Фото: bundesregierung.de
Kyzylorda-news.kz ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ел арасында тараған алып-қашпа сөзді жоққа шығарды.
Мессенжерлерде инфекциялық ауруханалар Covid-19 жұқтырған пациенттерге толып кеткені жайлы хабар тарады. Комитеттің мәліметінше, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды.
2024 жылдың басынан бері елде 1 356 адам коронавирусқа шалдыққан. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сырқаттану 8 есе төмен.
«Бүгінгі таңда 6285 инфекциялық төсек-орынның 0,1 пайызында ғана Covid-19 жұқтырған науқастар жатыр. Өлім-жітім тіркелген жоқ. Коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай бақылауда» делінген хабарламада.
Ведомсто жалған ақпарат таратқандардың әрекетіне құқықтық баға беру үшін материал құқық қорғау органдарына жіберілгенін айтады.
«Барлық азаматтарды ресми ақпарат көздеріндегі сенімді ақпаратқа сенуге шақырамыз» дейді комитеттен.