Kyzylorda-news.kz. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сарапшылары тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жеткізушілер көрсеткен қызметтердің сапасы мен көлеміне тұрақты түрде мониторинг жүргізеді.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов хабарлағандай, 2023 жылдың 1 тоқсанда мониторинг нәтижелері бойынша сарапшылар 37 мыңнан астам ақауларды анықтады. Оның ішінде 15 млн теңгеге 3 501 көрсетілмеген қызмет көрсетілді деп жазылған. Салыстырар болсақ, 2022 жылдың 1 тоқсанында 6,5 мың ақау анықталды.
Медициналық көмек түрлеріне жіктеп айтсақ, 8 медициналық мекмелер бойынша жалған жазбалардың барлығы жан басына шаққандағы кешенді нормативтен тыс консультациялық-диагностикалық қызметтерге тиесілі (100%). Оның 7-і (87,5%) – мемлекеттік, 1-і (12,5%) – жекеменшік.
«Құқық бұзған» денсаулық сақтау субъектілеріне қатысты айыппұл санкциялары қолданылды.
Көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы тұрғысынан медициналық ұйымдардың міндеттемелері шарттық қатынастардың маңызды бөлігі болып саналады және Қор олардың орындалуын талап етуге құқылы.
Сондай-ақ Қор жеткізушілері тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері аясында көрсетілген медициналық қызметтерге ақы төлеу аталған қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізілгеннен кейін ғана жүзеге асырылатынын атап өткен жөн. Яғни, медициналық көмек көрсетудің стандарттары мен ережелерін, сондай-ақ клиникалық хаттамалардың ұсынымдарын сақтай отырып, құжатпен расталған ақылы қызметтер ғана төленеді.
Егер пациент жалған жазбаны өздігінен анықтаса, бұл туралы медициналық сақтандыру қорына хабарлауы қажет. Қордың fms.kz ресми сайтына, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы немесе 1414 телефонына хабарласып, шағым немесе өтініш қалдыруға болады.