Kyzylorda-news.kz Қызылорда медициналық жоғары колледжі 2024 жылдың сәуір айында Латвия мемлекетіндегі Рига медициналық колледжімен Евроодақ деңгейіндегі меморандумға отырды. Осы меморандум аясында былтыр 2 желтоқсанда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаков Латвия елінде өткен халықаралық конференцияға қатысты. 

Іс-сапар барысында медициналық білім мен тәжірибе алмасу мақсатында  Латвияның емдеу мекемелерінде болды. Ондағы пациенттерді және олардың туыстарына күтім жасауы  және арнайы күтім шараларын оқыту әдістері ерекше қызығушылық білдірді.

Биыл наурыз айынан бастап колледжде Латвия Республикасының 1-Рига медициналық колледжінің озық тәжірибесі негізінде "Пациенттерді және олардың туыстарына күтімді оқыту" атты арнайы мектеп ашылды.

Аталған мектептің басты мақсаты – емделушілер мен олардың жақын туыстарына ауру кезінде немесе одан кейінгі күтімді тиімді әрі дұрыс ұйымдастыру жолдарын үйрету. Бұл бастама халықтың медициналық сауаттылығын арттырып қана қоймай, сондай-ақ науқастардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған.

– Үстіміздегі жылдың сәуір айында екі жақты келісім нәтижесінде Рига-1 медициналық колледжі Латвия Университетінің лекторы, Ригадағы 2 аурухананың мейіргерлік күтім бөлімшесінің аға мейіргерлері Mg.sc.sal.Инга Приеде және Mg.Pead.Сэндия Шпацс-Дагэмен  және көпбейінді даму жөніндегі маманы Илзе Вациете колледжімізге келіп, емхана мейіргерлеріне және колледждің мейіргер ісі пәнінің оқытушыларына дәріс өтіп тренер сертификатын берді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен кесте жасалып, колледж оқытушыларынан жасақталған тренерлераймақтағы барлық емханалардың мейіргерлері және науқастар мен оларға күтім жасайтын жақындары да оқытылуда. Бұл мектеп – халықаралық тәжірибе мен отандық медициналық білім беру жүйесінің ұтымды үйлесімі. Латвиялық әріптестеріміздің қатысуымен жүзеге асқан жоба кәсіби күтім мәдениетін дамытып, қоғамдағы медициналық жауапкершілікті арттырады. Пациенттерге және олардың туысқандарына төсек режиміндегі науқас күтімін, тағайындалған дәрілерді дұрыс қолдану туралы ережелерді, эргономика, инсульт, деменция т.б. диагнозы бар науқастардың реабилитациясын үйрету жұмыстары жүргізілуде. Бұл көмекті тікелей стандартталған пациенттерде ғана емес, виртуалды шынайы ортада жасалған әдістемелер бойынша да жүргізіп жатырмыз. Қазіргі таңда 15 пациенттің өздерін және туыстарын оқыттық, – деді Қызылорда медициналық жоғары колледжінің директоры Жанар Қалмақова.

Мектеп аясында жалпы күтім көрсету негіздері (гигиена, тамақтану, қозғалыс режимі), созылмалы және егде жастағы пациенттерге күтім, паллиативтік көмек негіздері, психологиялық қолдау көрсету дағдылары, үй жағдайында күтім ұйымдастыру ерекшеліктері сынды дәрістер өткізіледі.

– Күйеуім 8 ай бұрын инсульт алған болатын. Содан бері төсек режимінде. Біз 1-поликлиникаға қараламыз. Сол жақтың дәрігерлері осындай арнайы мектеп құрылғанын және сол жақтан төсек режиміндегі пациенттерге күтім жасау жолдарын үйрететінін айтты. Мен ойланбастан осында келіп, арнайы дәріс алдым. Маған қатты ұнады. Барлығын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Енді алдағы уақытта күйеуіме үй жағдайында ешкімнен көмек сұрамай, өзім күтім жасайтын боламын. Осы бастамаға арқау болған облыстық денсаулық сақтау басқармасына және де Қызылорда медициналық колледж ұжымына алғысымды білдіремін, – деді қала тұрғыны Гүлнар Серікбекқызы.

Сабақтар тәжірибелі мейіргерлер мен педагогтардың қатысуымен, теориялық және практикалық түрде өтеді. Арнайы тренингтер мен шеберлік сағаттары да қарастырылған. Мектеп жұмысы халық арасында күтім сапасын арттыруға, медицина қызметкерлері мен пациент туыстары арасындағы серіктестікке жол ашуға ықпал етеді.

Мед.колледж 2.jpeg

Тағы да оқыңыз: