Kyzylorda-news.kz. Жастайынан ақ халат киген дәрігерлерді көрсе, сүйсіне қарайтын қаршадай қыз осынау мамандық иесі болуды армандаған жанның бірі. Замандастары мен ұстаздары бұл мамандықтың қиын екенін қаншама рет айтқанмен, өз шешімінен бас тартпаған бүгінгі біздің кейіпкеріміз Анар Әбілдаева мектепті үздік бітіріп, өзінің армандаған кәсібіне таңдау жасайды.
№246 мектепті бітірген соң 1990 жылы Торғай облысы, Арқалық қаласындағы медициналық училищенің фельдшер факультетіне оқуға түсіп, оны 1993 жылы бітіріп шығып, 2018 жылға дейін қаладағы №6 емханада аймақтық мейіргер болып жұмыс істейді. 2018 жылдан осы кезге дейін емхананың аға патронаж мейіргері болып қызмет атқаруда. Әр жылдары еткен еңбегі еленіп, қала әкімінің алғыс хатымен, облыстық денсаулық сақтау басқармасының құрмет грамотасымен марапатталған. Жергілікті емделушілердің мейірімді мейіргерге айтар алғыстары көп.
«Анар елгезек – жауапты, білгір маманның бірі. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса, осы бір ақкөңіл жанға жүгінеміз. Аймақ мейіргері болған кезде өзіне тиесілі үйлердің бәріне барып үлгереді. Ауырып барған адамның көңілін тауып, жылы сөйлеседі. Өте білімді, өз ісінің шебері Анарды жауапкершілігі жоғары болғандықтан №6 емханаға аға мейіргерлік қызметке тағайындады. Қарамағында бірнеше мейіргер жұмыс істейді. Бұл қызметті де Анар мүлтіксіз адал атқарып келе жатқанын естіп отырмыз. Қызметіне табыс, отбасына амандық тілеймін», – дейді КБИ шағын ауданының тұрғыны Ақсәуле Атабаева.
Емделушілер мейіргердің еңбегіне жоғары баға беріп отырса, бұдан асқан бақыт бар ма?! Бүгінде Анар өз отбасында қадірлі ана, әзиз әже. Өмірге 1 ұл, 2 қыз әкеліп, балаларына жоғары білім беріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, құрмет төрінен көрініп, жарасымды жанұяның отанасы мен шырақшысы болып, үлгілі отбасының ұйытқысы болып еңбек етуде. Біз де осы бір ақ халатты абзал жанға абырой мен бақ тіледік.