Kyzylorda-news.kz. Медбике, мейірбике, мейіргер... Қалай атаса да – ол науқасқа мейірімін төгуші болып қалады. Медбике науқастың емделу барысындағы жай-күйін бақылайды. Сондықтанда мейірбикелік күтім маманның кәсіби дайындығын, оның науқасқа қамқоршы болуын міндеттейді. Бір сөзбен айтқанда, мейірбике – мерейлі мамандық.
Әрбір берген дәріні «ем болсын» деп табыстап, науқасқа күлімдеп тұрып, көмек көрсетіп, еммен ғана емес, сөзбен де шуақ сыйлай білу – нағыз кәсіби медбикенің ісі, сондай мерейлі медбикенің бірі – Косыгина Лидия Маратқызы.
Косыгина Лидия Маратқызы 1979 жылы 28 тамызда Қызылорда қаласында дүние келген. Қызылорда медициналық колледжіне 1996 жылы түсіп «Мебдике ісі» мамандығын бітіріп шыққан. Еңбек жолын 2001 жылы психоневралогиялық ауруханада мебдике қызметінен бастаған ол 2009 жылы қалалық ауруханада қызмет етті. Кейін 2012 жылдары «Сенім» емханасында мейірбике қызметін атқарып, 2018 жылы облыстық онкология орталығының паллиативті күтім бөліміне ауыстырылып бүгінгі күнге дейін ұжымда абыроймен қызмет атқарып келеді.
Дәрігер науқасты тексеріп, тағайындауын жазып берген соң, әрі қарай бар жұмысты медбике орындайды. Егуін жасайды, дәрісін уақытылы береді, төсек-орын, ас-ауқаты, хал-ахуалын күні-түні бақылап, науқасқа қарайтын Косыгина Лидия – бұл қызметті де тез меңгеріп, дертіне шипа іздеп келген жандарға өз көмегін аямай жасап, алғысына бөленіп келеді.
Бүгінде 24 жылға жуық бір салада еңбек етіп келе жатқан кейіпкеріміздің жетістіктері де бір төбе. Ол бірнеше рет салалық басшылық тарапынан және аудандық, облыстық марапаттар мен алғыс хат иегері. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын Лидия Маратқызының әріптестірінің арасындағы беделі де биік.
Бала кезден медицина саласында еңбек етуді армандаған ол өз ісінің маманы. Дертіне дауа іздеген жандардың сүйікті мейірбикесі.