Kyzylorda-news.kz  Қазір біздің өмірімізге смартфондар енді. Қай жерде жүрсеңіз де, үлкеннің де, баланың қолында смартфон жүргенін байқаймыз. Қалтафонның ересек адамға тигізер зияны қандай көп болса, балаға да дәл солай. Оның үстіне, мектеп оқушылары елге пандемия келгелі бері екі жылдай онлайн түрде оқыды. Бұл да балалар арасындағы көз ауруларының көбеюіне ықпал етуде.

Осы ретте офтальмологтар соңғы уақытта балалар арасында көз ауруларының көбейіп бара жатқандығын айтып дабыл қағуда. Бұл келеңсіздіктің жылдан-жылға артуына біріншіден ата-ананың өз баласының денсаулығына жауапкершілікпен қарамауы себеп болуда. Мәселен, ата-ана өзінің құлағы тыныш болуды ойлап, баланың теледидар алдында сағаттап отыруына жол береді. Мұнан бөлек, бала компьютерде ойындар ойнайды, ұялы телефон, планшетпен сағаттап отыратыны жасырын емес. Күні-түні телефонға, теледидарға, компьютерге шұқшиған баланың көзі тек жақыннан жақсы көруге қалыптасады. Нәтижесінде алыстан көрмеушілік дерті пайда бола бастайды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде 200 млн адамның көру қабілеті бұзылған. Көзінің көруі нашарлап, көзілдірік тағатындардың қатары күн санап артып келеді. Әр бес минут сайын бір баланың жанары нашарлайды екен. Бұл «мектеп жасындағы әрбір үшінші бала көзілдірік киеді» деген сөз.

Көз – адамның ең маңызды әрі өте нәзік мүшесі. Сондықтан оны қорғай білу қажет. Осы орайда, ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп жүрген дәрігер, Қармақшы аудандық емхананың балалар офтальмологі Зағипа Көпбергенованы сөзге тарттық. Ол соңғы кезде көзілдірік тағатын балақайлардың көбейіп бара жатқанына алаңдаулы. Бұған негіз де жоқ емес. Айтуынша күнделікті қабылдауға келетін балалар мен профилактикалық тексеруден өтетін оқушылардың басым бөлігінде көз ақаулары бар.

– Қазіргі адамдарда, әсіресе балаларда көзге түсетін күштің көбеюінен соңғы он жылдықта көз аурулары жиілеп кетті. Компьютермен жұмыс істеудің әсерінен ғана емес, кондиционерді және жасанды жарық түсіру көздерін қолдану, тіпті біздің ауа райымыз да көзге жағымсыз әсерін тигізіп, қазіргі кездегі «құрғақ көз» синдромының себебі болып табылады. Бүгінгі балалардың арасында ең көп тараған көз ауруы – миопия, яғни алыстан көрмеу. Жаңа технологиялардың өмірге келуі осы аурудың көбеюіне әсер етіп отыр. Себебі, көз қашықтыққа жұмыс істемейді. Бірыңғай жақыннан жұмыс атқарады. Қалтафонға көз алмай қарағаннан қашықтықты көруге көз жанары «жалқаулана» бастайды. Осылайша көздің көру осі қысқарады. Алыстан көрмеушілік осыдан пайда болады. Негізінен біз есепке  туа бітті ақаулары бар, ауыр дәрежедегі және көз жарақатын алған балаларды аламыз. Аудан бойынша мұндай балалар саны – 78. Көзінің көру дәрежесі орта, жеңіл болса олар есепке алынбайды. Десе де олар дәрігерге ұдайы келіп тұруы қажет. Қазір ауданда бес мыңға жуық балада түрлі дәрежедегі көздің нашарлау дерегі бар, – дейді Зағипа Қайыпқызы.

Дәрігердің  сөзінен түсінгеніміз, туабітті ақауды айтпағанда, көздің көру қабілетінің нашарлауына қоршаған орта факторлары тікелей әсер етеді. Яғни, балақайлардың көз жанарының бұзылуына компьютер, смартфон, теледидар кінәлі. Сонымен қатар сабақ орындау барысында жарықтың дұрыс түспеуі мен кітапты тым жақын, не тым алыс, жатып, еңкейіп, көзге салмақ салып оқығаннан да болады екен.

– Қазіргі уақытта емханаға күніне 30-40 бала келеді. Мектепте де алдын ала тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Мәселен күніне 60-70 баланы тексеруден өткізсек, телефонның кең қолданысқа енуіне  байланысты біршамасында көздің нашарлауы кездеседі. Ол тізімді міндетті түрде мектеп медбикесіне тапсырып, ата-анасымен дәрігердің қабылдауына келу қажеттігін ескертеміз. Алайда сол тізімдегі балалардың шамамен 30 проценті ғана біздің алдымызға келеді. Бұл ата-аналардың бала денсаулығына немқұрайлы қарайтынын аңғартады. Бір өкініштісі, көз аурулары дер кезінде емделмесе, уақыт өте келе су қараңғылыққа әкелуі мүмкін. Осыны әрбір ата-ана ұғынып, бала өміріне жауапкершілікпен қараса екен, – дейді білікті дәрігер.

Расында да, ата-аналар баланың өсу барысында дене бітімінің өзгерісіне қадағалап назар аударуы керек. Егер баланың көзінде төмендегідей қалыпсыздықтар байқалса, ауруханаға әкелу керек. Ең бірінші белгі – көзін жыпылықтату. Бала үнемі көзін жыпылықтатса, көзіне беймәлім нәрсе түсіп кеткендігін ескерумен бірге, көзіне ақ түсу, көздің дәнекер қабықшасының қабынуы сынды аурулардың белгісі. Екіншісі – көзін нұрдан тайсақтатса. Мұндай балалар өте жарық ортада көзін жұмып алады, қараңғы жерлерде ойнауды ұнатады. Бұл қызыл, сулы бөріткен және басқа да жұқпалы аурулардың белгісі болуы мүмкін. Сондықтан баланың жарықтан жасқану белгісі байқалса дәрігердің көмегіне сүйенген жөн. Ал үшіншісі – көздің қызаруы. Баланың көзінің ағы және көз айнасы қызарып, көзінен сарғыш жас ағады. Бұл балаға қызылша шығудың алдындағы ең көрнекті белгі болып, бұдан әрі тұмау, көз дәнекер қабықшасы қабынуы болып есептелінеді. Келесісі – баланың көзі нұрсыз болу. Егер баланың көзі нұрсыз болса, ата-аналар баланың денесінің әлсіреген-әлсіремегеніне назар аудару керек. Сондай-ақ алысты көре алмау. Бала кітап немесе басқа нәрселерге қарағанда көзіне өте жақын әкеліп алып көрсе, уақытын өткізбей тексерту керек.

Дәрігер көп жағдайда ата-ана баласының көзі көруден қалып бара жатқанын байқамайтынын айтады. Ал көз қызметі нашарлаған жағдайда көзілдірік кию міндетті. Сондай-ақ, мектепте не үйде, әйтеуір сабақ тапсырмаларын орындап жатқанда әр 10-15 минут сайын үзіліс жасап, көзге арнайы жаттығулар жасаған жөн. Сабақ оқитын бөлмеге жарықтың мол түсуін қадағалау керек. Баланың бос уақытында теледидар көріп, компьютер ойнап, телефон шұқылап отыруын емес, далада, таза ауада бой жазып, ойнауын қадағалау қажет.

Көз дәрігерінен білгеніміз, әлемдік медицинада көз аурулары мен нашар көретіндерді емдеудің 80 проценті нәтижелі аяқталады. Яғни, уақытында емдесе, 100 процент сауығуға болады. Сондықтан көзіңіздің көруі нашарлауын күтіп отырмай, жылына 1 рет офтальмолог-дәрігердің тексеруінен өткен дұрыс. Ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алудың орынды екені анық.

«Көз – адам жанының айнасы» деген бар. Сондықтан көз дәрігері болу үшін тек біліктілік қана емес, байыптылық пен мейірімділік қажет. Білікті дәрігер кенттегі №105 орта мектептен тәлім алып, Алматы қаласында медициналық білімін жетілдіреді. Алғашында Қызылорда қаласындағы №1 емханада жұмыс істесе, 1991 жылдан бастап «Шипагер» емханасында балалар дәрігері, 2008 жылы офтолмология бойынша қосымша білім игеріп, осы жылдан бастап аудандық емханада көз дәрігері қызметін атқаруда. Отыз жылдан астам уақыт бала саулығы үшін барын салып жүрген Зағипа Көпбергенованың есімі қармақшылықтарға етене таныс. Ал көз дәрігері болып ауысуына жерлесіміз, академик Камал Ормантаевтың септігі болғанын айтады. «Студент кезімде Камал Сәруарұлы бізге сабақ берді. Кезекті бір емтиханында «сен хирург болатын қызсың ғой» деді. Мен балалар дәрігері болуды қалайтынымды айттым. «Онда көз дәрігері бол. Сенен мықты маман шығады» деген еді. Арада 20 жылға жуық уақыт өткен соң, білімімді жетілдіруге барғанымда Камал ағайға жолығып алғысымды білдірдім. Ол кісі мені жазбай танып, таңдауыма қуанып, «осыны бұрын да айтып едім ғой» деп сәттілік тіледі. Әр студентін есіне сақтап, дұрыс бағыт-бағдар бере алатын осындай білікті ұстаздан білім алғанымды мақтан әліге дейін мақтан тұтамын. Ал қазір мен үшін сауыққан жандардың ризашылықтарын естігеннен асқан бақыт жоқ дер едім. Үлкендердің батасын алып, жазылып кеткендерін көргенде көңілімді ерекше қуаныш сезімі билеп, бірге қуанамын» дейді ол.

Ұлт болашағына кесіріміз тиіп, көзәйнек киген балалардың қатары көбеймесін десек, перзент алдындағы жауапкершілікті өзімізден бастағайық. Бар-жоғы 8 грам салмақ тартатын көз жанарымызды ауру-сырқаудан қорғай білейік!

Тағы да оқыңыз: