Kyzylorda-news.kz Әлем жұртшылығы жақсы білетін, кәсіби тұрғыда бейбітшілік мақсатқа ғана қызмет ететін екі-ақ мәртебелі мамандық бар. Оның бірі – білім саласының қызметкерлері болса, екіншісі – адам жанының арашасы атаннған ақ желеңді абзал жандар медицина саласының қызметкерлері. Кез келген адам тірлігінде тіпті бірер рет болса да жанына демеу, науқасына шипа іздейді. Сондай сәтте өмір мен өлім арпалысқа түсер сын сағаттарда сырқаттың қасынан табылатын медицина саласы мамандарының қоғамдағы алар орны айрықша, мамандықтары мәртебелі.
Медицина саласында дәрігерлердің оң қолы атанған мейірбике мамандығы – алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін әлеуетті мүмкіндігі орасан қызметтің бірі. Медбикелер – шеберлік пен білімді ұштастырған, жан-жақты, күтім процесіне толығымен жауапты, мейірімділік көрсететін жандар. Бүгінгі медбикелерді тек дәрігер айтқанының орындаушысы ғана деп түсінуге болмайды. Олардың міндеті – адамдарды, отбасыларды, халықты психикалық, физикалық, әлеуметтік потенциалын жүзеге асыруға үйретіп, дағдыландыру.
Мереке қарсаңында Байқоңыр қаласындағы «Академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжі» білім беру мекемесінің медбикесі Мөлдір Пошанова туралы сөз етпекпіз.
Мөлдір Жүсіпәліқызы 1984 жылы Түркістан облысы, Кентау қаласында дүниеге келген. 2001 жылы №24 Т.Рысқұлов атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін, 2003 жылы Түркістан қаласындағы медицина колледжіне оқуға түседі. 2006 жылы аталған колледжді «Емдеу ісі» мамандығы бойынша бітіріп келіп, алғашқы еңбек жолын Кентау қаласындағы «Кентау Мед орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде ине егу бөлмесінде мейірбике қызметінен бастайды. Ол 2007 жылы өмірлік серігін жолықтырып, Байқоңыр қаласына қоныс аударады. Бүгінде Мөлдір берекелі шаңырақтың отанасы. Үлкен қызы – Айша 15 жаста, биыл 9-сыныпты бітіріп, мұғалім мамандығына оқуға түсуге талаптануда. Ұлы – Ернұр 14 жаста, кіші ұлы – Алинұр 10 жаста, ал Дина 7 жаста. Олар Байқоңыр қаласындағы №275 мектепте оқиды. Өмірлік жары Ерлан қазіргі таңда тіршілік қамымен Лондон қаласында жұмыс істеп жүр. Отбасында төрт баланың анасы атанған өз ісінің маманы Мөлдір өзінің жайдары мінезімен ұжымдастары арасында сыйлы жан. Ол күнделікті колледж қызметкерлерінің сұрауымен қан қысымын өлшеп, басы ауырып балтыры сыздаса дәрі-дәрмегін беріп, алғашқы көмегін көрсетеді. Колледж студенттеріне денсаулық сағаттарын өткізіп, ауырған сәтте көмек қолын созады.
– Медицина саласы әрі қиын, әрі қызықты сала болғандықтан әрине әртүрлі жағдайлар болып тұрады. Адам тағдыры бей-жай қарайтын жайт емес, сондықтан әрқашан мұқият болуға міндеттіміз. Сабырлылық танытып, әр науқастың жағдайын жасауға тырысып бағамыз. Денсаулық – адам баласы үшін баға жетпес байлық. Сол баға жетпес байлықты сақтау үшін дұрыс тамақтанып, зиянды әрек еттерге бармай, салауатты өмір салтын сақтағанымыз жөн, – дейді медбике Мөлдір.
Расымен де, медбике – денсаулық сақтау саласының негізгі қозғалтқыш күші. Емделушіге психологиялық тұрғыдан демеу көрсетіп, мейірімділік танытып, тезірек айығуына көмекші болады. Олар қызмет барысында ұйымдастырушылық, ғылыми-зерттеушілік, оқытушылық секілді қағидаларды басшылыққа ала отырып, жұмыс істейді.
Арқалаған жүгі ауыр салада қалтқысыз қызмет етіп, мейірімділік пен жылылықтың символына айналып, игі қызмет жасап жүрген медбике ісі қашанда сый-құрметке лайықты деп білеміз. Себебі, әрбір жанға медициналық көмек көрсетуде дәрігермен қатар, медбикенің атқарар рөлі зор. Гиппократ антын қабылдап, міндетін мінсіз атқарушы медбикелердің мәртебесі әрдайым үстем болсын.