Kyzylorda-news.kz. Бостандық, бірлік, тұрақтылық, өркендеу секілді құндылықтардың арқасында қол жеткізген тәуелсіздік – біздің басты байлығымыз. Туған өлкеміз Сыр өңіріндегі денсаулық сақтау саласындағы өзгерістер, өрлеуі мен құлдырауы, еліміздің тәуелсіздік тұсындағы қайта қарыштауы менің көз алдымда өтіп келеді.
Жасыратыны жоқ, 1990 жылдардың бас кезінде облыста халықтың аурушаңдығы етек ала бастаған болатын. Әсіресе, әлеуметтік мәні бар аурулардың көрсеткіші жоғарылап кетті. Медицина мекемелерінің құрылысы немесе күрделі жөндеуден өту мәселелері тұралап қалған. Әйелдердің туу көрсеткіші төмендеп, халықтың демографиялық көрсеткіші азая бастады. Дәрігерлер мен орта буын мамандар саны кеміді.
КСРО-да медицина тегін болды, дәрігердің еңбегі сыйланбағандықтан үкіметтің дәрігерлерге бөлетін еңбекақысы да мардымсыз еді. Дәрігер заң алдында да, науқас алдында да қауқарсыз (құқықсыз). Медицина ресми түрде медицина қызметі саласына жатқызылып, яғни тұрмыстық қызмет жұмыскерінің қатарына теңестірілген (химиялық тазарту, жабдық жөндеу) болатын.
Дегенде, кеңес дәуіріндегі дәрігердің басты мақсаты науқастарды емдеу, сол мақсатқа жетуде бірінші кезеңде ар мен ұят тұратын. Қолында заманауи дәрі-дәрмек, жабдық, әдістер болмаса да, қоғамның құрметіне әркез ие болды.
Ашық қоғам болған соң, әртүрлі пікір қалыптасатыны заңдылық. Кейінгі жылдары облыстық денсаулық сақтау саласының дамуына байланысты емханалар мен ауруханалардан сапалы ем алу жылдан-жылға өсіп келеді. Атап айтатын болсақ, жүрек науқастарын емдеу, миға, буындарға және бүйрек ауыстыру мәселесі жолға қойыла бастады. Әрине, бұл жағдай медицина мекемелерінің қажетті заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуіне тығыз байланысты.
Мысалы жүрекке ота жасау Германияда 30 мың АҚШ доллары, Ресейде 12-15 мың доллар, Литвада 12 мың доллар. Ал бізде тегін, МӘМС есебінен төленеді. Сол сияқты құны жоғары басқа да күрделі оталар өзімізде кеңінен жасалып жатыр.
Емдеу орындарын қазіргі заманға сай жоғарғы технологиялық КТ, МРТ аппараттары науқастарға ми, қан айналымы кеселдеріне жедел түрде толық зерттеу мүмкіншілігін жүргізіп, емдеу тәсілдерін анықтауға зор пайдасын тигізуде. Бұл тәсіл облысымызда кеңінен пайдалануда.
Өздеріңізге белгілі 2009 жылы облыстық ауруханада кардиохирургиялық орталық ашылып, науқастарға коронография, артерияға стент қойылып, жүрекке ашық ота жасалуда.
Кейінгі жылдары өмір сүру ұзақтығы 72,8 жасқа жеткені қуантады. Өлім көрсеткіші азайып, жаңа туған нәресте өлімі төмендеп келеді. Әлеуметтік науқастар саны жылдан-жылға кемуде. Еліміздің болашағы ана мен бала денсаулығына байланысты мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Қызылорда қаласында салынып жатқан көпбейінді қалалық аурухананың жанынан екінші перинаталдық орталық ашылмақ. Аурушаңдықты анықтау тұрғысында скринингтік тексеруден өткізу жолға қойылып келеді.
Айта кететін жағдай, бүгінде Сыр өңірінде тұрғындардың медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру, денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен өңірімізде жалпы құны 11 млрд теңге құрайтын 27 нысан салу 2023-2024 жылдарға қарастырылған. Өткен жылы 16 дәрігерлік амбулатория іске қосылды, қалған нысандар осы жылы іске қосылатыны анық. Сонымен қатар құны 2 млрд 900 млн теңгені құрайтын «Қан орталығы» жұмысын бастайды, құны 36 млрд 400 млн құрамында онкологиялық бөлімшесі бар көпбейінді қалалық аурухана құрылысы басталып кетті.
