Kyzylorda-news.kz. Соңғы 18 жылда Сырдария аудандық ауруханасына қарасты «Балалар» бөлімшесінде ем алған әрбір бүлдіршін мен жеткіншек тәжірибелі медбике Шарапат Айтанның мейірімді шапағатын көргені мәлім. Үнемі шапшаң қимылымен жұмысты ұтымды үйлестіре білетін сала маманы – көптеген ата-ананың алғысын арқалаған.
Негізінен, Шарапат Шайзадақызы Ақжарма ауылында 1970 жылы дүниеге келген. Ауылдағы мектептен білім алған ол – мейіргерлік мамандықты киелі Түркістан қаласындағы оқу орнынан меңгерген. Ең алғаш еңбек кітапшасына «Жан сақтау» бөлімшесінің медбикесі деген басшылықтың пәрмені таңбаланады. Міне, 1992 жылдан бері білікті медбике аудан медицинасында абырой биігінен көрінуде.
– Шын мәнінде, бала денсаулығына байланысты көптеген тұжырым бар. Сәби күнінен аурушаң келетін науқасқа күтім жасауда ұқыптылық керек. Жауапкершілікті сезінген адам бала күтіміне бей-жай қарамайды. Бұл ретте, кәсіби мереке қарсаңында барша әріптесті қуанышты сәтпен құттықтаймын! Ұжымда тек жақсылық атаулы көп болып, өскелең ұрпақ ауырмаса екен, – деді сала маманы.
Жалпы, Шарапат Айтан 1993 жылы ауыл шаруашылығы саласының маманы Есенкелді Маханбетжановқа тұрмысқа шыққан. Бүгінде ерлі-зайыптының 4 перзенті жоғарғы білім алып, ата-ана үмітін ақтауда.