Kyzylorda-news.kz. «12 мамыр – халықаралық медбикелер күні» қарсаңында медицина саласында өзіндік орны бар мектеп медбикесі қызметін абыроймен атқарып жүрген маманмен әңгімелескен едік. Көп жылдан бері Сырдария аудандық емхана мен кенттегі білім беру мекемесінің арасын жол қылған Лариса Оспанова – өз ісінің майталманы.
Ұзақ жылдан бері денсаулық сақтау саласында өзіндік орнын қалыптастырған мектеп медбикесінің қызметі қай кезде де қауырт. Негізінен ақ халатты абзал жандардың тәуліктің кез келген уақытында науқас адамға алдымен жететін жанның бірі десек артық айтқандық болмас. Сондықтан қиындығы мен қуанышы қатар жүретін мамандық иесіне қандай құрмет көрсетілсе де лайықты.
Үнемі білікті маман ретінде әрітестерінің ортасында даралана білетін Лариса Оспанова осыдан 53 жыл бұрын Тереңөзек кентінде дүние дидарын ашқан. Есімі Сырдария ауданына етене таныс, Ұлы Отан соғысының ардагері Шәкі Оспанов пен зайыбы «Батыр ана» Қарақас Оспанова Ларисаның ата-анасы. Көп балалы отбасында Ларисамен бірге 11 перзент тәрбиеленген. Болашақ медицина маманы Лариса Шәкіқызы аудан орталығындағы бұрынғы М.Калинин, қазіргі №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейді тәмамадаған.
«Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі» деген сөз бар. Адам жанының арашасы бола білген медицина мамандығына оқып, маманданғанына еш уақытта өкінген емеспін. Мектепте сегізжылдықты бітірген соң 1989 жылы Қызылорда медициналық училищесінің «Медбике ісі» мамандығы бойынша диплом алдым. Еңбек жолым аудандық аурухананың терапия бөлімшесінен басталды. Алғаш жас маман ретінде осы бөлімшеде тәжірибе жинап, науқасқа ем-шара жүргізіп, дәрігердің нұсқаулығы бойынша жақсы жұмыс істеуді үйрендім. Кейіннен отбасылық жағдайға байланысты Қарағанды қаласына қоныс аудардық. Үлкен қалада жүріп облыстық клиникалық ауруханасының «Нефрология» бөлімшесінде қызмет еттім. Сонан соң туған жерге қайта оралған сәтте №6 "Ботакөз" балабақшаның медбикесі қызметін атқардым. Төрт жыл көлемінде іргелі ұжымды басқарған меңгеруші Қазына Жақыпбекова әрбір қызметтің қыр-сырын үйрете білді, – дейді медбике Лариса Оспанова.
Иә, бала бақша, мектеп медбикесі бола білу – қиынның-қиыны. Осыдан 19 жыл бұрын қазіргі №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектепке қызметін ауыстырған Лариса Оспанова өз саласына қатысты мәселелердің шешілуін оңтайлы жолмен қарастырады. Әрине, 340 оқушы мен мектеп ұжымының әрбір мүшесінің денсаулығын күнделікті жіті бақылау зор жауапкершілік жүктейді.
«Мектеп табалдырығын аттаған әрбір оқушымен жұмыс жасаудың өзіндік қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Мектеп медбикесінің жұмысы өте күрделі. Күнделікті міндетімізге, жұмысымызға профилактикалық тексеріс-тен өткізу, гигиеналық тазалыққа жауап беру секілді бірнеше бағыттағы қызмет кіреді. Балалардың аурушаңдық белгісіне көз жеткізіп, дәрігерге жолдаймыз. Әрине, осы қызметте жүргелі мектеп директорлары Гүлнұр Божанова, Мұрат Төлегенов, Ләззат Палымбетова, Айнұр Әлиевамен қызметтес болағаныма дән ризамын. Әр жылдары маған қолдау көрсеткен мектеп басшылығына алғыс айтамын», – дейді Лариса Шәкіқызы.
Біздің кейіпкеріміз өзінің сүйікті мамандығымен қатар отбасылық өмірді назардан тыс қалдырған емес. Дүниеге 4 перзент әкеліп, отағасы Бердібек Мұсаевпен бақытты ғұмыр кешуде. Үйдегі отағасы зайыбының мамандығы күрделі екеніне түсіністікпен қарап, үнемі қолдау көрсетіп отырады.
Бұл күні балтыры сыздап, ауырмайтын жан кемде кем. Қазір ауру жас таңдамайды. Үлкен де, кіші де түрлі дертке шалдығып, оның емін іздеп әлек. Дегенмен кез келген дертке шалдықпау үшін адам саламатты өмір салтын ұстануы керек. Оған қоса экологияның, дұрыс тамақтанудың әсері де бар. Сондықтан мектеп медбикесі оқушылармен күнделікті осы мәселелерге байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізуді әдетке айналдырған. Ал ерте кезден баланың бойын¬дағы сырқатты анықтау Лариса секілді мамандардың тікелей міндетіне кіреді.
Өз жұмысына аса жауапкершілкпен қарайтын тәжірибелі медбикені кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!