Жақында облыстық перинаталдық орталықтың 70 орындық бөлімшесі облыстық көпбейінді аурухананың құрамында іске қосылды. Бөлімше жаңа аппараттарымен қамтамасыз етілді. Өңірімізде медицина саласында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Өткен жылы жедел жәрдем стансасы 100 процент көлікпен қамтамасыз етіліп, биыл облыстық медицина мекемелеріне 200 автокөлік сатып алынбақ.
Бұрынғы медициналық нысандарды күрделі жөндеуден өткізуге 700 млн теңге қарастырылып, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры кейінгі 2 жылда аймақтың денсаулық саласына 2 млрд теңге қаржы бөлді. Республикада біздің облыс үшінші болып онкологиялық скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз етілді. Мамандардың біліктілігін арттыру мәселесі назардан тыс қалған емес. Сонымен жоғарыда айтылған мәселелер, сөз жоқ, халқымыздың денсаулығын жақсартуға оң әсер ететіні, науқастарға сапалы көмек көрсетілетіні анық.
Облысымызда денсаулық сақтау саласына 2023 жылы 126 млрд 56 млн теңге бөлінсе, 2024 жылы 134 млрд 460 млн теңге қаржы қаралған.
Қазіргі уақытта дүниені ақша билеген заман. Ал ең үлкен ақша фармацевтикалық компаниялардың игілігінде. Бұл – наркотикпен, қару-жарақпен, мұнай және газбен тең келетін зор бизнес. Жыл сайын жаңа препараттар шығарылатыны сөзсіз. Науқас үшін әр таблетка – престелген 1-2 килограмм шөптен тұратын, концентратталған химиялық у. Әр таблетканың емдік қасиетімен қатар кері әсері болатыны белгілі. Түрлі ауру кезінде қабылданған дәрілердің көрсетілімдері толық анықталған.
Соңғы жаңалықтарға байланысты мен медицина саласының ардагері ретінде бірқатар мәселені алға тартсам деймін.
Облысымызда денсаулық сақтау саласы бойынша бірсыпыра жұмыстар жүргізіліп жатқаны жоғарыда айтылды.
Қазіргі кезде саланың материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға нығайып, жаңадан салынған емханалар мен ауруханалардың саны көбейіп келеді.
Оларды заманауи медициналық құралдармен қамту мәселелері біршама жолға қойылған. Осыған байланысты халық арасында аурушаңдық азайып, науқас көрсеткіштері төмендеп келеді.
Адамның басты байлығы –денсаулықты қорғау оңай шаруа емес. Дәрігер – қиын мамандық. Өлім мен өмір күресінің арасында еңбек етеді. Біздің ниетіміз де, басты мақсатымыз да – науқасқа дер кезінде, сапалы медициналық көмек көрсету.
Денсаулық сақтау қызметі жайлы бүгіндері аз айтылып жүрген жоқ.
Тәубе, қол жеткен жетістіктеріміз аз емес. Мемлекет, облыс тарапынан халық денсаулығын жақсарту мақсатында тұрақты қолдау көрсетіліп келеді. Ең керегі, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде көрсетілген кепілдендірілген медициналық көмекті республика бойынша әр адам, әр тұрғын пайдалануда.
Дегенде, бүгінде медициналық көмекке байланысты шешімін таба алмай жатқан сұрақтар да жеткілікті.
Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде стационарға жатып емделушілер саны жыл сайын қолдан шектеліп, барынша қысқартылуда. Онда тек негізгі қатаң дертін емдеу керек, басқа қосалқы ауруларын емдеуге құқы жоқ. Ол бөлімшеде қосалқы ауруларына дәрі-дәрмек қарастырылмаған, науқас өтінішін орындай алмайсың, қалтасынан шығаруға мәжбүр. Егер олай етпесек, қадағалау орындары айыппұл салып, науқасқа жұмсалған қаржыны кері қайтарып алумен шектеледі. Бұл жағдайда, дәрігер науқасқа заман талабына сай тиісті ем-домын жүргізуі екіталай.
Тағы бір түсініксіз жағдай, ауруханаға бір жылға ем-домға бөлінген қаржы он екі айға бөлініп, сол қаржыға қарап ауру санын реттеп отыруыңыз керек. Ал аурудың санын қалай алдын ала жоспарлауға болады? Бұған басыңыз ауырмасын, жоғарыда белгілеп қойған.
Мұның салдарынан ауруханаға жоспарлы аурулар саны кеміп, жоспарсыз түскендер саны артып келеді. Бұл жерде шешілмеген мәселелер бар.
Оған қоса кейінгі жылдары оңтайлау реттеліп, бөлімшелер біріктіріліп науқастарға сапалы көмек көрсету мүмкіншіліктері де шектелуде.
Көпшілік әлі күнге дейін түсіне бермейтін мәселе – аурухана мен емхана арасындағы жүріп жатқан портал, квота. Бұл да – дәрігерлердің жүйкесін жұқартқан мәселенің бір тармағы.
Қазіргі кезде денсаулық сақтау ісі халықтың көңілінен шығып жатыр деп айта алмаймыз. Оған себеп – науқастардың арыз-шағымдары. Мысалы облыстық денсаулық сақтау басқармасына 2023 жылы ғана 2583 арыз-шағым түскен, (2022 жылы 1989), яғни 29,8 пайызға көбейген.
Облыста жыл өткен сайын жеке медициналық орталықтар саны көбейіп келеді. Биыл 277-ге жетті, оның ішінде 83-і мемлекет қаржы есебінен.
Жекеменшік орталықтар керегі бар, тұрғындарға жақын әрі науқастарға уақытылы дәрігерлерге көрініп жеңіл-желпі ем-домын алуына ғана. Ал қатаң аурулар сөз жоқ, ауруханаларға жіберіліп жатады. Сапалы медициналық көмекті науқастар тек қана көпсалалы ауруханаларда ала алады. Оған қоса ауруханада науқастардың емделу мерзімі шектеулі емес.
Өткен жылы Ұлттық статистика бюросы әлеуметтік сауалнама жүргізді. Олардың зерттеуіне сәйкес, сауалнамаға қатысқан азаматтардың 56 пайызы жедел жәрдем орталықтарының қызметіне көңілі толмайтынын білдірген. Оған қоса емханалар тар, мамандардың болмауы, ұзын-сонар кезек, дәрі-дәрмек тапшылығы.
Айта кететін жағдай ХХ ғасырдың басына таман көптеген елдерде коммерциялық денсаулық сақтаудың жетілген секторы жұмыс істей бастады. Бірқатар елдерде тегін денсаулық жүйесі құрылды.
Осыдан келіп коммерциялық емес денсаулық сақтау саласына қарағанда емдеу ісінің негізін бұзатын жеке денсаулық сақтау секторларының кемшіліктері атап көрсетілді. Олардың ішінде дәрігерлердің коммерциялық қызығушылығы, тұрмысы төмен азаматтардың сапалы медициналық қызметке қолжетімділігі шектеліп, оның тек бағасы қымбат ем мен дәрілік препараттарды күштеп таңуға, медициналық этика мен Гиппократ антының бұзылуына жетелейтінін еске салды.
ХХІ ғасырда әлемнің көптеген елдеріндегі медициналық саланың жұмыс істеуі мемлекеттік секторды да, жеке медицинада да, мықты іргетас иеленгеніне, бірін-бірі үйлесімді толықтыратына куә бола алды.
Дегенмен, бұл екі денсаулық сақтау сегментінің арасында бәсекелестіктің көлеңке жақтарын табуға болатынын өмір көрсетіп келеді.
Медициналық көмекті бизнеске айналдыруға болмайтынын өмір көрсетіп отырған жоқ па? Қазіргі таңда жұмсалатын қаржының нәтижесі мен тиімділігі туралы сұраққа жауап таба алмай келеміз. Шығын көп, тиімділігі жоқ. Медициналық көмектің әр түріне байланысты шешімі табылмаған сұрақтар жеткілікті.
Қазақстанда қызмет көрсетудің сапасын, ұжым қадағалайтын және алға қойылған мақсаттарды дер кезіңде шешіп отыратын басқару жүйесі өз дәрежесінде емес. Қазір медицинаның қызметтік сапасы республикамызда бақылау мекемелері арқылы шешіледі. Бірақ сапа бақылау кезеңінде туындамайды, ол әр медицина қызметі кезінде пайда болады, ал сапаны бақылау қызметі – бұл жүйенің бір бөлігі ғана.
Медициналық сақтандыру жүйесі қоғамдық санаға өзгеріс әкелуімен қатар тиімсіз тұстары да аз болмай тұрған жағдайы бар. «Жаңа жүйенің басты міндеті қаржы көзі отандық медицина дамуына жұмсалады» делінген. Екіншіден, адамдардың өз денсаулығына деген жауапкершілігінде болса керек.
Таза мемлекеттік жүйе бірте-бірте азайып, алдымен аралас модельде жұмыс жасайды деген сөз. Біз дәл осындай аралас модельді жүйеде жұмыс атқарып жатырмыз. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласына көбірек қаржы беруді қолдайтынымыз шындық.
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. Халық МӘМС-тің қызметіне наразы, жұмысын қатаң сынға алып жатса да, баяғы «Әлімбайдың таяғы».
Мәселе әлеуметтік медицина сақтандыру қорына түскен қаржыны тиімді пайдалануда болса керек.
Міндетті медициналық сақтандыру қорын мойындатқан тәжірибе осыдан басқа жол жоқ деп түсіндірген болып жатыр. Неге болмасын? Әзірге жауап жоқ. Қазіргі таңда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу мемлекет үшін ең маңызды жоба болып тұрғаны жасырын емес. Қазақ елінде денсаулық сақтау саласында бір тұрақты жүйе – платформасы жоқ. Сырттан алып келген денсаулық сақтау жүйелері тамырсыз. Қолданыста жүрген сала жүйесіне талай сындар айтылғанымен өзгеріске ұшырамай келеді. Науқастарға қолайсыздығы соншалықты, жел қай жақтан тұрса, сол жаққа ауып кете береді. Сондықтан денсаулық сақтау саласы жүйесін қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшірудің тәртібін әзірлеген жөн, яғни, елдік жүйе керек, оған біздің мүмкіндігіміз бар, жеткілікті ресурстар да, қабілетті мамандар да табылады. Бұл халқымыз үшін де, дәрігерлеріміз үшін де өте маңызды деп білемін.
Бұл тұрғыда денсаулық сақтау саласы бұрынғы ҚСРО жүйесін қайталау деген емес. Халыққа тиімді болып жатса неге қайталамасқа?
1978 жылы Алматы қаласында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының конференциясында 134 ел қатысуымен кеңестік жүйені тиімді деп қабылдаған болатын.
Болашақты болжаушылар (фуртурологтар) ХХ ғасыр аяғында кез келген негізі бар ауруды жоюға қол жетеді, жасанды қан жасалады, қатерлі ісікке шалдыққандардың төрттен үші сауығады, торығулар, яғни депрессия жазылады деп есептеді. 2000 жылдардың бас кезінде қартаю үрдістерін тежеу, сондай-ақ өмір сүрудің орташа жасы шамамен 92 жыл болады деп болжады. Бұл сәуегейліктің ешқайсысы да өзін-өзі ақтамады.
Дегенмен, ішкі ауруларды емдеу ісінде көмекке трансплантация келді. Кейбір ішкі ағзаларды, буындарды, жілік майын, қан тамырларын ауыстыру мүмкін болды. Бұның бәрі біз қалағандай әрқашан тез бола қоймайды. Конфуций айтқандай «Болашаққа баяу қадамдармен ілесіп жүруге тура келеді». Әрине, денсаулық саласын модернизациялау қажет. Ол құқықтық ретте, механизмін жаңарту медициналық көмек көрсету жүйесін өзгертуді, сондай-ақ жоғары технологиялық көмекті дамытуды ұсынады.
Менің ойымша, денсаулық сақтау дамуында «Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі» елеулі орын алуы тиіс.
Дегенмен бұл жүйенің механизмдері толық шешілді деуге болмайды.
Дәрігер мәртебесін көтеріп, медицина қызметкерлерінің мүддесі қорғалуы керек. Бұл тек қоғамның ғана емес, шенеуніктердің де мүддесі болуы қажет. Бай адамдардың АҚШ, Германия, Швейцария, Қытай, Корея және тағы басқа елдерде ем алуға мүмкіндіктері бар болғанымен, инфаркт, инсульт, жол апаты жағдайларында уақыт шектеулі. Сондықтан, жеке өмірін сақтап калу мақсатында тұрған жерімізде медицина саласын нығайтуға олар да қаражат жұмсауы қажет.
Мен Еуропа елдерінде бірнеше рет болғанмын. Берлиндегі «Шарите» госпиталінде болып, таңу, ота жасау бөлмелеріне арнайы кіріп таныстым. Көзіңді тоқтату мүмкін емес. Әр манипуляцияға өзінің арнайы материалы бар.
Заманауи КТ медицина әдістері мен радиациялық зерттеу әдістеріне байқап қарау туралы дәрігерлерге де, науқастарға да әркез ескертілуде. Адам ағзасына зиян екеніне қарамастан, бұл әдістер кеңінен қолданылуда.
Компьютерлік томография дегеніміз не? Бұл бір мезетте 120 рентгендік суретке түсу деген сөз. Қысқа мерзімде компьютерлік томографияға бірнеше рет түсу, сәулелендіру алғанмен пара-пар, (РАН академигі Ю.Бузиашвили) яғни иммунитеттің күрт әлсіреуі әртүрлі ауруларды қоздыру, КТ-ға қатаң түрде тек қана дәрігердің нұсқауымен, 3-6 айда бір рет түсіру керек.
Денсаулық саласының өзекті мәселесінің бірі – саламатты өмір салтын қалыптастыру. Әр адамның өз денсаулығы өз қолында екенін тұрғындарға жеткізу негізгі мақсатқа айналды.
Бүгінде бәлкім, дерттің алдын алу үшін ең болмағанда төрт ұсынысты ұстану қажеттігін естімеген адам жоқ шығар. Физикалық белсенді болу, ұтымды тамақтану, зиянды әрекеттерден аулақ болу және жүйке жүйесін сақтау. Көрер көзге дүркін естілуі мүмкін, солай да болар. Бірақ қазіргі заманғы медицина денсаулыққа және ұзақ өмірге деген сенімділікті осы тұрғыдан көреді.
Дерттің алдын алудағы қозғалыс белсенділігінің пайдасы сөз жоқ, орасан зор. Денешынықтыруды дәріптей отырып, әсер етудің бұл күшті құралдарын жеке-дара денсаулықтың жай-күйін ескере қолдану қажет.
Аурушаңдықтың көбеюіне артық салмақ, семіздіктің әсері бар екені дәлелденген. Артық салмақ, бұрын егде адамдарда байқалатын болса, қазіргі заманда балалар арасында жиі кездесетін болды. Қимыл-қозғалыс азайған кезде, бірнеше аурудың түрі кездесетіні белгілі. Осы орайда, ата-аналар балаларды дұрыс тамақтандыру, іс-қимыл белсенділігін арттыру жолға қойылуы тиіс деп есептейді мамандар.
Дегенде, барлық дерт соңы науқастың толық айығумен аяқталмайды. Оның ондаған себебі бар. Медициналық қызметтің ақауы салдарынан адам өлімі немесе өміріне қауіп төнетін жағдай туындаса, онда бұл жағдай азаматтық әкімшілік, ал кейбір жағдайда қылмыстық іске жетелейді.
Қателіктер міндетті түрде болады, мәселе – жауапкершілікті арттырып, қайткен күнде қателікті болдырмау.
Бүгінде әртүрлі заттарды пайдаланатын көріпкел, әулиелер, саны көбейіп, халықтың санасын уландырып, науқастың ауруының онан әрі асқынуына себепкер болып жатқаны жасырын емес. Мәдениет пен білімнің еш толассыз астасқан тұсында өз денсаулығын және кейде өз өмірін тәуекелге душар ететін аңғал адамдардың табылуы қалай деген заңды сауал туындайды.
Кейбір жағдайларда науқастар тәуіпшілдік пен халықтық медицинаны шатастырып алған. Дегенмен соңғысын медицина ғылымы ешқашан жоққа шығармаған және оның прогресивтік мәнін ешкім теріс деп айта алмайды.
Бір нәрсе бізге анық, қандайда бір ауданда немесе қалада тәуіптік пайда болуы – сол жердегі медициналық көмектің кемшілік белгісі. Бұл – ащы да болса шындық.
Әсіресе, кейінгі жылдары көпшілік арасында дәрігерлердің біліктілігіне сын айта бастады. Орта буын медицина қызметкерлерінің де білімі оңып тұрған жоқ. Бүгінгі дәрігерлер құрметтен айырылған құқықсыз, шарасыз, сөзіме кешірім сұраймын ысырып тастауға, сатып алуға, «сен» деп қасына шақырып алатын жағдай да болады. Мұндай жағдайда кейбір дәрігерлер «сыйластыққа» өзі кінәлі. Себебі заманауи деген жеке медицина бір ғана мақсатқа ие – олжалы болу.
Бір нәрсе мазаласа, яғни денсаулығың жоқ болса, атақ та, билік те, данқ та керегі жоқ. Күні жақын адамдар бәріне де дайын.
Осы жағдайларға бір ғана себеп – дәрігерлердің ақылы білім алып жатқаны. Өйткені жеке жоғары және орта ақылы оқу орындарында ақша мәселесі шешілсе болды. Жеке кәсіпкерлерге білім емес ақша керек. Бұл енді шындық.
2020-2022 жылдар аралығында бүкіл дүние жүзіндегі халыққа қауіп-қатер әкелген «COVID-19» індеті бүгінде қайта түрленіп, «Омикрон» вирусына айналғаны белгілі болды. Бұл індетке мемлекетіміздің дайындығы қандай? Әлде қауіп үйреншікті жағдайға айналған сияқты ма? Шын мәнінде ұзақмерзімді торығу болуда, қайта толқын ықтималы жоқ емес. Өзгеретін жағдайларға бейімделу керек болатын шығар. Қауіпсіздік шараларын ұстану – басты міндет.
Дәрігерлерге жастық араша бола алмайды. Сондықтан, жастарымызды инициативтік алға тарту мінезі болуға тиіс. Сонда ғана профессионалдық қызмет көрсете алады. Адам мамандығының құлы болмай, еңбегінің құлы болмайды деген қағида бар.
Ащы болса да айтайын, «Талабы жоқ жас – қанаты жоқ құспен тең» деген дана халқымыз. «Адам баласының ең жаманы – талапсыздық» дейді Абай.
Қай салада болмасын, жағдай бір орында тұрмайды. Бұл жерде медицинада ұдайы жаңа идеялардың, жаңа тәсілдердің туындайтыны анық. Бұл ретте дәрігерлер үшін маңызды міндет емдік-диагностикалық процестің сапасын арттыру болып есептеледі және солай болып қала бермек.
Халықта «философия – ғылымның патшасы» деген, алайда бүйректегі тастан құтылу үшін сізге философ емес, уролог дәрігер керек. Дәрігерлік істе көптеген мамандандырылған бөліктер бір-бірімен астасып және түйісіп жатады. Бұл ең алдымен дәрігерден, одан кейін сырқат, әрі қарай әлеуметтік саяси жағдайлар.
Медицина саласында кемшіліктер аз деп айта алмаймыз. Бірақ, бір нәрсенің басын ашып айтуымыз керек. Бұл кеше, бүгін емес, осыдан бірнеше жыл бұрын туындаған, туралап келе жатқан сауалдар десек болады.
Біздің қай жерде тұрғанымыз маңызды емес, мәселе қай жаққа қарай бет алып бара жатқанымда болса керек.
Біздің арманымыз – еліміздің баянды болашағы, барлық тілегіміз жас мамандардың үлесінде. Олардың бақытты өмір сүріп, халыққа сапалы медициналық көмек көрсетіп, адал қызмет жасауын қалаймыз. Бұл – біздің үлкендік ақ тілегіміз. Мақаланың мақсаты да осы.
Тұрғанбай МАХАНОВ,
«Қазақстанға еңбегі сіңген дәрігер», облыстың Құрметті азаматы