Жыл сайын мамыр айының 12-інші жұл­­ды­зында халық­аралық мейірбикелер күні ата­лып өті­леді. Бүгін дәрі­гер­дің се­німді се­рігі болған мед­бике жайлы қалам тербемекпіз.

 

Kyzylorda-news.kz. Менің кейіпкерім Алтынкүл Тасбергенова 38 жыл маңызы мен жауапкершілігі мол медицина саласында аянбай еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мейірбике. Осынша жыл Асқар Тоқмағанбетов ауылының тұрғындарына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан ол адамның басты байлығы – денсаулық екенін айтады.

Бала кезінен адам жанының жанашыры болып, ақ халат киюді армандаған Алтынкүл Смағұлқызы 1963 жылы Шаған ауы­лында дүниеге келген. Гиппократ антына адал мейірбике 1980 жылы №37 мектепті тәмәмдайды. Мектеп бітірген соң үш жыл құрылыс саласында «Жастар бригадасында» жұмыс жасайды. Бала күнгі арманының орындалу жолында 1983 жылы Қызылорда қаласындағы медициналық колледжге акушерка мамандығына түседі.

– Алғашқы еңбек жолымды 1986 жылдан бастап ауданға қарасты Іңкәрдария ауылында акушерка болып бастадым. Сонан кейін төрт айдан соң Асқар Тоқмағанбетов ауылына ауыстырды. 2001 жылдан бастап жалпы тәжірибелі мейірбике болып жұмыс жасап келемін. Өмірлік жолдасым Нұрлан Бәйтәжиевті осы ауылдан жолықтырып, бірге шаңырақ көтердік. Бүгінде 3 баланың анасымын. Отбасымыздың тірегі, балаларымның әкесі ерте өмірден қайтты. Мен үшін ауыр соққы болды. Бірақ балаларымның келешегі үшін өз-өзімді қолға алдым, – дейді инесімен талай жанның дертіне дауа, еміне шипа сыйлаған медбике А.Тасбергенова.

Бүгінде жергілікті халықтың денсаулығына алаңдап жүретін мейірімді мейірбикеге ауыл тұрғындары ұдайы алғыстарын білдіріп жатады. Алғыс арқалаған аяжанның еңбегі еленіп, әр жылдары арнайы марапатқа ие болды. Атап айтар болсақ, Қызылорда облысы әкімінің «Алғыс хатымен», Сырдария ауданы әкімінің «Алғыс хатымен», ауыл әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталуы – ақ халатты абзал жанның адал қызметінің жемісі.

– Жауапкершілігі мол саланың қызық­шылығымен қатар өзіндік қиындығы бар. Акушерка болып жүрген жылдары бір әйелді үйден босандырып алған кезім әлі есімнен кетпейді. Ол кезде қыс мезгілі болатын. Күн қатты аяз, жер тайғақ, көлігіміз күннің суығынан оталмай қалған болатын. Сол кезде ана мен баланың денсаулығына алаңдап, қорқыныш сезімі бойымды билеп алған болатын. Аллаға шүкір, ана мен баланы аудандық перзентханаға аман-есен жеткіздік. Халыққа қалтқысыз қызмет көрсету, антқа адал болу біздің адами және қызметтік парызымыз, – дейді өз ісінің майталман маманы.

Дертіне шипа іздеген нау­қастың ден­саулығына дә­рігермен бір­дей жауап­кершілікпен қарайтын ден­саулық жана­шырының бірі – мейірбике екені даусыз. Өз ісінің маманы, талай жанның дертіне шипа бола білген Алтынкүл Тасбергенованы жұмысына сәттілік тілеп, мерекесімен құттықтаймыз!

Тағы да оқыңыз: