Kyzylorda-news.kz.  Дәрігер – кең ұғым, қастерлі мамандық. Ауырған сәтте адам жанына араша, кісі денсаулығы үшін жауапты болатын жандардың атқаратын жұмысы да ауқымды. Саланың қызығынан шыжығы көп десек те, дәрігерлікті жан қалауымен таңдаған жан үшін адамдарды емдеу ісі қуаныш сыйлары анық.

Өз саласын жүрек қалауымен таңдап, ақ халат киіп, адал қызмет етуді арман етіп, айқын мақсатына жеткен жандардың бірі – бүгінгі біздің кейіпкеріміз.

 Кішкентай кезімнен әкеме қарап бой түзеп, сол кісіге қызығып өстім. Дәрігер болуға деген қызығушылық әкемнің адал еңбегіне куә болуыммен басталды. Бұл салаға деген қызығушылығым сол, мектеп бітірісімен жоғарғы оқу орнына түскенге дейінгі аралықта кенттегі ауруханада операциялық санитарка, яғни кіші буын қызметкері болып жұмыс жасадым. Сол кездің өзінде мол тәжірибе жинап, ол менің кейінгі институттағы жылдарыма көп көмегін тигізді, – дейді Манат Садықова.

Манат Рүстемқызы – 1968 жылдың тумасы. Жалағаш ауданында дүниеге келген. 1985 жылы №36 орта мектепті тәмамдаған. Өз сөзінде айтып өткеніндей мектеп бітіре сала еңбекке араласқан. Екі жылдан кейін ғана Алматы мемлекеттік медицина институтына оқуға түскен. «Емдеу ісі» мамандығын 1994 жылы аяқтап, «дәрігер» квалификациясын алып шыққан. Ең алғашқы еңбек жолын кент ауруханасында инфекционист дәрігер ретінде бастаған. Кейін аймақтық дәрігер қызметіне тағайындалған ақ халатты абзал жан өзінің адал еңбегінің нәтижесінде түрлі бағытта абыройлы еңбек еткен. Терапия бөлімінің меңгерушісі, онколог дәрігер, бас дәрігердің орынбасары қызметтерін атқарып, 2017 жылы Сырдария аудандық ауруханасының бас дәрігері лауазымына тағайындалған. Кейін терапевт-консультант, инфекционист дәрігер қызметтерін атқара жүріп, халықтың алғысына бөленген. Манат Садықова аудандық ауруханада ВКК төрайымы қызметін биылдан бастап атқарып келеді.

Ақ халатты абзал жан – бір салаға негізделген түрлі бағытта елеулі еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтаған беделді маман. Қызметіне асқан жауапкершілікпен қарайды. Соның нәтижесінде зор беделге ие болып, еңбегінің өнбегін көріп келеді. Көркем әрі салмақты мінезімен айналасындағылармен тіл табысып, көпке көтеріңкі көңіл-күй сыйлай жүреді. Бұл туралы бізге Манат апайдың жанында жүрген әріптестері айтты. Жоғары біліктілігі бар жоғары санатты дәрігер осылай көптің алғысына бөленіп келеді.

Жалпы айтқанда, Манат Садықова дәрігерлер династиясының өкілі деуге негіз бар. Жоғарыда айтып өткеніміздей, әкесі осы салада беделді болған кісі. Кейінгі буынды айтпағанда, ауданда Рүстем Садықұлының есімін білмейтін жан кем болар. Ұзақ жыл медицина саласында еңбек еткен кейіпкеріміздің әкесі 1985-1999 жылдары Сырдария аудандық ауруханасының бас дәрігері қызметін абыроймен атқарған. Жауапты қызметке үлкен абыроймен, зор беделмен жеткенін Рүстем Садықұлының оған дейінгі жүріп өткен жолынан анық аңғара аламыз. Манат апайдың анасы Күміскүл апа да денсаулық сақтау саласында елеулі еңбек еткен. Бір өкініштісі, өмірден ертерек өтіп кетіпті. Рүстем Садықұлы – Сырдария ауданының Құрметті азаматы. Осындай құрметті, беделді азаматтың балалары мен немерелері де ата жолын жалғады. Дәрігерлер династиясына айналған отбасыдан шыққан ұл мен қыздар – бүгінде адам жанына араша түскен беделді қызмет иелері.

 Әкем үнемі бізге ақ жолмен, адал жолмен жүруді айтып отырады. «Тура жолдан тайма» деп өсиет етеді. Бақыттың байлықта емес, нағыз құндылықтың адам екенін жиі айтады. Жалпы еңбекте де, өмірде де әкемді ұстаз тұтамын, – дейді Манат Рүстемқызы.

Айта кетейік, кейіпкеріміздің өз балалары да медицина саласын таңдаған. Ұлы мен қызы ата-анасының мақтанына айналып отыр. Үлкені – қыз, Ақтөбе қаласында халыққа қалаулы еңбек етіп жүр, дәрігер. Ал ұлы медициналық университеттің 7-курс студенті. Келіні де осы саланы меңгеріп жүргенін айта кетейік. Манат апай бүгінгі таңда аяулы әже. Жолдасы Бек Үдербаев екеуі үш немеренің қызығын көріп жүрген бақытты жандар.

Манат Садықованың адал еңбегі басшылық тараптан ұдайы жоғары бағаланып, жоғарғы марапаттарға да ие болып жүр. Атап айтсақ, 2012 жылы «Медицина саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Одан бөлек «Сырдария ауданының 25 жылдығы», «Алтын дәрігер» медальдері кеудесінде жарқырайды. Сонымен қатар, облыс әкімінің, Қызылорда облыстық денсаулық сақтау саласының құрмет грамоталарына да ие болған.

Дәрігерлер династиясына айналған үлгілі отбасының алтын көпірін келешекке жалғап, көпке сыйлы, халыққа қалаулы қызмет етіп жүрген білікті маманды кәсіби мерекемен құттықтай отырып, шығармашылық табыс, зор денсаулық тілейміз.
 

Тағы да оқыңыз: