Kyzylorda-news.kz Қызылша – өте жұқпалы вирустық аурулардың бірі. Бұл дерт көбіне балалар арасында таралғанымен, ересектерге де жұғуы мүмкін. Ауру ауа-тамшылы жол арқылы тарайды, яғни науқас адам жөтелгенде, түшкіргенде немесе сөйлескенде вирусты қоршаған ортаға таратады.
Қызылшаның алғашқы белгілері тұмауға ұқсас болып келеді: дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, мұрыннан су ағу, жөтел, көздің қызаруы байқалады. Бірнеше күннен кейін денеде бөртпе пайда болып, ол біртіндеп бүкіл денеге таралады.
Бұл аурудың қауіптілігі – оның асқынуында. Қызылша өкпе қабынуына, ортаңғы құлақтың қабынуына, тіпті жүйке жүйесінің зақымдануына әкелуі мүмкін. Әсіресе, иммунитеті әлсіз балалар үшін аса қауіпті.
Қызылшаның алдын алудың ең тиімді жолы – вакцинация. Екпе алу арқылы адам ағзасында осы ауруға қарсы иммунитет қалыптасады. Балаларға қызылшаға қарсы екпе Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес салынады. Сондықтан ата-аналар балаларының уақытылы екпе алуын қадағалауы қажет.
Сонымен қатар, аурудың алдын алу үшін жеке бас гигиенасын сақтау, қолды жиі жуу, адамдар көп жиналатын орындарда сақтық шараларын ұстану маңызды. Егер қызылша белгілері байқалса, дереу дәрігерге қаралып, өз бетінше емделмеу қажет.
Қорытындылай келе, қызылша – алдын алуға болатын, бірақ салдары ауыр дерттердің бірі. Әрбір азамат өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, екпе алу арқылы өзіне және қоғамға қауіп төндірмеуі тиіс.
Абылай Бұйраев,
Мәдениет дәрігерлік емханасының жалпы тәжірибелі дәрігері
Фото: freepik.com
