Kyzylorda-news.kz Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалында бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарының және жеке клиникалардың өкілдерімен кездесу өтті. Басты мақсаты – «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңына енгізілген өзгерістерді түсіндіру және МӘМС жүйесі аясында алдағы ынтымақтастық мәселелерін талқылау.
Филиал директоры Жақсылық Абдусаметов реформаларды жүзеге асыруда БМСК ұйымдарымен және жеке сектормен әріптестіктің маңыздылығын атап өтті. Негізгі міндет – халықты МӘМС жүйесімен барынша қамту және сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен МӘМС-ті біріктіретін Бірыңғай медициналық көмек пакеті енгізіледі. Тұрғындар сақтандыру мәртебесіне қарамастан, әлеуметтік маңызы бар ауруларды ерте анықтау және онкоскринингтен тегін өте алады.
Сондай-ақ, бірқатар жаңа өзгерістер енгізіледі: жарналарды тұрақты төлеген азаматтарға 6 ай бойы «сақтандырылған» мәртебесі сақталады, аударымдардың жоғарғы шегі өзгереді және т.б. Барлық бастамалары медициналық қызмет жеткізушілерге жан-жақты түсіндірілді.
Ағымдағы жылы Қор филиалы 123 медициналық ұйыммен келісімшарт жасасты, оның 92-сі – жеке меншік.