Kyzylorda-news.kz  Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді. Ақ халатты абзал жандардың еңбегін тек кәсіби мереке немесе атаулы күнде ғана елеу орынсыз. Әр күні науқас жанына шипа сыйлауға арналып, көпшіліктің алғысына бөленіп жүрген жандар әркез құрметке лайық.

Кейіпкеріміз Ләззат Әлімбетова – Сырдария аудандық аурухананың күндізгі стационар бөлімшесінің аға мейірбикесі. Бөлімшедегі тазалықтан бастап келген науқастарды тіркеу, қабылдау, ем-шаралардың уақытылы орындалуын қадағалау білікті маманның негізгі қызметі. Әдетте ем қабылдаған әрбір науқас үшін ем-шараның жүйелі жүргізілуі, бөлімшенің жанға жайлы атмосфера сыйлауы өте маңызды.

Қалжан ахун ауылында дүниеге келіп, кішкентай күнінен ақ халат киіп, адамдарға көмек көрсетуді арман еткен Ләззат Қызылорда медицина училищесіне оқуға түсіп мейірбике мамандығын тәмәмдайды. Алғашқы еңбек жолын Тереңөзек аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесінен бастаған. Бұл жылдар кейіпкеріміз үшін тәжірибе алаңы болғаны рас. Еңбекке енді араласқан бойжеткен білім ордасында алған теориялық білімін іс жүзінде жетілдіріп, аға буын тәжірибесін өзіне үлгі еткен.

– Осы саладағы еңбек өтілім қырық жылға таяп қалыпты. Кейінгіге бұрылып көз салсаң, уақыттың зымырап бара жатқанын аңғаруға болады. Еңбек жолым жұқпалы аурулар бөлімшесінен басталып, кейін аудандық емханада балалар аяжаны ретінде жалғасты. Одан соң эндоскопия кабинетінде, саламатты өмір салтын қалыптастыру кабинеттерінде жұмыс жасадым. 2010 жылдан бері күндізгі стационар бөлімшесінде жұмыс істеп келемін, – деген бірінші санатты мейірбике қызмет жолында аға буыннан үйренгені көп болса, қазіргі таңда өзі алдыңғы буын ретінде жас мамандарға білгенін үйретуден шаршамайтынын айтты.

Аурухананың күндізгі стационар бөлімшесінде ем алушылар саны көп. Әдетте ем алуға яки жұмыс бабымен бара қалсақ, емделушілердің көптігін аңғаруға болады. Көпшілік, расында, Қайрат Жоламанұлы басқарып отырған бөлімше жұмысына ризашылықтарын білдіреді.

– Дәрігерлерге алғысым шексіз. Жас келген соң әрине денсаулығымызға күтіммен қарау қажеттігі туындайды. Осы ретте күндізгі стационар бөлімі бізге тиімді. Күндіз ем-шарамызды қабылдап, үйімізге қайтамыз. Жақсы сөз жанға демеу екені де рас. Бөлімнің аға мейірбикесі Ләззат бар, медбике қыздар – барлығының жүзінен мейірім лебі аңғарылып тұрады. Инесімен бір, жылы сөзімен бір жанымызға шипа сыйлайды. Бөлім жұмысы алға баса берсін, – деп шынайы ризашылығын білдіреді ем алушы Гүлстан Яссауи.

Сала мамандарына ақ тілек, ризашылығын, алғысын арнайтындар жетерлік. Бұл білікті мамандардың өз ісінің хас шебері екенін анық аңғартады. Сондай-ақ кейіпкеріміз басшылық тарапынан да жоғары марапаттарға ұсынылып, еңбегінің жемісін көріп келеді. Атап айтар болсақ, Ләззат Тұрарқызы «АMANAT» партиясының, аудандық аурухана кәсіподақ ұйымының, облыстық денсаулық сақтау басқармасы кәсіподақ ұйымының алғыс хаттарымен марапатталған. Өткен 2023 жылы Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің алғысына ие болғанын да айта кету орынды.

Қызметте білікті маман, абыройлы әріптес Ләззат Әлімбетова – отбасында ардақты ана, аяулы жар. Жолдасы Ғани – халық баласын білім мен ілімге үйретіп, ұстаздық жолды таңдаған азамат. Отбасындағы үлкен қыз Мөлдір әке жолын қуып ұстаздық қызметті абыроймен атқарып келеді. Ал қыздың кішісі Назерке ана жолымен жүріп, қазіргі таңда №3 қалалық емханада терапевт болып жұмыс істейді. Үйдің кішісі Азамат нағыз азаматқа тән халық тыныштығына жауапты саланы таңдаған, өрт сөндіруші.

Тағы да оқыңыз: