Kyzylorda-news.kz. Биылғы жылдың қараша айында Қызылорда облысы бойынша 51 адам коронавирус жұқтырған, желтоқсан айының 14 күнінде 50 жағдай есепке алынды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар департаментінде өткен брифингте Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова мәлімдеді. 

Пандемия басталғаннан бері Қызылорда облысы бойынша коронавирус инфекциясының 25887 жағдайы анықталды. Оның ішінде 16974 жағдай ауру симптомдарымен болса, 8913 дерегі клиникалық белгілерінсіз тіркелді.  Жыл басынан бері 6453 адам коронавирус індетіне шалдыққан, оның ішінде 1228 жағдай 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталды. 

«Биылғы жылдың қараша айында 51 дерек тіркелсе, желтоқсан айының кешегі күніне дейін 50 жағдай есепке алынды. Бұл алдыңғы айдың ұқсас мерзімімен салыстырғанда 31 жағдайға артқандығын көрсетеді. Соңғы уақытта тіркеліп жатқан коронавирустың басым көпшілігі клиникалық симптомдарымен анықталуда. Атап айтқанда,  желтоқсан айында тіркелген COVID-19  деректерінің 93 пайызында дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, тамақтың ауыруы, бұлшықеттердің ауырсынуы секілді ауру белгілері байқалуда», - деді Әлия Әбдіқайымова. 

Пандемия басталғалы бері аймақта өткен жылы айлық ең жоғары көрсеткіш тамыз айында тіркелген болатын. Бұл айда 5333 жағдай есепке алынды. Биылғы жылы аурушаңдық көрсеткіштері 2 рет көтерілді. Қаңтар айында 4293 дерек және шілде айында 1020 жағдай анықталды. 

«Қыркүйек, қазан айларында төмендеу тенденциясы байқалғанымен, қараша айынан бастап сырқаттанушылық көрсеткіштерінде өсім байқалады», - деді департамент басшысының орынбасары. 

Брифинг барысында блыс көлемінде емханаларда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация жалғасып жатқаны айтылды. 

«Бүгінгі күні вакцинаның І-ші компонентін екпе алуға тиісті контингенттің 95 пайызы, ІІ-ші компонентін 94 пайызы алған. Бүгінгі күні облыста КазВак, Синофарм және Пфайзер вакциналарының қоры бар. Айналымда әлі де коронавирус инфекциясы бар. Қазақстанда толық геномдық секвенирлеу нәтижесінде коронавирустық инфекцияның «Омикрон» штамы вирусының айналымы анықталып, оның 0,5 пайызда «Цербер» субгенетикалық желісі табылды. Жаңа «Цербер» штамының белгілері омикронның бұрынғы кіші түрлерінен айтарлықтай ерекшеленбейді. Ауру көбінесе жіті респираторлық аурудың жеңіл түрінде болады. Қызудың көтерілуі, буын ауруы, аздап мұрыннан су ағу, әлсіздік болуы мүмкін, кейбіреулерінде ішек аурулары болады. Штамм тез жұғуымен ерекшеленеді, алайда аса қауіпті емес. Науқастарды диагностикалау және емдеу басқа COVID-19 штамдарынан ерекшеленбейді», - дейді Әлия Әбдіқайымова. 

Айта кетейік, аталған штамм Қызылорда облысында анықталған жоқ.

Тағы да оқыңыз: