Kyzylorda-news.kz. Егер сіз ұзақ мерзімді демалыста болсаңыз, жұмыс беруші МӘМС жүйесіне жарна төлеуге міндетті ме, еңбек мигрантының балалары медициналық сақтандыруда мәртебесін ала ала ма? Осы және өзге де сауалдарға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов жауап берді.
Ай сайын БЖТ төлеймін, сонда да «сақтандырылмаған» деген мәртебе беріледі, неге?
Сірә, өтініш берген сәтте ағымдағы ай үшін БЖТ төленбеген немесе алдыңғы үш ай ішінде олқылықтарға жол берілген. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңына сәйкес, сақтандыру мәртебесін алу үшін БЖТ-ны үш ай қатарынан төлеу қажет. Сонымен бірге, егер ол төртінші айда медициналық көмек алуға ниет білдірсе, онда ол ары қарай БЖТ төлеуі керек.
Мүмкін, адам техникалық себептермен жүйеден «шығып қалған» шығар. Ол үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүгіну қажет. Егер мамандар барлық жарналардың бар екеніне көз жеткізсе, мәртебесін қалпына келтіреді.
Еңбек мигрантының отбасы мүшелері жеңілдік санатын ала ала ма?
МӘМС жүйесіне қазақстандықтармен қатар Ресей, Беларусь, Армения және Қырғызстан азаматтары, яғни Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдер қатыса алады.
Егер еңбек мигрантының балалары Қазақстанда тіркелген болса, олар ұлттық білім беру деректер базасы жүйесіне енгізілсе, онда олар үшін жарналарды мемлекет төлейтін болады. Жүкті немесе бала күтімі бойынша демалыста жүрген әйелі де жеңілдік санатына жатады, бірақ ол әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тартылған жағдайда ғана. Егер әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тартылмаған болса, ол дербес төлеуші ретінде жарна төлей алады, сондай-ақ МӘМС-тің барлық қолжетімді қызметтерін пайдалана алады.
Егер шетелдік, мысалы, Италиядан болса, оған тек ақылы медициналық көмек көрсетіледі.
Ресми түрде жұмыс істейтін адам 56 күндік ұзақ демалысқа шықты. «Сақтандыру» мәртебесін сақтап қалу үшін МӘМС-ке жарнаныі қалай төлейді?
Сіздің жұмыс берушіңіз міндетті медициналық сақтандыру төлемдерін дұрыс бөлуі қажет. Егер демалыс бірнеше кезеңді (бір айдан астам) қамтитын болса, онда міндетті медициналық сақтандыру төлемдерін кезеңдерге бөлуі тиіс. Мысалы, сіз тамыз және қыркүйек айларында демалыста болды делік. Бұл жағдайда есепші төлемдерді бір сомада емес, екі түрлі кезеңге (тамыз және қыркүйек) есептеуі керек.
Егер сізде қосымша сұрақтар туындаған жағдайда, сіз емхананың анықтама қызметіне немесе өзіңізге ыңғайлы байланыс арнасы арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүгіне аласыз: fms.kz ресми сайты, 1414 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot.