Фото: zhanaqorgan-tynysy.kz
Kyzylorda-news.kz Биыл тұрғындар арасында тұмауға ұқсас дерт дендеп, күндіз-түні жөтел қысып, көпшіліктің мазасын қашырғанын аңғарып жүрміз. Тынысы тарылған ересектер мен көгере жөтелген кішкентайлардың аянышты халі жан ауыртады. Бұл індеттің кең таралуына не себеп және одан айығудың жолы бар ма?
Деміге жөтелген баланы аңғарған көпті көргендер: «Мына бала көкжөтел ғой» деп жатады. Десе де, ақхалаттыдан үлкен үміт күтетін халық дәрігер қаралуынан өткеннен кейін ғана ем-дом қабылдайды. Бір қызығы, дәрігердің қойған диагнозы қариялардың топшылауымен сәйкес келгенмен тиянақты емін жазып бере алмайды.
Деректерге сүйенсек, биыл республика бойынша көкжөтел ауруы өршіп, 790 жағдай тіркелген. Оның 98%-ы, яғни 773 жағдайы 14 жасқа дейінгі балалар. Тұрғындар айлап кетпейтін жөтел мен тамақ ауруына ұқсас мазасыздық туындағанын айтып шағымдануда. Әсіресе мектеп жасына дейінгі балаларға кенеше жабысқан сырқат әбден әбігерге салуда. Біздің ауданның ахуалы да мәз емес. Мәселен, өзімнің бір жарым жасар баламда наурыз айында басталған жөтел дәрігердің берген нұсқаулығын бұлжытпай орындасақ та 4 айдан бері айығатын түрі жоқ. Керісінше күшіне мініп алған. Бұл – бір отбасындағы оқиға. Осындай сырқатпен алысып жүрген қаншама жанұя бар.
Көкжөтел (коклюш) – жоғары тыныс алу жолдарының шырышты қабықшаларын зақымдайтын жұқпалы ауру. Ол адам ағзасына ауа тамшылары арқылы түсіп, көмей мен бронхта дамиды. Патогенді микроағзалар бөлетін уыттардың салдарынан қабыну реакциясы туындап, булықпа жөтел пайда болады.
– Қазір тұрғындар арасынан жөтелмен шағымданатындар саны артты. Оған экологиялық ахуал да себеп. Сосын көп аналар екпеден бас тартады. Салдарынан, балаларға жұққан ауру ұзақ уақыт бойы кетпей организмнің онымен күресуі қиын болады. Мәселен, жыл басынан бері 5 айдың ішінде маған қарасты аймақтың өзінен 30-дан аса тұрғын осы шағыммен келді. Оның басым бөлігі балалар. Бұл бір аймақтың ғана көрсеткіші. Енді осыған бүкіл аудандағы аймақтар мен ауылдық округтерді қосыңыз. Сондықтан балалар екпені уақытында алса ауру осылай өршімес еді, – дейді аудандық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Арайлым Әшімова.
Дәрігердің сөзінше, ауру асқынса ол мидағы тыныс алу орталығына әсер етіп, нәтижесінде, жөтел күлгенде, ауырғанда немесе сөйлегенде күшеюі мүмкін. Сонымен қоса көкжөтел жүрек-қан тамыр жүйесіне жағымсыз әсер етеді. Иммунитетті әлсіретіп, бір ауырған адам екінші рет қайталап ауыруы мүмкін. Негізі аталған аурумен көбіне мектеп жасына дейінгі балалар ауырады. Дегенмен кей жағдайда ересектердің арасында да кездесіп жатады. Әсіресе, омыраудағы балаларға бұл ауру өте қауіпті. Көкжөтел жұқтырған адам аурудың белгілері пайда болғаннан бастап, 25-30 күн бойы басқаларға инфекция таратады. Ауруға қарсы екпе алған адамдарда ол жеңіл өтеді.
Ауру тудыратын бактерия науқас жөтелгенде немесе сөйлегенде бөлінетін сілекей арқылы жұғады. Сондықтан бұл ауру науқаспен байланыста болған барлық адамда пайда болуы мүмкін. Әсіресе, көкжөтел балабақшада жылдам таралады. Ал ересектерде кейде бұл ауру еш белгі бермейді, бірақ олар тасымалдаушы болады. Көкжөтелге қарсы туа біткен иммунитет жоқ, оны кез келген адам жұқтырып алуы мүмкін. Алайда екпе алған және онымен бұрын ауырған адамда қорғаныш қалыптасады. Жеті жасқа дейінгі балалардың індетті жұқтыруы, балада екпенің болмауы, жұқпаны тасымалдаушымен үнемі байланыста болу қауіпті фактор болып табылады. Егер адам өзінен немесе баласынан көкжөтел белгілерін байқаса міндетті түрде дәрігерге көрінуі керек. Әйтпесе, оның соңы пневмония, апноэ, ми гипоксиясы, бронхит, отит сынды көптеген қауіпті ауруларға ұласуы ықтимал.
Айта кетейік, көкжөтел – Bordetella pertussis (бордетелла пертуссис) бактерияларынан тарайтын инфекциялық ауру. Bordetella бактериясына күн сәулесі 1 сағаттай түсіп тұрса, өзінің белсенділігін жояды. Дезинфекциялық препараттар арқылы немесе 50-60 градус ыстықта да жоюға болады.
Көкжөтелді жұқтырған адам алғашында өзін салқындап, тұмауратып қалдым деп ойлауы мүмкін. Оны кейде бірнеше күн, кейде екі апта бойы байқамайды. Бастапқыда ол құрғақ жөтел, сәл температураның көтерілуі және мұрын бітелуімен қатар жүреді. Бірақ бірнеше күн өткен соң науқасты ұзаққа дейін кетпейтін булықпа жөтел мазалайды.
