Kyzylorda-news.kz. Стоматология – дені сау тіс пен әдемі күлкі сыйлайтын орталық. Ал сол орталықтың көмегіне жиі жүгінесіз бе? Тіс дәрігеріне қаралу қаншалықты қымбат? Тіс пастасы мен щеткасын қалай таңдайсыз? Тағы да басқа сізді толғандырған сауалдардың жауабын тіс дәрігері  Күләш Төлепованың сұхбатынан оқи аласыз.

Тісті қалай күту қажет? Адамдардың жиі жіберетін қателіктері қандай?

– Ауыз қуысын күніне екі рет тазалап тұру керек. Жарты жылда бір рет тіс дәрігеріне қаралып тұру керек. Тісіңіз сау болса да, профилактика артық етпейді. Одан кейін жаңғақты тіспен шағу, бөтелкені тіспен ашу дегеннен мейлінше аулақ болған жөн. Суық пен жылының да тепе-теңдігін сақтаған жөн.

– Қазақстанның стоматология саласында қандай қиындықтар бар?

– Қиындықтар өте көп және оны түрлі қырдан қарауға болады. Біріншіден, өңірлерді сапалы стоматология аз, адамдар не сапасыз қызметке душар болады не алыстағы облыс орталықтарына баруға мәжбүр. Екіншіден, маман тапшылығын айтсақ болады, әсіресе балалардың тістерін емдейтін маман өте аз. Мүмкін, бұл балалармен жұмыс істеудің қиындығынан болар… Одан кейін халықтың өз денсаулығын күтуге деген дұрыс сана-сезімінің болмауы. Біз ауруымыздың асқынғанын аяғына дейін күтіп, сосын ғана дәрігерге барамыз. Мұндай жағдайда көбіне дәрігерлер қауқарсыз болып жатады. Профилактика жасау, аурудан әлдеқайда арзан екенін адамдар білмейді, білсе де назар аудармайды.

– Стоматология саласында озық дамыған елдер қайсы?

– Бұл жерде көп мемлекетті атауға болады: АҚШ, Германия, Оңтүстік Корея, Израиль. Дамыған елдердің бәрінде стоматология жақсы жолға қойылған. Дегенмен, нақты мемлекетті атау қажет болса, медициналық туризм тұрғысынан жауап беріп көрейін. Медициналық туризм дегеніміз кәдімгі туризм секілді, тек мұнда сіз демалмайсыз, емделесіз. Медициналық, соның ішінде стоматологиялық туризм бойынша ең жоғарғы сұранысқа Германия мен Израиль ие. Бұл екі мемлекетте көрсетілетін қызмет сапасы өте жоғары және салыстырмалы түрде қолжетімді. Сол себепті шетелдіктердің көпшілігі осы елдерді таңдап жатады.

– Тіс күтіміне байланысты мифтерді атай аласыз ба? Мысалы, тісті қайта-қайта жуу эмальді бұза ма?

– Мифтер өте көп, сіздің айтқан мысалыңыз да – миф, тісті бірнеше рет жуғаннан эмаль бұзылмайды. Егер тісті тұрақты тазалап тұрмаса, онда тістің шеті тамақ қалдықтарымен қапталады, бұл кейіннен бұзылуына әкеледі.

Сондай-ақ, тісті таңертең емес, таңғы астан кейін тазалау керек деген де пікір бар. Таңғы астан кейін тазалау дұрыс, бірақ таңертең де тазалау керек, өйткені ауыз қуысында түні бойы бактериялар жиналады.

Ауырған тіске спиртке батырылған мақта басу қажет дейтіндер де бар. Бұл өте қауіпті. Ауырған тісіңіз бұдан жазылып кетпейді, есесіне сіз тістің жанындағы етіңізді күйдіріп алуыңыз әбден мүмкін. Тісім ауырмаса, стоматологқа бармауға болады дейтіндерге айтарым, ауыз қуысындағы тістің бұзылуы процесі бастапқыда ешқандай ауырсынусыз өтеді. Ауру – асқынғанның белгісі. Бастапқы кезде тісті емдеу оңай, әрі арзан.
Бұрынғы заманнан қалған стереотиптік миф бойынша, тіс дәрігеріне бару қатты ауырсыну дегенді білдіреді. Қазір заманауи технологиялар мен мүмкіндіктердің арқасында тісті емдеу ауырмайтындай етіп жүзеге асырылады.

– Тісті емдеу арқылы оны аман сақтауға болады. Дегенмен, қандай жағдайда тісті жұлуға тура келеді?

– Заманауи технологиялардың арқасында тісті емдеу арқылы сақтауға болады. Тісті жұлу – өткен заман әдісі. Дегенмен, кейде тісті жұлатын жағдайлар болады. Әсіресе, тіс жиегінің асқынуы салдарынан тіс жұлынады..

Тағы да оқыңыз: