Kyzylorda-news.kz.  Кеше Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай сала ардагерлерін қабылдап, құрмет көрсетті.

Мерекелік қабылдауда аудан басшысы денсаулық сақтау саласын дамытуда медицина қызметкерлерінің қажырлы қызметін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев саламатты қоғам қалыптастырып, дені сау ұрпақ өсіруде дәрігерлердің алар орны ерекше екенін атап көрсетті. Сіздердің еңбектеріңіздің өлшемі – өмірмен қайта табысқан адамдардың тағдырымен байланысты. Дәрігер – адам жанының арашасы, жер бетіндегі сан алуан кәсіптің ішіндегі ең ізгі мамандықтың иесі. Ал, оның иесі болу – үлкен мәртебе. Өңір медицинасының дамуында сала ардагерлері мен қызметкерлерінің елеулі үлесі көп. Сондықтан Сіздерге әркез құрмет көрсетіледі. Жақында аймақ басшысының қатысуымен өткен медицина қызметкерлері күніне орай салтанатты іс-шарада 50 жедел-жәрдем автокөлігі табысталған болатын. Оның 6-уы біздің ауданға берілді. Салтанатты іс-шарада жерлестеріміз марапат тұғырынан көрінді. Ұзақ жылдар денсаулық сақтау саласында еңбек еткен Сырлыбаева Фатима Байманқызы «Еңбек ардагері» медалімен және аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Жұмабаева Жанар Әшімқызы «Денсаулық сақтау саласының үздігі» медалімен марапатталды. Мереке құтты болсын! – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Қабылдауда аудан әкімі сала ардагерлеріне және денсаулық сақтау саласынан зейнетке шығып жатқан мамандарға «Құттықтау» табыс етіп, сый-құрмет көрсетті.

Іс-шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, медицина саласының ардагерлері Р.Садықұлы мен А.Арғынбаев мерекелік лебіздерін білдірді. 

Тағы да оқыңыз: