Фото: zamandas.kz

Денсаулықтан асқан қадірлі дүние жоқ. Былайғы күнде қадіріне жетіп құнттай қоймағанмен, басқа іс түскенде бірінші байлық үшін бар дәулетті сарп етуге даярмыз. Ағза алмастыруға тізімге тіркеліп, ұзақ жыл күтетін жандардың шарасыз күйге түсуі тіпті қынжылтады. Себебі аты аталса, үрке қарайтын қоғам үшін трансплантация мәселесі дұрыс түсіндіру жұмыстары мен сауатты насихатты қажет ететінін көрсетеді.


Бүгінгі күні елімізде жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек, ұйқы безі транспланттанады. Деректерді парақтасақ, 2012 жылдан бастап 2379 транспланттау жүргізілген. Ал қазір 4 мыңға жуық адам ағзасын ауыстыруға зәру, оның ішінде 2023 жылғы жағдай бойынша 109 бала тағатсыз көмек күтіп отыр.

 Бұл орайда Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова ішкі ағза трансплантациясына рұқсат беру туралы бастама көтерген еді. Өйткені былтыр 320 адам кезек күте амалсыз ажал құшқан. Бұл бастамаға «Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың» директоры Сәуле Талғатқызы былай жауап берді. Маманның айтуынша, бүйректі ақшаға сату ДДҰ-ның адам клеткаларын, тінін жане органын трансплантациялау жөніндегі нұсқауына қайшы. Атап айтқанда, 5 басқарымдық қағидатта айтылған: «Тірі донордың клеткаларын беру тек ақысыз түрде жүзеге асады.

 Клеткаларды, тіндерді және органдарды тірі донормен немесе қайтыс болған науқастың туыстарымен сату немесе сату туралы түсетін ұсыныстарға қатаң тыйым салыну керек. Сонымен қатар транспланттау ҚР бірқатар нормативтік құқықтық актілерімен реттелетініне көңіл аудару қажет және оны бұзу жауапкершілікке әкеледі. Қылмыстық кодекстің 116 бабына сәйкес, адам органын транспланттау немесе басқа да мақсаттарда заңсыз алынуы, немесе мәжбүрлеп алынуы, сонымен қатар тірі адамның органына қатысты заңсыз келісім шарт жасалуы 6 жылдан бастап 10 жылға дейін бас бостанды­ғынан айырумен жазаланады.


– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, орган саудасы ұйымдасқан қылмыстың бір түрі және адам құқықтарының қатаң бұзылуына әкеледі. Бүйректі сатуға рұқсат беру бұл мәселені айтарлықтай ушықтыруы мүмкін. Сонымен қатар көптеген донор бүйректі алып тастаудың кәсіби емес және қауіпті процедураларының құрбаны болуы ғажап емес, бұл ауыр асқынуға, тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Осылайша, трансплантация үшін бүйректі сатуға рұқсат беру проблема тудыруы мүмкін және ол орган тапшылығын шешудің ең тиімді жолы емес. Оның орнына халыктың донорлық туралы хабарын арттыру, трансплантацияны ұйымдастыру жүйесін жетілдіру, сондай-ақ медицинада заманауи технологияларды қолдану сияқты басқа әдістерге назар аудару керек, – дейді Сәуле Талғатқызы.


Осы орайда тағы бір мәселенің шеті шығады. Көз жұмған адамның ішкі ағзасы бірнеше науқасқа өмір сыйлайтынын мамандар үнемі айтып жүр. Алайда марқұмның туыстары мұндай қадамға бара бермейтінін назарға алу керек. Сәйкесінше, сау ағзаға мұқтаж жандар донор көмегін бірнеше жыл күтуіне тура келеді. Біздегі орташа статистика бойынша, 5-6 жыл күтуі мүмкін. Өйткені мүрдеден донорлық жасауға біздің менталитетке байланысты бәрі келісім бермейді. Ал бұған дейін осы мәселеге қатысты бірнеше пәтуа шығарған мүфтият кейінгі кезде донорлықты құптайтынын насихаттады.


– Негізінде әрбір адам ағзасын басқа адамға беру арқылы соның денсаулығын, өмірін сақтап қалуға үлес қосады, ол үлкен сауапты іс болады. Демек, ислам діні адам ағзасын өзге адамға көмек ретінде беруді қолдайды. Тек, тиісті шарттарға сай келу керек, – дейді имам Тілепберген Жәкиев.


Ең бастысы, ағза сатылмайды. Донордың келісімі немесе көз жұмған жанның туыстарының рұқсаты болу шарт. Бүгінде елімізде түрлі факторларға байланысты көптеген адамдар трансплантацияны қажет етеді. Бірақ өзгеге ағза беру мәселесі қоғам тарапынан дұрыс қолдау таппай отыр. Соңғы мәліметтер бойынша, Қазақстанда 1718 адам бүйрек, 66 адам жүрек, 565 жан бауыр алмастыруды күтіп отыр. Алайда оларға қажетті ағзаның қашан табылатыны белгісіз. Өйткені еліміздегі донор банкінде бұл ағзалар тапшы.


Екі мәрте Денсаулық сақтау министрі болған Жақсылық Досқалиев трансплантация саласы 2017 жылға дейін елде қарқынды дамыды, бірақ сол жылы үлкен шу шығып, «заңсыз ағза ауыстырды» деп айыпталған дәрігер-транс­плантологтардың ісі Қазақс­тандағы трансплантация саласының дамуына кері әсер етті деген пікірде.


– Қазір тірі адамнан бауырдың жартысын алуға болады, екі бүйректің біреуін алуға болады. Бауырдың трансплантациясы, ол да сол 2012 жылы басталды. Мәйіттен алуға, тірі адамнан да алуға болатыны сол заңда көрсетілді. Осы тәсіл 2017 жылға дейін елде дамыды. Сол тұста екі дәрігер істі болып қалды, «тірі адамнан алады екен, ойлайтыны тек ақша» деп. Депутаттардың құлағына жетіп, заңды өзгертті де тастады. Бұрын заң бойынша, егер де адам өзінің ықыласын білдірмесе, мәйіт болғаннан кейін, ешкімнен сұрамай, ағзаны мәйіттен ала беретін еді. Заңды өзгерткеннен кейін адам тірі кезінде рұқсатын берсе де, бермесе де, ағзасын туысқан­дарының қолхатынсыз алуға болмайды деген заң шықты. Осының кесірінен қазір мәйіттен жылына бір не екі ағза ғана алады. Кім жеңді бұдан? Қоғам ұтылып қалды. 4 мыңға таяу адам кезекте тұр, мұқтажы одан да көп. Оның өзі операцияға жарайды дегендегісі. Жылына екі мәйіттен ғана ағза алынатын болса, санаңыз оған қай жылы кезек келетінін. Қолданыстағы заңнаманы өзгерту қажет. Өйткені осы саладағы қыруар қаржыға алынған базалық жабдықтар мен мамандар тиісті мақсатта жұмылдырылмай келеді, – дейді хирург.


Қоғамда ағза мүшесінің донорлығына оң көзқарас қалыптастыру – денсаулық сақтау саласындағы маңызды мәселенің бірі. Сол себепті трансплантацияны үйлестірушілер бұл бағытта ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жалғастыруда. Қазақстандықтар өзі қайтыс болғаннан кейін ағза доноры болуға ықтияры бар-жоғын көзі тірісінде gov.kz порталында жазып көрсете алатынын да айту керек. 2020 жылдан бері порталда 18 мыңға жуық өтінім тіркелген екен, оның ішінде 17 мыңнан аса адам донорлықтан бас тартса, мыңға жуығы келісім берген деген дерек бар.

Мөлдір Қалымбет

Тағы да оқыңыз: