Kyzylorda-news.kz Қазалы ауданында жаңа аурухана салынып, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Ондағы Ангиограф аппараты Қазалымен бірге Арал, Қармақшы аудандары және Байқоңыр қаласы тұрғындарына да қызмет көрсетеді. Денсаулық сақтау ордасындағы кардиология бөлімінің меңгерушісі, кардиолог дәрігер Ләззат Жұбанова жаңадан құрылған ұжымды ортақ іске жұдырықтай жұмылдырып, науқастардың жағдайын жасауға күш салып келеді.
Жетпістің желкенін көрген тұста жүрек қыспасына ұшырап, аталған ауданаралық Орталық ауруханасына жедел жәрдем көмегімен келіп түсетіндер қатары қалың. Тіптен, өрімдей жап-жас тепсе, темір үзетін жігіттер де, жүрек қан тамыры ауруына ұшырауда. Осы ауыр халде түсетін науқастарды қара торы, жүзі жарқын, сөзі майда дәрігер қабылдап, өзінің аты-жөні мен қызметін айтып, таныстыруды әдетке айналдырған абзал жан жылы шыраймен қарсы алады.
«Жақсы сөз – жан семіртеді» дегендей, дәрігер Ләззат Жұбанованың жылы сөзі, келіп түскен аурудың дертін сейілткендей болады. Палатаға жатқызып, толық тексеруден өткізіп, каронография жасауға рұқсат береді. "Осыдан бес жыл бұрын жүрекке ота жасайтын жерде облыстық медицина орталығының рентген-эндоваскулярлы хирургия бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Исмайыловтың жетекшілігімен жоспарлы емдеу шаралары жүргізіліп, қасында жергілікті аурухананың дәрігерлері Кенесары Баспаев, Аян Қазиұлы, фельдшер Қасқырбай Молдабаев, мейіркеш Әлия Сүлейменова, рентген лаборант Ғалымжан Жайылқановтар болды. Білікті дәрігерлердің арқасында ота жеңіл өтті. Бұрын да, облыстық ауруханада Нұрлан Тоқтағұлұлы маған екі рет ота істеген. Бұдан кейінгі ахуалды қолына алған Ләззат ақауы бар жүректі емдей бастады.
Біздей қариялардың еркелеген баласындай, өзінен кейінгі жастарға ақылшы анасындай болып жүреді. Әрине, бұндай биязы мінез, тұла бойындағы тектілік бір өзіне жарасып-ақ тұрады. Өз ісіне тиянақты, жауапкершілігі жоғары маман расында үлкен құрметке лайық.
Аурудың беті қайтып, сауыққаннан кейін Ләззаттан өмірдерегі жайлы сұрағанымда 1979 жылы 14 сәуірде Қазалы ауданында дүниеге келгенін білдім. 1996 жылы Қ.Сәтбаев атындағы №216 мектепті үздік бітіріп, Ақтөбе қаласындағы медицина институтына түскен. 2004 жылы жоғары оқу орнын ойдағыдай бітіргеннен кейін, Жетес би ауылдық емханасына учаскелік дәрігер болып орналасады. Жаңадан келген жас маманға учаскелік дәрігер болып жұмыс істеу біраз қиыншылықтар туғызады.
Аудандық емханаға кардиолог дәрігері болып ауысып, 4 ай Алматы қаласында УЗИ жүрек мамандығы бойынша оқып келіп, 2018 жылы сәуір айында аудандық аурухананың терапия бөлімінде терапевт дәрігер қызметін атқарады. Сол жылы Облыстық кардиология орталығында тәжірибеден өтеді. Ізденімпаздығымен танылған жанға тиісті орындар ауданаралық ауруханадағы жаңадан ашылған кардиология бөлімі меңгерушілігі қызметін сеніп тапсырған", – дейді КСРО Денсаулық сақтау саласының үздігі, Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сердалы Шалбаев.
Сердалы Шалбаевтың айтуынша, сол уақыттағы мезетті еске алған ол ауруханадан шығар кезінде, оның палатасына келген науқас Бердібай Тілеков: «1952 жылғымын, Арал қаласында тұрамын, бұрын ауырмағанмын. Түн ортасында ауа жетпей кеудем қысып жатыр екен. Шұғыл жедел жәрдем шақырттым, кардиолог дәрігер Лайық Бижанова көмегін көрсетіп, осы ауруханаға жедел жәрдеммен әкелді. Бұнда келгеннен кейін Ләззат қызым күтіп алып, тексеруден өткізді. Жүрек тамырым 98 процент бітіп қалыпты, бір ажалдан қалдым. Екі күн жансақтау бөлімінде емдеді, міне, палатаға шықтым, Ләззатқа айтар алғысым шексіз» – деп риясыз пейілін ақтарыла ортаға салған.
Осылайша, жүрегі жылы, емі шипалы жандардың басын қосқан Қазалы ауданаралық ауруханасының кардиология бөлімі ұжымының қалтқысыз қызметіне көпшілік дән риза екендігі байқалды.