Kyzylorda-news.kz.  Денсаулық сақтау – қоғамның әлеуметтік өмірінің маңызды саласы. Бірнеше рет қайта құруларды басынан кешіріп,  алдағы  уақытта да дамытылуы жоспарланып отырған ұлт денсаулығы – еліміздің ұлттық саясатының басты бағыттарының бірі болып табылады. Ал денсаулық сақтау саласын жандадыруда сала мамандарының қызметі мен еңбегі ерен. Ақ халатты абзал жандар әркез ел құрметіне, халықтың ыстық ықыласы мен қандай марапатқа да лайық.

Осы ретте облыс деңгейінде медицина қызметкерлері күніне орай мерекелік іс шара өтті. Арнайы жиында аудандық аурухананың терапия бөлімшесінің меңгерушісі Жакупова Айгүл Қарсаңқызы  «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар аудандық емхананың лаборатория меңгерушісі Ермағанбетова Сара Маханбетқалиқызы және Шаған дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелік дәрігері Өмірбаева Алтынай Наушабайқызының кеудесіне «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі салтанатты түрде тағылды. Қиындығы мен қызығы мол салада ұзақ жылдан бері өнімді еңбек етіп, тұрғындар алғысына бөленіп жүрген ақ халатты абзал жандар марапат төрінен көрінді.

– Бүгінгі мерейлі мерекеде, маңызды басқосуда арнайы медальмен марапатталған әріптестеріміздің барлығы да өз ісінің мықты мамандары, өз жұмысының білгірлері. Халықтың алғысына, көптің ризашылығына бөленіп жүрген жандар. Ақ халатты абзал жан деген атқа лайық, Гиппократ антына адал қызметкерлер. Талай өмірді ажалдан арашалап, талай тұрғынның еміне шипа тауып, алғысын алған мамандар. Әріптестерімнің бүгінгі марапаты нағыз еңбектің лайықты марапаты деп сеніммен айта аламын.  Ақ халатты абзал жандарды лайықты марапаттарымен құттықтай отырып, дендеріне саулық, отбасына амандық, қызметте табыс пен абырой тілеймін, – деп әріптестеріне тілектестік білдірді Сырдария аудандық ауруханасының бас дәрігері Жалғасбек Үсенов.

Денсаулық – зор байлық. Денсаулық сақтау ұйымдарының жаңа заман талабына сай әрі қолжетімді болуы маңызды. Сырдария ауданында бүгінде денсаулық сақтау саласын дамыту жан-жақты қолға алынып келеді. Осы ретте, ауданға қарасты Асқар Тоқмағамбетов, Қалжан ахун, Іңкәрдария ауылдық емханаларына күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын айта кету орынды. Аталған ауылдық емханаларда ішкі жұмыстар бойынша ішкі есіктерін орнату, электр желілері және жылумен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейік, қос ауылдағы құрылыс жұмыстарын «Ахат+ГС» ЖШС, ал Іңкәрдария ауылдық емханасының жөндеу жұмыстарын «Жылу ХХІ» ЖШС жүргізуде.

Сондай-ақ аудан әкімінің ауылдық округ тұрғындарымен кездесуі кезінде көтерілген медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелері шешім тауып, аудандық аурухана тарапынан Аманкелді дәрігерлік емханасына ВА200 биохимиялық анализ анықтайтын аппарат жеткізілді. Аудан орталығынан шалғай орналасқан Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді және Бесарық ауылдық округі тұрғындары биохимиялық қан талдауларын Аманкелді дәрігерлік емханасына келіп тапсыра алады.

Ауданымызда халық денсаулығын жақсарту, медициналық қызмет сапасын арттыру, халықты қолжетімді медицинамен қамтамасыз ету, профилактикалық медицинаны дамыту мақсатында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылып, оңтайлы шешім табуда. Бұл бағыттағы жұмыстар үнемі назарда болады.
 

Тағы да оқыңыз: