Kyzylorda-news.kz ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Ергешбаев «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмахановпен бірге Тереңөзек кентіндегі Паллиативті медициналық көмек көрсету бөлімшесінде болып, дәрігерлермен және ем қабылдаушылармен пікірлесті.

Нысанды аралауға Мәжіліс депутатымен бірге аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық мәслихат депутаты Алмас Есназар болды.

Мәжіліс депутаты тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету үшін Паллиативті медициналық көмек көрсету бөлімшесінің жұмысын жүйелі ұйымдастыру қажеттігін айтты.

– Әрине, көп мәселелер қаржыға және уақытты талап етеді. Келген азаматқа мұны түсіндіріп, заңнамалық тұрғыда кеңес беру керек. Әрбір нысаналы топқа бағытталған партиялық жобаларымыздың өз мақсатына сай жүзеге асуын қамтамасыз етуіміз қажет. Жасалған жұмыстар халыққа кеңінен насихатталуы керек. Біз келіп отырған бүгінгі нысан да біздің халыққа берген уәделеріміздің нақты іске асуының нәтижесі, – деді Мұрат Ергешбаев.

Айта кету керек, паллиативтік медициналық көмек көрсету бөлімшесі 60 төсек орынға арналған. Бөлімше тиісті мамандармен, қажетті медициналық құрал-жабдықтармен, дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен толық қамтамасыз етілген. Бейіндендірілген төсек орындары мен қызметкерлер «Ресурстарды басқару жүйесі» ақпараттық жүйесіне енгізілген. Паллиативті бөлімше ашылғаннан бергі соңғы 6 айда 340 науқас ем қабылдаған.

Тағы да оқыңыз: