Kyzylorda-news.kz. Негізінен, медицина саласында оториноларинголог  маманының қызметі рөлі зор.  Аталған мамандық иесі мұрын, тамақ және құлақ ауруларын зерттеуге және емдеуге машықтанған дәрігер ретінде белгілі. Бірақ, бұл тек жай үш орган ғана емес, адам денесінің үш маңызды жүйелері саналады. Сондықтан осы салада жұмыс істейтін дәрігердің терең білімі мен ерекше дағдылары болуы керек. Өз кезегінде Сырдария аудандық емханада білікті маман иесі  Гүлнұр Жорабаева бар екенін айта кетейік. 

Кәсіби маман  1989 жылы Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында дүниеге келген. 2006-2012 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина университетінде «Емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алған. Бұл ретте, жас маман 2012-2013 жылдары Қызылорда облыстық ауруханасында интернатурадан өткен. Негізінен, ақ халатты абзал жан 2013 жылдың тамыз айынан бастап Айдарлы амбулаториялық емханасында жалпы тәжірибелі дәрігер болып еңбек жолын бастаған.

Ал 2014 жылы №5 Алматы қалалық ауруханасында «Оториноларингология» мамандығын меңгерген. Қазіргі таңда аудандық емханада Лор дәрігері болып қызмет атқаруда.

– Өз басым медицина саласын таңдағаныма өкінбеймін. Оңтүстік өңірден Сыр еліне келін болып түскенімде  өз мамандығым бойынша қызмет ете бастадым. Ауданнан шалғайда орналасқан Айдарлы ауылында жергілікті халықтың денсаулығына жіті көңіл бөлдім. Жалпы, «Оториноларингология» мамандығы медицина саласының күрделі қызметінің қатарына кіреді. Үнемі біліктілік жетілдіріп отыру керек. Құлақ, тамақ, мұрын секілді адамның мүшелері өте нәзік келеді.  Сондықтан шағымданған науқастарды мұқият зерделеп, ем-дом жасауға барымызды саламыз. Кей жағдайда науқастарға ота жасайтын кездер жиі кездеседі. Аурудың потологиясын ерте анықтап, ауруханаларға жолдама береміз. Біз қашанда антымызға адал болып, ел игілігі жолында еңбек ете береміз. Бүгінде аудандық емханада мамандандырылған дәрігерлер жеткілікті. Тынымсыз еңбектің арқасында аурушаңдық деңгейін азайтамыз, – дейді білікті дәрігер. 

Айта кетейік,  кәсіби маман Гүлнұр Жорабаеваның жолдасы –Ермек те, медицина саласының маманы. Үйдегі отағасы стамотолия саласында қажырлы еңбек етіп келеді. Жалпы, жарасымды жұптар секілді бір салада жұмыс жасайтын ақ халатты абзал жандар баршылық.  Өз кезігінде  біліктілігі жоғары мамандарды  кәсіби мерекемен құттықтай отырып, қызметтерінің жемісін көріп, ұлт саулығы жолында аянбай еңбек етіп, биік белестерді бағындыра беріңіздер демекпіз.

 

 

Тағы да оқыңыз: