Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Дінмұхамед Ермеков «Шырақ» клиникасы жаңа ғимаратының ашылу рәсіміне қатысты.
«Кез келген мемлекеттің ең басты байлығы, бұл – адами капиталы. Біздің басты мақсатымыз да, халықтың әлеуметтік жағдайымен қатар рухани және денсаулық жағдайын жақсарту. Өздеріңіз білесіздер, соңғы жылдары өңірімізде жергілікті инвесторлардың қолдауымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қала халқына қажетті түрлі әлеуметтік нысандар салынуда. Оны бүгініміз бен болашағымызға бей-жай қарамаған азаматтардың туған жерге деген ыстық ықыластарының көрінісі деп ұққанымыз жөн. Облыс орталығында осындай денсаулық сақтау нысанының аясын кеңейткен «Шырақ» клиникасының басшылығына риясыз алғысымды білдіремін және жаңа бастамаларына табыс тілеймін. Жаңа ғимарат құтты болып, халықтың игілігі үшін қызмет етсін», - деп жүрекжарды лебізін білдірді Дінмұхамед Ермеков.
«Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» - деген ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аударып, бұл ретте мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдалану тұрғысында сөз қозғаған болатын.
Осы орайда, аймақта 10 жылдан астам уақыттан бері халыққа сапалы қызмет көрсетіп келе жатқан «Шырақ» клиникасының орны ерекше. Шағын офтальмологиялық орталықтан бастау алып, көздің микрохирургиясы бойынша ота жасау деңгейіне көтерілген клиника қанатын кеңге жайды.
Клиника басшылығы өз қаражаты есебінен 200 миллион теңге инвестиция құйып, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 40 миллион теңге несиемен емдеу орнының керегесін кеңейтті. Бүгінде жаңа ғимаратта 20-дан астам жергілікті маман жұмыспен қамтылып, еңбек етуде.
Бұл күндері Қызылорда облысына ғана емес, республикаға танымал, аймақта баламасы жоқ «Шырақ» клиникасының дәл осындай заманауи құралдармен жабдықталған жаңа ғимаратқа көшуі, ұлт саулығы жолындағы жаңа биіктерге ұмтылуы деп білеміз.