – дейді Мөлдір Жам­былқызы.

Медицина саласы маман­дарына көрсетіліп жатқан құрмет пен қолдау да аз емес. Әлбетте, сала маман­дары соған әбден лайықты. Адам жанының арашасы атанған ақ халат­тыларға деген халықтың ықыласы ерекше. Мөлдір Жамбылқызы атақ пен абырой, мәртебе мен құрметтің оңай келмейтінін айтады. «Тез жанған сәуле тез өшеді» деген бар. Ал қиын­дықпен, уақытпен, тәжірибемен келген құрмет қашан да қасыңда қалады.

Мәртебе алдымен сый­ластықтан туады. Өзгені құрметтеу үшін алдымен өзіңді сыйлаудан бастау керек. Ал өзіңді сыйлау – құдайдың берген болмысын кірлетпей, таза ұстап, айналаға нұрын шашып жүре алатын мейірбан адам болу. Иә, сіз ең алдымен өзіңіздің бойыңыздан осы қасиеттерді іздеңіз. Сонда мәртебелі маман екеніңізді сезінуіңізге тілектеспін. 

«Тура жүр, бағытыңнан тайқыма. Алдыңа қойған мақсаттан ешқашан бас тартпа. Өйткені, мақсатынан бас тарту адамды өзгеріске ұшыратады. Сен өзіңді таны, өзіңді танытуға жұмыс істе» деді әкем. Рас, ойланып қалдым. Біз тәрізді істің адамының мұндай сөздерді түсінуі қиын екені рас. Бірақ, ойлап қарасаңыз, оңай, қолымыздан келетін іс қой», – дейді акушер-гинеколог.

Әлбетте, адамдық пен мамандық – егіз ұғым. Бастысы, олардың қадамы тең болу керек.

Тағы да оқыңыз: