Kyzylorda-news.kz  Адам баласы болмысынан бір нәрсеге бейім, икемді келеді. Табиғат жаратылысының кереметтігі де осында болса керек. Жүрек қалауыңмен сүйікті ісіңмен шұғылданып, оны кәдеге жаратып, қоғамға пайдаңды тигізсең одан асқан бақыт та болмас.

Менің кейіпкерім Марал Ноғайбекова күнделікті жұмысында қиындықпен бетпе бет кездесіп, оны бір кісідей еңсеріп келе жатқан жан. Қиындық деп отырғанымыз күш пен білекті қажет ететін қара жұмыс емес, өмірге сәби әкелудегі жауапкершілік. Марал Тоқтарқызы – өз мамандығы арқылы ананың перзент сүюіне бірден бір себепкер болып жүрген ақ халатты абзал жан. Адам өмірі арпалысқан сәттің талай мәрте куәсі болған кездің әрбір секундың бес саусағындай біліп, көзінің алдынан өткізетін дәрігер Марал Ноғайбекова – аудандық аурухананың «Гинекология» бөлімшесінің меңгерушісі.

Ақ халатты абзал жан Марал Тоқтарқызы армандаған мамандығын меңгеру үшін алдымен медициналық колледжде оқиды. Өзі туып-өскен Талдықорған қаласындағы колледжді бітіргеннен соң, жоғарғы білім алу үшін Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің емдеу ісі факультетіне оқуға түсіп, оны 2007 жылы бітіреді. Осы оқу орнында интернатурадан ойдағыдай өтіп, жалпы тәжірибелі дәрігер мамандығын алады.

Болашағын медицинамен байланыстырған жас маман көп балалы отбасында туып-өсті. Оның тоғыз бірдей бауыры бар. Қажымұхан есімді інісімен егіз. Марал көп балалы отбасынан шыққан жалғыз дәрігер. Басқа бауырлары мұғалім, қаржыгер, заңгер, әскери қызметкер мамандығын меңгерген еліміздің азаматтары.

2005 жылы Сыр еліне келін болып түскенде Марал әлі студент болатын. Оқуын ойдағыдай аяқтауына оның жаңа отбасы – жұбайы мен ата-енесі көп қамқорлық көрсетті. Әрине, бұл жас отбасы үшін көмектің ең үлкені болғаны рас.

Мамандығы арқылы әріптестері арасында сүйіспеншілікке бөленген дәрігер әріптесі Нейла Әбішеваны, облыстық жетекші, жоғарғы санатты акушер-гинеколог Күләш Махантаева мен Алексей Хегайды мақтан етеді. Өз ісіне шын берілген жандардың әрдайым қолдау көрсетіп, тәжірибесімен бөлісуге, кеңес беруге даяр тұратын қасиетін жоғары бағалайды.

Бибісара ЖАНӘЛІ

Тағы да оқыңыз: