Kyzylorda-news.kz. №3 Қызылорда қалалық емханасының алдын-алу және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету бөлімі қызметкерлері арасында «Медициналық этика және деонтология» тақырыбында семинар өтті.
Дәрігер үшін де, орта буын медицина қызметкерлері үшін де ең басты қағида - адамгершілікті, ілтипатты мейірімділікті сақтай білу. Дәрігер мен орта буын медицина қызыметкерлерінің адам баласының денсаулығының сақшысы екенін қас қағым сәтке де ұмытуға қақылары жоқ. Ішкі мәдениеті үйлескен дәрігер мен медбикелер ғана сырқат жүрегіне жол тауып, адам жанының арашасы бола алады. Тән жарасы мен жан жарасының шипагері бола білген адам ғана нағыз дәрігер, мейірбике деген атқа лайық бола алады.
Ол үшін әрбір дәрігердің, әрбір мейірбикенің көп ізденулері, білімі мен мәдениетін көтерулері қажет. Этика адамдар мен адамдардың арасындағы адамгершілікке толы қарым-қатынастардың озық үлгілерін, жақсы дәстүрлерін оқытатын қағидалар жиынтығы. Халқымыз ежелден адамгершілік, инабаттылық, сыйластық сияқты асыл қасиеттерді өз бойына сіңіріп және ардақтап келеді. Адам өмірге келгеннен кейін өзара сыйласу - баршаға ортақ қасиет. Тіршілік иелерінің ішінде адам санасымен ерекшеленеді.
Медициналық этика - медициналық қызметкерлердің жұмысындағы гуманизм көрінісі, дентологияның теориялық негізі болып саналады. Медициналық дентология дегеніміз - медицина қызметкерінің адам баласы алдындағы, қоғам алдындағы атқаруға тиіс кәсіптік парызы мен өтеуге тиіс борышын оқытатын ілім. Семинарда осы тақырып тілге тиек болды. Медициналық этика және деонтология қағидаларын қатаң сақтау қажеттігі туралы жан-жақты айтылды.
