Kyzylorda-news.kz. Кейінгі жылдары медицина ғылымындағы, жалпы саладағы жаңашылдықтармен қатар бұрын естіп-білмеген дерттердің түрі көбейгені жасырын емес. Бұл саланы дамытудың стратегиялық, басқа да жоспарларын ұдайы жетілдіріп отыруды талап етеді. Бір ғана коронавирус инфекциясы таралуының мысалы көп жағдайға көзімізді жеткізді.
Бүкіл әлемді тарының қауызына сыйғызған індет бірінші байлығымызды бағалай білуге үйретті. Медицинаның бастапқы, алдын алу, стационарлық, жедел жәрдем, тағы басқа желілеріндегі жетпес тұстар көзге айқын көрінді. Құрылысы аяқталған Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде аудандық емхана ғимараты, шалғай елді мекендердегі медицина нысандары, олардың медициналық құрал-жабдықтармен толықтырылуы, жедел жәрдем көліктерінің жаңаруы осы олқылықтардың орнын толтырады деп отырмыз.
Оған қоса өңірдің жедел және шұғыл қажеттілігі, Арал аймағы үшін маңызы ескерілген нысан – Қызылорда қаласынан бір ауысымда 100 келуші қабылдайтын емханасы бар 300 төсек орнына арналған көп бейінді аурухана (онкологиялық бөлімшемен) құрылысын бастауға алдағы жылға 750,0 млн. теңге бөлінді. Бүгінде конкурс рәсімдері жүргізілуде.
Алдағы жыл – «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасына старт берілетін жыл. Ол бойынша 27 нысан, атап айтқанда 24 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет, 1 медициналық бекет салынбақ, 16-сы келесі жылдан бастау алады. Қызылорда қаласындағы Қан орталығының құрылысы жалғасады.
Ана мен бала денсаулығы – медицинаның ең өзекті әрі көкейтесті мәселесі. Ана мен бала өлімі көрсеткіші төмендетуге күш садамыз. Кейінгі
3 жылда, мәселен 2020 жылы 12 жағдай, 2021 жылы - 9, 2022 жылдың
11 айы бойынша 6 жағдай тіркелді. Ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстардың арқасында соңғы 11 айда сәби өлімі төмендеді.
Ана мен сәби өлімін барынша төмендетуге арналған кешенді іс-шаралар жоспары бекітілген. Босану ұйымдарының медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі 84,97%, тағы 500 млн. теңгеге ИВЛ, УДЗ аппараттары, баканализатор, лапароскопиялық ота жасайтын аппарат, отоакустикалық эмиссиямен толықтырылды. Саланың 500-ге жуық маманы білім жетілдірді.Перинаталдық орталықтың артық жүктемесін азайту үшін жүктіліктің физиологиялық ағымы бар әйелдерді емдеуге арналған
50 төсектік қосымша ғимарат, қауіп тобындағыларға кеңес беру-диагностикалық бөлімі ашылды, катамнездік кабинет өз жұмысын жалғастыруда.
(2022 жыл қорытындысы "Сыр бойы" газетінде жарияланған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтің мақаласынан үзінді)
