Kyzylorda-news.kz Күн жылт етіп жылынып, көктем шыға бастасымен аса қауіпті жұқпалы аурулар тобына жататын Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының эпидемиологиялық маусымы да келеді. Яғни, осы кезде табиғатта кенелер саны тез көбейіп, олардың ішіндегі ауру тасымалдаушы кенелер адам денсаулығына қауіп туғызады. Олар кеміргіштердің індерінен жер бетіне шығып, жануарлар  мен адамдарға шабуыл жасай бастайды.

Адамдарға бұл вирус кененің тікелей шағуы, малдарды кенеден қолмен тазарту, жүнін қырқу кезінде және Конго-Қырым геморрагиялық қызбасымен ауырған адамды күту барысында жұғады. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруы немесе көкала – табиғи ошақтық аса қауіпті жұқпалы вирусты инфекция. Бұл аурудың аса қауіптілігі өлім-жітім көрсеткішінің өте жоғары болуында – 30-70 пайыз аралығында. Ауруды қоздырушы вирустың табиғат пен жануарлар арасында айналысқа түсуіне байланысты медицинада қазіргі таңда ауруды мүлде жойып жіберу мүмкін болмай отыр. Алдын алатын вакцина да жоқ .

Қазалы ауданының халқы негізінен, мал шаруашылығымен шұғылданатындықтан, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтары бар елді-мекендерде аурудың кездесу ықтималдығы да өте жоғары болып саналады.

– Кене шаққанда өзінің сілекейімен арнайы фермент бөледі. Сол себепті көпшілік жағдайда кененің шаққаны білінбейді. Денеге жабысқан кенені байқаған кезде жақын орналасқан емхана немесе ауруханаға медкөмекке жүгіну керек. Қорғалмаған қолмен кенені ұстау қауіпті екенін есте сақтаңыз. Кенені жалаң қолмен және бірден жұлып алуға болмайды, өйткені, кененің тұмсығы қалып қойып, орны іріңдеп, жара болуы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша, кенені қарапайым медициналық қысқышпен немесе резина қолғап киіп, тұмсығына жақын жай қысып ұстап, шайқамай, бұрамай тарту керек, езіп алмау керек. Ал, қысқыш болмаған жағдайда қарапайым жіппен тұмсығының түбінен орап, жәймендеп, тартып алу керек . Шаққан орнын иод ерітіндісімен немесе спиртпен залалсыздандыру қажет. Кенені шыны ыдысқа салып, медициналық мекемеге өзімен бірге апару керек немесе Ұлттық сараптама орталығының Қызылорда облыстық филиалына тапсырып, ақылы түрде зерттеуге болады, – дейді ҚР ДСМ СЭБК «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының Қазалы аудандық санэпидемиологиялық қызмет маманы П.Әбдиева.

Бүгінгі күні Қазалы ауданы бойынша белсенді табиғи ошақтары бар елді-мекендерде  осы аурудың алдын-алу шаралары жыл сайын жүйелі түрде қолға алынуда. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қолайсыз елді-мекендерде мал бастарына және малдың қора-жайларына кенеге қарсы өңдеу жүргізіліп, сондай-ақ, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша қолайсыз елдi-мекендердiң айналасына санитариялық-қорғау аймақтарын құру арқылы жүзеге асырылуда.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын-алу мақсатында атқарылатын басты іс-шаралар  мыналар болып табылады: біріншіден, вирусты кенеден адамға жұқтырмау шарасы, оған кене шақпау үшін сақтандыру киімін қолдану (жеңі ұзын жейде, шалбар); кенені тез табылуға көмек беретін ақшыл түсті киімді кию; кенеге қарсы препаратты қолдану; кененің бар екенін тексеріп өзді-өздерін қарау; малдардың кенеленбеуін қарастыру, кенеге қарсы препараттарды қолдану; кенесі көп аудандарға кенелердің өте белсенділігі кезінде негізсіз бармау шаралары.

Екіншіден, малдан адамға жұқтырмау шараларын қарастыру, оған жануарларға күтім жасағанда (баққан, сауған кезде және тағы басқа), жануарларды мүшелеген, сойған, тасымалдаған және өткізген кезде олардың қанымен, терісімен, ұлпаларымен жанасқанда сақтандыру киімдерін пайдалану.

Үшіншіден, адамнан адамға жұғу қаупін азайту, оған науқаспен қатынаста болған жеке адамдардың және медицина қызметкерлері тарапынан жұтырмау шаралары қарастыру, ауру күткенде арнайы медициналық киімдерді пайдалану, жеке басының гигиенасын сақтау болып табылады. Кене шағып алғанда немесе кенемен жанасқанда, жануарларға күтім жасағандажануарларды мүшелеген, сойған, тасымалдаған және өткізген кезде олардың қанымен, терісімен, ұлпаларымен жанасқанда, ашық аумақта болғанда, қансыраған науқас адаммен жанасқанда ауру жұқтыру қаупі көбейеді.

Ал, егер жоғарыда көрсетілген жағдайдан кейін адам өз-өзін нашар сезінгенде және дененің қызуы көтерілгенде, кем дегенде бас және бұлшық еттер ауырғанда, жүрек айнығанда, лоқсу сезімі пайда болғанда, іш ауырғанда, немесе іш өткенде, яғни, аурудың алғашқы белгілері кезінде дереу медицина мекемелеріне қаралуы қажет.

Алдын алсаңыз, аурудың да, қаупі азаяды. Сондықтан сақтанып жүрейік дегенді алға тартады ҚР ДСМ СЭБК «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының Қазалы аудандық санэпидемиологиялық қызмет маманы П.Әбдиева.

Фото: https://zhalagash-zharshysy.kz/qogam/saqtansaq-saqtajdy/

Тағы да оқыңыз: