Kyzylorda-news.kz Кеше Қызылорда медициналық жоғары колледжінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Искаков Олжас Ермекұлының төрағалығымен мәртебелi маман иелері - аймақтың орта буын медицина қызметкерлерi мен ардагерлерi арасында дөңгелек үстел өткізiлдi.
Әлемде қанша мамандық болса, олардың әрбірінің адам үшін маңызы зор. Әйтсе де, адам жанының арашасы болған ақ халатты абзал жандардың, оның ішінде мейіргерлердің орны ерекше екені рас.
Мейірбике болу мәртебелі әрі жауапты мамандық екені баршаңызға белгілі. Саламызда медициналық көмектің тұрғындарға 70-80 пайызын мейіргер көрсетеді, яғни халықтың денсаулығы жолындағы күресте облыс халқына медициналық қызмет көрсететін 11335 орта буын мамандарының жауапкершілігі орасан.
Жиында аймақтың бас дәрігері Олжас Ермекұлы алдымен медицина саласының ардагер мейіргерлерi Алпысова Калия Аязқызы және Серiкбаева Айбарша Көпешқызы, Қайырбаева Күләйхан Төреханқызына Қызылорда облысының "Мейіргерлер iсi" ассоциясының төс белгісін табыстап, өзге 12 мейіргердi Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының "Алғыс хатымен" марапаттап, жауапты да адал еңбектерiне алғаусыз алғысын білдірді.
Одан соң отырыс медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымдарындағы аймақтық мейіргерлердің жұмысын қараумен жалғасты.
Дөңгелек үстел отырысын кiрiспе сөзбен бастаған басқарма басшысы кезектi одан әрi баяндамалар легiне бердi.
"Дәлелдi мейіргерлiк нұсқаулық - сапалы мейіргерлiк күтім кепiлi" тақырыбында Қызылорда медициналық жоғары колледжінiң мейіргер iсi негіздерi пәнінiң оқытушысы, мейіргер iсiнiң магистрi Салтанат Жұмағұлова баяндаса, патронажды қызметінің әмбебап прогрессивті моделі бойынша №6 қалалық емханасының патронаж мейіргерi Үкiтай Айнағұлова, "Ауруды басқару" бойынша №3 қалалық емхананың аймақтық мейіргерi Жадыра Кәрiбаева, "Көп салалы ұжым жұмысындағы БМСК мейіргерiнiң рөлі" бойынша №1 қалалық емхананың бас мейіргері Нұргүл Аманжолова, "Аймақтық мейіргер жұмысының бiр саласы - денсаулық мектебi" тақырыбында №4 қалалық емхананың салауатты өмір салтын қалыптастыру маманы Жамила Махмудова баяндады.
Сондай-ақ, дөңгелек үстел барысында аймақтық мейіргерлердің жұмысын жоғары дәрежеде жүруіне қазіргі таңда қандай проблемалық мәселелер кедергі жасап отырғаны да талқыланды.
Жиын барысында одан бөлек ардагер мейіргерлер кейінгi орта буын медицина қызметкерлерiне өз бiлiмдерi мен тәжірибелерiмен бөлiсiп, шараға шақырып, әрiптестерi арасында мерейлерiн өсiрiп марапаттап, құрмет көрсеткен өңiр бас дәрігеріне ризашылықтарын бiлдiрiп тарқасты.