Kyzylorda-news.kz Шетелдік жоғары оқу орындарында оқитын студенттер МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесін қалай ала алады, жұмыс істейтін студент үшін медициналық сақтандыру төлемі қажет пе? Осы және басқа да сауалдарға «Болашақ» университетінің оқытушылары мен студенттерімен кездесу барысында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының мамандары жауап берді.
Қызылорда облысында жоғару және орта оқу орындарында 35 мыңнан астам студент білім алуда. Олардың барлығы МӘМС жүйесінде сақтандырылған, сондықтан медициналық қызметтердің толық пакеті қолжетімді, деп атап өтті Қордың облыстық филиалының бөлім басшысы Ғалымжан Салықов.
Спикердің ақпараты бойынша, «МӘМС туралы» Заңның 26-бабына сәйкес, күндізгі бөлімде оқитын студенттер, МӘМС жарналары мемлекет есебінен төленетін азаматтардың жеңілдетілген санатына жатады. Сол себепті жұмыс беруші күндізгі бөлімде оқитын студенттер үшін жарналар мен аударымдарды төлеуден босатылатындығын атап өтті. Сонымен қатар, күндізгі оқу орнында оқитын студенттер жеке кәсіпкерлік немесе жалдамалы жұмысшы болса да, жеңілдік санатын сақтайды.
Шетелде оқитын студентті мемлекет есебінен сақтандыруға бола ма деген сұраққа спикер бұл үшін eGov порталындағы «Шетелде білім алатын студенттерді тіркеу» ақпараттық жүйесіне тіркелуін және мемлекеттік қызметін пайдалану қажеттігін айтты. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі өтінімді қарап, тіркеген соң, студенттер МӘМС жүйесінде автоматты түрде сақтандырылады. Оқу үрдісінің әр семестрінен кейін өз оқуын растап отыру маңызды екенін жеткізді.