Kyzylorda-news.kz. Қызылша ауруы жоғары контагиозды ауа-тамшылары арқылы жұғатын жұқпалы ауру. Иммунитеті төмен, қызылшаға қарсы егілмеген немесе екпенің толық курсын алмаған азаматтар ауруға сезімтал болып келеді.
Қызылорда облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің дерегінше қызылша мен қызамық – бір-біріне өте ұқсас жұқпалы аурулар. Екеуінің қоздырғышы – вирус, ауа арқылы таралады, екеуіне тән белгі –денеде бөртпелердің шығуы. Сондай-ақ дене қызуы көтеріліп, жөтел пайда болып, көз жасаурап, мұрын бітеледі. Бұл жағдай 2-3 күнге дейін созылып, одан соң денеде бөртпелер пайда болады. Алғашында бет аймағында, құлақ артында шығып, содан соң денесіне тарайды. Ауру көзі болып ауру белгілері анық сипатталған және жасырын түрде өтетін науқастар болып табылады. Туа біткен қызамық ауруына шалдыққан нәресте де өте қауіпті болып саналады, себебі ол 1,5 жасқа дейін вирусты қоршаған ортаға бөледі.
«Әр жұқпалы ауру өз асқынуларымен қауіпті, сол сияқты қызылша ауруында ортаңғы құлақтың, өкпенің, кеңірдектің, бронхтың, ми қабаттарының қабынуына әкеліп соқтырса, қызамық ауруы, әсіресе жүкті әйелдер үшін қаупті. Жүкті әйелдер вирусты жұқтырғаннан кейін қан арқылы нәрестеге жұқтырады, нәтижесінде әйелдерде түсік тастау, өлі бала туу сияқты асқынулар болуы мүмкін. Жатырішілік көру, есту, жүрек, бауыр, сүйек ағзаларының зақымдануы салдарынан бала соқыр, саңырау, жүрегінің және ақыл есінің кемістігімен туылады.
Ең тиімді әрі сенімді алдын алу жолы – вакцинация. Қызамық пен қызылша ауруларына қарсы егулер баланың 12-15 айлығында және 6 жасында жүргізіледі. Егуден кейінгі иммунитет күші 2-3 аптадан соң пайда болып, 20 жылға дейін сақталады. Ауыр ағымда өтетін, тіпті өлім каупі бар аурудан сақтанудың бірден-бір жолы – вакцинация. Балаңыздың денсаулығы Сіздің қолыңызда. Өз балаңыздың уақытылы екпемен қамтылуына және еліміздің сау азаматы болып өсуіне ат салысыныз.», - дейді СЭБ департаментінің мамандары.