– Әдетте көкжөтел кезінде дене температурасы қатты көтерілмейді, себебі бактериялар терең тіндерге өтпейді. Егер науқаста қалтырау пайда болса ол жұқпаны екінші рет жұқтыруды білдіреді. Көкжөтелдің негізгі белгісі: тыныс алғанда шулы дыбыстың шығуы, кеуде тұсындағы жағымсыз сезім, тамақтың тітіркенуі, жөтелген уақытта ауа жетпеу, жөтелдің түнде ушығуы, мазасыздық, әлсіздік, науқастың тез шаршауы, тәбеттің нашарлауы, тыныс алудың қысқа уақытқа тоқтап қалуы. Бұл жағдай көбіне сәбилерде кездеседі. Бұл бала өміріне өте қауіпті, – дейді Арайлым Әбдімәжитқызы.
Оның айтуынша, балаларда қатты жөтелгеннен апное (тыныс алуының тоқтап қалуы) болуы мүмкін. Бұл бала өміріне қауіп төндіреді. Дәл осы кезде мидың қан айналымы бұзылып, ағзада оттегінің жетіспеуі байқалады. Аурудың асқынуы мидың дамуына әсер етіп, психикалық жағдайын да қиындата түседі. Көкжөтел симптомдары 5-6 апта жеңіл түрде өтеді. Ал ауыр түрде 6-7 айға дейін созылады. Мидың қан айналымынан басқа тағы бір асқыну белгісі – өкпенің қабынуы. Бұл да – өте ауыр ауытқу.
Дәрігерлердің айтуынша, аурудың алдын алудың бірден-бір жолы вакцина алу. Ауруға қарсы вакцинация екі айлық кезеңнен бастап, бірнеше рет жүргізіледі. Екі және төрт айдан кейін, 18 айында, одан әрі 1-сыныпқа барар кезде салынады.
– Екпе алып үлгермеген балалар инфекцияны жұқтыруға бейім келеді. Мұндай кезде оқшаулау шаралары орындалуы керек. Егер адам жоспарлы алуы керек барлық екпені алса, ауруға иммунитет қалыптасады. Жұқтырған жағдайдың өзінде ауру симптомдары жеңіл өтеді. Ал екпе алмаған балаларға жұқса олардың ағзасы аурумен ауыр әрі ұзақ күреседі. Сондықтан ата-аналарға айтарым, дені сау балалардың екпесін уақытылы алып отырғандары абзал, – дейді дәрігер.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, елде аурудың әбігеріне түсіп жүргендер көп. Соның бірі – Ақерке Ниязова. Ол осы аурумен үлкен-кіші демей отбасымен ауырғандарын тілге тиек етті:
– Бастапқыда балабақшаға баратын екі балам жөтеліп жүрді. Бір қызығы, олар күндіз емес, тек түнде жөтелді. Кейіннен ауру әжемізге, басқа балаларға, бесіктегі сәбиіме жұқты. Әжеміз бен 8 айлық баламда ауру өте ауыр өтіп жатыр. Ауруханаға да жатып шықтық. Бірақ нәтиже жоқ. Қатты жөтелгенде дем жетпей қиналады, – дейді ол.
Ал балаларына екпе алудан түбегейлі бас тартқан тұрғын Самал Нұрымбет екпенің еш пайдасы жоқ деген пікірін жасырмады.
– Менің үлкен балам жасынан асқанда сәл ыстығы көтерілсе есінен танып құлайтынды шығарды. Ол медицинада «фербильді ұстама» деп аталады. Дәрігерлердің сөзінше, қазіргі таңда әр үшінші балада осы ұстама бар екен. Оның соншалықты белең алуына не себеп? Мен оның себебін екпеден деп ойлаймын. Өйткені кезкелген екпе баланың миына әсер етуі мүмкін. Одан кейінгі балаларымның ешқайсына екпе алмадым. Өзім топшылағанымдай, ол балаларым қанша ыстығы көтеріліп ауырса да, естен танып құламайды. Бірақ қазір екпе алмаған балаларым көкжөтелмен ауырып жатыр. Таяқтың екі ұшы бар деген осы ғой. Мен екпеден барлық ата-ана бас тартсын демеймін. Дегенмен, әркімнің өз таңдауы бар, – дейді ол.
Байырғы медицина қызметкері Алмаш Маратқызы жалпы халықтың денсаулығына қатты алаңдайтынын жасырмады.
– Менің түсінуімше, қазір ауада белгісіз бір вирус бар. Ыстығы көтеріліп ауырып жүргендер өте көп. Екпені алған да, алмаған да балаларым бар. Барлығы да жөтелдің зардабын шегуде. Жасамаған емім қалмады. Нәтиже жоқ. Үлкен кісілердің өзі қатты жөтелден ауа жетпей тұншығып, қиналуда. Халық арасындағы тараған осы ауруға билік басындағылар бей-жай қарамай бір шара енгізсе екен деймін. Мүмкін оқшаулау жұмыстарын жүргізіп, маскалы режим енгізу керек шығар. Өйткені, ауру осылай асқына берсе, арты ауыр жағдайларға ұласуы ықтимал, – дейді ол.
Мәліметтерге зер салсақ, көкжөтел әлемдегі кең тараған аурулар тізіміне кіреді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратынша, әлемде жыл сайын 60 млн-ға жуық адам көкжөтелмен ауырады екен. Демек, көкжөтелге жәй жөтел деп қарамай, дер кезінде ем-шараларын жасау керек.
Айсұлу Алданазар