Kyzylorda-news.kz.  Сырдария аудандық ауруханасында «Медицина күніне» орай сала мамандарына құрмет көрсетілді. 

Іс-шарада аудандық аурухананың бас дәрігері Жалғасбек Тұрлыбекұлы әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтаған болатын. 

– Бұл күн денсаулық сақтау саласының барлық қызметкерлерінің еңбектері бағаланатын сәт деп білепмін.Әрқашан адам жанының арашасы атана білген сала мамандарының жұмысын жоғары бағалаймын. Сіздер әрдайым қалтқысыз қызмет етіп, ұйқысыз түндерді өткересіздер. Біз білімі жоғары, біліктілігі талапқа сай келетін мамандарды жастардың жол нұсқаушысы ретінде көреміз. Біздің ұжымның бірлігі жарасым тапқан. Кәсіби мамандар қашанда адамның өмірін аман алып қалуға барын салады деп білемін. Бұл ретте, Сіздерді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Қызметтеріңізді абыроймен атқарып, халық сеніміне ие болып жүре беріңіздер, – деді бас дәрігер.

Іс-шара барысында аурухана қойма меңгерушісі Темірбек Сәрсенбаевты зейнеткерлік демалысқа шығарып салу рәсімі  өткізілді.

– Медицина саласында бірнеше жыл қызмет атқара білдім. Тынымсыз еңбектің арқасында абырой биігінен көріне білдік. Әрине, медицина саласы өзінің күрделі қызметімен ерекшеленіп тұрады. Сала ардагерлерінің қатарын толықтырып жатқаныма қуаныштымын. Сіздермен ұжымда қызмет еткеніме дән ризамын. Қаншама уақыт қиындықтарды бастан өткердік. Денсаулық сақтау саласының жұмысын жандыруға күш-жігерімді арнадым. Негізінен, қойма меңгерушісі ретінде есеп-қисап жұмысын жүргізе білдім деп ойлаймын. Барша әріптестерді кәсіби берекемен шын жүректен құттықтаймын! Бас дәрігеріміз Жалғасбек Үсенов бастаған ұжымның биік белестерді бағындырғанын қай кезде де, қалаймын. Аудан медицинасы тұғырынан түспесе екен, – деді Темірбек Сәрсенбаев. 

Сонымен қатар, сала мамандарына аурухана кәсіподақ ұйымы ұйымдастырған мерекелік сыйлықтар табысталды.
Жиындасала ардагері С.Даужанов сөз алып,  сала қызметкерлеріне ақ батасын берді.

 

Тағы да оқыңыз: