Kyzylorda-news.kz  Егер қандай да бір науқасқа шалдығатын болсақ, алдымен маңдай тірейтін жеріміз медицина орталығы болса, ол жерде міндетті түрде дәрігер мен медбикенің қарауынан өтеміз. Бірі – ауруды түп тамырымен жою үшін диагноз қоюға ілім-білімін сарқыса, бірі – оның әрі қарайғы ем-домына, қадағалау іс-шараларына, сынама, қан анализдерін тапсыру секілді қызметтеріне басымдық береді. Сол себепті де кейде дәрігер мен медбикенің қызметін бір-бірінен бөліп қарау жөнсіздей көрінеді. Әлбетте екеуінің мойнына жүктелген жауапкершілік екі түрлі болғанымен, екеуінің де илегені бір терінің пұшпағы. Осы ретте науқасымен бірге «ауырып», онымен бірге «жазылатын» мейірбикелік жұмыстың жүгін арқалап жүрген ақ халатты абзал жандардың қызметіне тоқталмақпыз. Оның ішінде ауылдық жерлерде қызмет көрсететін дәрігерлік-амбулаториялардың халық денсаулығы үшін жасап жатқан еңбегін дәріптеуді жөн көрдік. Мұндай игілікті істі Қармақшы ауданы, ІІІ Интернационал ауылына барған сапарымызда амбулаториядан ем қабылдап жүрген науқастардың сала қызметкерлерінің атына жолдаған жылы лебіздерінен байқаған болатынбыз. Оның қатарында осы мекемеде бірнеше жылдан бері абыройлы еңбек етіп келе жатқан ақ халаттының бірі – Лаура Ералиева да болған-ды.

Ол Қармақшы ауданына қарасты Жаңажол ауылындағы үлгілі Ералиевтер отбасында өмірге келген 4 баланың тұңғышы. Әкесі Төлеу Ералиев «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас агрономы әрі аудандық мәслихаттың депутаты болса, анасы Зада Қошқарова тәрбиеші болып еңбек етеді. Орта мектепті ойдағыдай бітірген жас қыз 2005 жылы Қызылорда медициналық колледжінің «Мейірбике ісі» мамандығына оқуға түсіп, оны сәтті аяқтап шығады. Одан соң теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, облыстық психоневралогиялық ауруханасында еңбек жолын бастайды. 2013 жылы ІІІ Интернационал ауылына келін болып түскен ол Ғалымжан Ақылов есімді азаматпен шаңырақ көтереді. Отбасылық жағдайға байланысты ауылдағы дәрігерлік-амбулаториясына жұмысын ауыстырады. Қазір берекелі шаңырақта ата-ене және 4 ұл-қызымен бақытты өмір сүріп жатқан жайлары бар. Жары да медицина саласынан алыс емес,  аудандық аурухананың қаржыгері.

Жас адам қашан да еліктегіш келетіні бар ғой. Лаураның да медицина саласына деген іңкәрлігі бала кезінен басталғанға ұқсайды. Ол оны өзі күлімсіреп былайша жеткізеді. 

– Өмірлік таңдауға теледидардың да әсер ететінін айтқым келеді. Жалпы таңертеңнен кешке дейін көгілдір экранның алдында отыратынның санатынан емеспін. Дегенмен, маған көптеген телесериалдың арасынан өзіме сондай жақын әсер еткен бір фильм болды. Ұмытпасам, «Лайф» клиникасы" ғой дейімін. Фильмде дәрігер, медбикелердің жұмысы қарбаласып, түрлі жағдайда ауруларға көмек  көрсетіп жатады. Онда адамгершілік, кәсіби шеберлік пен адам тағдыры талқыға түсіп жатады. Оған дейін де медицинаға қатысты деректі, танымдық контенттер көретінмін. Бірақ осы фильмнен соң түбегейлі шешім қабылдап, медбике болуды таңдағанымды айтқым келеді. Оған қоса, медицина саласында жұмыс істейтін әпкем бар еді. Сол кісіге де еліктейтін едім. Жанына шипа іздегендерге екпе салып, дәрі шанышқанда бұрынғыдан да бетер мейірбике болғым келіп кететін.  Салада қызмет етіп, шешім қабылдауыма осы нәрселер түрткі болды, – дейді жас маман.

Мейірбике бүгінде дәрігерлік-амбулаторияда химизатор болып жұмыс істейді. Қарапайым сөзбен айтқанда, өкпе ауруына қарайтын медбике. Ауылдағы науқастардың уақытылы рентгенге түсуі, егер де рентген қорытындысы дұрыс болмаған жағдайда анализдерін тапсыртып, оны қадағалау – Лаураның тікелей жауапкершілігінде. 

«Қанатсыз құс, армансыз адам болмайды» дегендей, жас маманның да алдына қойған арман-мақсаты толайым. 

– Келекшекте де осы жұмысымды жалғастырып, дертке шалдыққан жандарды тексерістен өткізіп, өкпе ауруының алдын алу іс-шараларын жүргізе беретін боламын. Ең бірінші мақсатым – ауылдың тұрғындарына адал қызмет етіп, алғыстарын алу. Ауырған жандардың сауығып кетуіне себебімді тигізу. Осы мақаланы пайдаланып, дәрігеріміз Зульфия Алдажарқызына, аға медбике Бақыткүл Меңлібаеваға және аға буын өкілдері – Рабиға Аманова, Афида Мададова және ұжымдағы басқа да апайларыма шын жүрегімнен алғысымды айтамын, – дейді Лаура Төлеуқызы.
 

Тағы да оқыңыз: