Kyzylorda-news.kz. Медбикенің жұмысына ең қажет нәрсе – өз ісіне деген адалдық пен  науқастарға жауапкершілікпен қарау. Жалпы, мейірбике науқасқа ең жақын әрі қамқоршы адам. Сол себепті медбикенің өз мамандығына деген сүйіспеншілігі, алдына келген науқасқа жанашырлық танытуы бәрінен маңызды. 

Біз көбіне мебикелерді емхана мен ауруханада жиі кездестіреміз. Әйтсе де мектеп пен балабақшаларда еңбек ететін осы саланың мамандары елене бермейді. Мереке қарсаңында осы жолда аянбай еңбек етіп келе жатқан жанның бірі – Қармақшы ауданы, Алдашбай ахун ауылындағы №111 орта мектептің медбикесі Ботакөз Ұзақбаевамен тілдестік. 

Ол 1968 жылы Жаңақала ауылында дүниеге келген. Бала күнінен ақ халатты абзал жан болуды армандап, мектепті бітірген соң, 1989 жылы Қызылорда медициналық училищесіне фельдшер мамандығына оқуға түседі. Алғашқы еңбек жолын Майлыөзек ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункте бастайды. Кейінен ауыл орталығындағы мектепке жұмысқа орналасады. 20 жылға уақыт осы мектептің медбикесі болып абыройлы еңбек етіп келеді.   Бала күнінен жаны жабырқағанға қол созып, қамқор болуды санасына тоқып өскен Ботакөз мамандық таңдағанда жаңылыспағаны айтады.

– Қызығы мен қиындығы мол бұл мамандық өзіме ұнайды, талай жақсы адамдармен әріптес атанып, жұмыс істедім. Бұл салада ең бастысы, өз ісіңді жақсы көріп қана қоймай, төзімді болуы маңызды. Еңбек жолымда әртүрлі қызықтар да, қиындықтар да кездесті. Дей тұра мамандығыма деген адалдық ең бірінші кезекте тұрады. Дертіне дауа іздеген жандар өз алғысын айтқанда бар шаршағаныңды бірден ұмытып кетесің. Дертінен айығып, жақсарғанын көргенімде жұмысыма деген құлшынысым одан әрі арта түседі. Әлемдегі ең мейірімді мамандық иесі атанғанымды мақтан тұтамын. Қызметте қандай да бір жетістікке жетсем, ол осы қарапайым еңбегімнің жемісі деп білемін, – дейді медбике. 

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар. Бүгінде ақ халатты абзал жан мектеп оқушыларының саулығы үшін аянбай қызмет етуде. Қызметінде жемісті еңбек етіп, адамгершілігі мол маман болып қалыптасқан Ботакөз Медетбайқызы өмірлік серігі Әбілмажін екеуі құрған жарасымды отбасында бір қыз тәрбиелеп, одан немере қызығын көріп отыр.

«Медицина кәсібі – адамгершіліктің асылы» деп бекер айтылмаса керек. Біз де жүрегі жомарт, көңілі дария, науқастарға сөзімен де, ісімен де шипа бола білген мейірбан жүректі медбике Ботакөз Медетбайқызының алдағы уақытта да абыройы асқақтап, мерейі үстем болуына тілектеспіз.

Фото: ult.kz

Тағы да оқыңыз: