Kyzylorda-news.kz Денсаулық сақтау жүйесі – әлеуметтік маңызды сала. Елімізде медицина саласын дамытуға басымдық берілген. Оған жыл сайын бөлінетін қаржы көлемі де артып келеді. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, дәрігерлердің біліктілігін арттыру мәселесі де оң шешімін тапқан.
Десек те, соңғы жылдары қазақстандықтардың шетелде ем алуы үрдіске айналды. Тіпті, қарапайым медициналық тексерудің өзіне Түркия, Ташкентке баратын отандастардың қатары артқан. Көпшіліктің дертіне дауаны өзімізден емес өзге елден іздеуіне не себеп? Шекара асып шипа іздегендерге елімізде лайықты медициналық қызмет көрсетілмегені ме?
Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде еліміз құлдырау кезеңінен дамуға дейінгі сындарлы жолды бастан өткерді. Сол кездерде елдегі ахуал денсаулық саласында күйреткенін мамандар жасырмайды. Дәріні базардан алып, медицина қызметкерлерінің жалақысыз жұмыс істеген, тіпті денсаулық сақтау министрлігінің жабылып қалған сәті де болған екен. Кейін ел экономикасы еңсесін тіктеп, болашаққа батыл қадам басқан тұста басымдық берген бағыттың бірі – осы сала еді.
Иә отандық медицинаны дамытуда бірқатар стратегиялық бағдарлама әзірленіп, соның аясында атқарылған жұмыста жетерлік. Өткенмен салыстырсақ еліміздегі қазіргі медицинаның әлдеқайда дамығанын байқауға болады. Астана қаласында республикалық диагностикалық орталық, ұлттық ғылыми ана мен бала денсаулығы, ұлттық нейрохирургия, ұлттық балалар оңалту орталығы, ұлттық ғылыми онкология орталығы сынды медициналық нысандардың ашылуы, оның заманауи құрылғылармен жабдықталуы, дәрігерлердің біліктілік арттыруда шетелдің мықты мамандарынан дәріс алуы, әлемнің озық әдісін отандық медицинаға енгізуі салаға серпін әкелген. Денсаулық саласындағы жетістіктерді тізбектесек ешбір елден кем түспейтініміз анық. Десек те халықтың отандық медицина мен дәрігерлерге деген сеніміне селкеу түсірген не жағдай?
Әріптес әңгімесі
Өз денсаулығын жақсарту үшін өзбек елінің медицинасын таңдағандардың бірі – әріптесіміз Гүлбану Мақажан. Сыр медицинасын ақпараттандырып жүрген журналистің өзі дертінің емін шетелден тапқан.
– Денсаулықтан артық ештеңе жоқ. Тәніміздің саулығы басты орында. Жергілікті емханадағы дәрігер диагнозыма байланысты ота жасау керегін айтты. Оны Алматы қаласында жасату үшін порталға қойды. Уақыты келгенде тиісті емдеу орнына бардым. Өкінішке қарай ол жақтағы дәрігерлер отаның ауыр болатынын, тіпті өміріме қауіп төнетінін айтып, ота жасаудан бас тартты. Еліміздің білікті мамандары солай деген соң қорыққаным рас. Алайда мұның артында басқа дүние тұр екен. Қызылордаға келген соң ем алудың басқа жолдарын қарастырдым. Жан-жақты зерделеп, қай жақта ем қабылдаған дұрыс, қанша қаржы кететінін сараладым. «Instagram» желісі арқылы халықтың да пікірін сұрадым. Сонда көбі маған Ташкентке баруға кеңес берді. Ондағы ең мықты клиникалардың бірін таңдап, екі апта ем алдым. Қазір Құдайға шүкір, денсаулығым бірқалыпты. Алдағы уақытта тағы да сол елге барып тексерістен өтемін. Ота жасаған дәрігермен хабарласып, кеңес алып отырмын. Еліміздің медицинасы ол жақтан кем түседі дей алмаймын. Ол жақтағы мүмкіндік бізде де бар. Астана, Алматы қаласындағы ірі медициналық орталықтарда бар мүмкіндік қарастырылған. Ондағы мамандар да білікті. Алайда әттең-ай дейтін жағдай көп, – дейді әріптесіміз.
Ташкентке барып келгеннен кейін әлеуметтік желіде белсенді әріптесімізге оқырмандарының хабарласуы көбейген екен.
– Халық денсаулығын күту немесе жақсарту үшін қарызданса да шекара асуға бар. Себебі ол жақта медициналық қызметтің сапалы екеніне сенеді. Маған «instagram» желісі арқылы сұрақ қоюшылар күрт өсті. Барлығы дерлік өз дертіне шипа іздеп жүрген жандар. «Ташкентке емге барсақ деймін. Қандай клиниканы таңдаған дұрыс, шығыны қанша?» деп сұрайды. Қолдан келгенше білетін ақпаратты бөлісіп жүрмін. Алайда медициналық сақтандыру қорына жинаған қаражатымды өз денсаулығыма мақсатты жұмсай алмағаным жаныма батты, – дейді ол.
Шетелден ем іздейтіндердің көбінің айтар базынасы осы. Дәрігерлердің диагнозды дұрыс қоя алмауын, портал уақытын ұзақ күтетінін, дұрыс ем жүргізбейтінін алға тартады. Сондай-ақ науқаспен қарым-қатынас жасай алмауы да өзекті болып отыр.
Шетелдегі емнің ерекшелігі қандай?
Жанына шипа іздеп шетел асқан жанның бірі – қала тұрғыны Жанар Жұбанова. Кезекті скринингтік тексеруден өткен оған жергілікті дәрігерлер қатерлі ісікке күдік барын айтқан. Тиісті тексеруден өткен соң ол аты жаман аурудың барына күмәнмен қарапты.
– Тексеру кезінде осындай диагноз қойды. Алғашқы сатысы екен. Мұндағы дәрігерлердің айтқаны тез арада ота жасатып, ісік анықталған ағзаны алып тастау болды. Тиісті тексерістерден өттім. Күмәнданған себебіт МРТ түскенде қатерлі дерттің белгісін анықтамады. Таза деп шығарды. Сосын не болса да Түркияға барып тексеруден өтейін деп шештім. Ол жақтағы дәрігерлер еліміздегі қойылған диагнозды растады. Бірақ ота жасамай-ақ зақымданған клеткаларды емдеуге болатын айтты. Солай сол жақта ем алдым. Қазір денсаулығым мазаламайды. Елге келген соң қайта тексерілген жоқпын. Бұйыртса, келер жылы тағы да Түркия еліне ем жасаған дәрігерге жоспарлы тексеруге барамын. Осы орайда тұрғындарға, әсіресе әйел кісілерге скринингтік тексеруден уақытында өту керегін айтқым келеді. Уақыт создырмай ауруды ерте кезден анықтап алдын алуға болады. Бір жақсысы емханада анализ тапсыру, тиісті тексеруден өту тегін жүргізілді. Мамандар да осал дей алмаймын. Тек от жасаудан басқа амал жоқ дегесін көрші елге баруыма тура келді, – дейді кейіпкеріміз.
Отандық медицинаға сенім бар
Шет елде ем алу үшін халықтан көмек сұрағандардың бірі – Әсел есімді қала тұрғыны. Аяқ асты екі аяғының қозғалуы қиындап тексеруден өткен оған дәрігерлер ұршық басының өліеттенуі диагнозын қойған.
– Диагнозыма байланысты емді елімізде жасауға болад. Бірақ отаны тек бір аяққа ғана жасай алады. Келесі аяққа жасау үшін күту керек екен. Менің жағдайымда екі аяғыма да ота жасату керек. Денсаулығыма байланысты еліміздегі мықты деген емханаларға бардым, мамандармен сөйлестім. Германиядан келген дәрігер отаны екі аяққа бірдей жасау керектігін айтты. Себебі уақыт оздыруға болмайды. Күтетін болсам аяғым ота жасатуға жарамай қалуы мүмкін. Мұндай отаны Үндістанда робот арқылы жасайды екен. Қазіргі таңда халықтан көмек сұрап, қаржы жинап жатқан жайым бар. Үйімді сатуға қойғаныммен өтпей жатыр. Өзіме қозғалуға тыйым салды. Жолдасымның жалақысы күнделікті қажеттіліктен артылмайды. Алдағы уақытта «Қазақстан халқына» қорынан көмек сұрасам деймін. Оған қажетті құжаттарды реттеп жатырмын, – дейді Әсел бізбен әңгімесінде.
Сырдың бас дәрігері не дейді?
Бүгінде көпшілікке ем алу үшін ең тиімді мемлекет Өзбекстан болуда. Ташкент қаласына бару әсіресе, қызылордалықтарға тиімді. Жолақысы бару-қайтуыңа, барғаннан кейін жүріп-тұруыңа да көп қаржы жұмсамайсың. Ем алатын емханаға жақын жерден пәтер жалдау, ас-ауқатына кететін қаржы да қалтаға салмақ түсірмейді дейді білетіндер. Ал елімізде жеке емханаларда ем алудан бөлек, ел ішінде жүріп-тұру, жол пұлыңа кететін ақшаның өзі Ташкенттен екі есеге шығады-мыс.
Тақырыпқа орай облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақовтың пікірін білгенді де жөн көрдік. Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігінде қызмет еткен ол науқастарды шетелде емдету мәселесімен айналысқанын, жалпы тақырыптың бүгінде өзекті екенін тілге тиек етті.
– Денсаулық сақтау министрлігінің №44 бұйрығына сәйкес науқастарды шетелде ем алуға жіберудің өзіндік талабы бар. Мәселен ересектерде белгілі бір ауру түрін елімізде емдеу мүмкін болмаса, 18 жасқа дейінгі балалардың диагнозының емі елімізде жоқ болса, сондай-ақ мемлекетті қорғау кезінде жарақат алғандарды Президенттің шешімімен шетелде ем алуға жібереді. Осы 3 жағдайда ғана мемлекет тарапынан тегін жолдама беріледі. Мұның өзі реттілікпен жүзеге асады. Жергілікті емхана науқастың диагнозын дұрыс қоя алмаса қалалық немесе облыстық ауруханаға жіберуі тиіс. Егер облыстық деңгейде емделмесе республикалық емханаларға жолдама береді. Егер бұл жерде аурудың елімізде емі жоқтығы анықталса, онда шетелде емдету керек деген шешім шығарады. Осыдан соң жауапты мекемелер шетелдік емханаларды зерттеп, зерделеп, келісім жасай отырып науқасты ем алуға жібереді, – дейді бас дәрігер.
Бүгінде жасты да жасамысты да әбігерге салған ауру түрі көп. Жаңа туған сәбиден бастап ересектерге дейін елімізде емі жоқ, бұрын-соңды естімеген дертке шалдығып, халықтан қаржылай көмек сұрағандар әлеуметтік желіде көзге жиі түседі. Олар мұндай жағдайда шетелде ем алу мемлекет тарапынан қаржыландырылатынын білмейтін сыңайлы. Немесе сенбегендіктен көптің берген көмегімен өз бетінше ем алуға амал жасайды. Қалай десекте мемлекет қолдауынан гөрі халықтың қолдауымен ем алдым дегендердің қатары артқан.
– Қабылдауға баласын шетелде емдеткісі келетін ата-аналар жиі келеді. Көбіне мүмкіндік шектеулі ерекше балаларын дертінен айықтырсам дейді. Ата-ана ретінде олардың жанайқайын түсінуге болады. Алайда маман ретінде оның емі жоқ екенін түсіндіруге тырысамыз. Оған тек оңалту шарасын жүргізу, тиісті дәрісін беру арқылы көмектесе аламыз. Еліміздегі медицина саласы жыл санап дамып келеді. Тіпті Орталық Азия елдерінде жоқ құрал-жабдықтар Қазақстанда бар. Мықты, беткеұстар дәрігерлерде жетерлік. Алайда халық өз мамандарымыздан гөрі шетелдік мамандарды жоғары бағалайды. Тәжірибемде мынадай жағдай болған. Онкологиялық аурудың бір түрімен ауыратын баласын шетелде емдеткісі келген ата-ана еліміздегі мамандар кеш екенін, емі жоғын, 3-4 ай өмірі қалғанын ескертсе де сенбей, ұлын шетелге емдетуге алып кеткен. Сөйтіп Еуропаның мықты деген емханасына жатқызды. Ол жақта науқас 3 айдай ем алды. Соңында ем қонбай шетелде көз жұмды. Сол 3 ай ем алғаны үшін емханаға біршама қаржы қарыз болды. Кейін елге келгеннен кейін ол кісілерден шетелде қандай ем жүргізгенін сұрадым. Сонда Еуропада енді шығып жатқан дәріні қазақстандық науқасқа сынап көрген екен. Мұндай сынақты олар жергілікті балаларға жүргізе алмайды. Себебі заң қатал. Ал баласын емдеткен ата-ана оны сынақ жүргізгені үшін сотқа бере алмайды. Осындай жағдайларға қарамастан жұртшылық шетелге барғысы келеді, – дейді бас дәрігер.
Аймақтың бас дәрігері халық арасында жергілікті, отандық дәрігерлерді менсінбеушілік бар екенін жеткізді. Өзге елдің маманын мықты санайтындар қарызданса да шетелге баруға тырысады. Ал білікті дәрігерлер өз елімізде де бар. Сол сияқты өзге елден ем алу үшін қомақты қаржы жұмсауға дайын жұртшылық жергілікті дәрігер тағайындаған дәріні қымбатсынады. Кейбірі ақылы анализ тапсыруға келіспейді. Бірақ шетелде одан қымбат бағаға тапсырады. Осындай кереғар жайттарды тізбектеген ол көпшіліктің мына жағдайды ескеру керегін айтады.
– Шетелге емделуге баратындардың көбі елімізде өзіне қойылған диагнозды мойындағысы келмейді, қабылдай алмайды. Солай өзге мемлекетке барып қайта тексеруден өтеді. Шетелге шықпас бұрын елімізде дертінің дауасы бар-жоғын нақтылап алуы керек. Егер республикалық емхана дәрігерлері Қазақстанда емі жоқ десе, мемлекет қаржысы есебінен шетелге тегін ем алуына болады. Ал егер оның әлем бойынша емі жоқ десе босқа шығындалудың қажеті жоқ. Мамандарға сенген дұрыс. Қазір «Қазақстан халқына» көмек қоры бар. Қор осындай жағдайдағы науқастың шетелде ем алуына көмек береді. Шетелдегі емдеу орнын арнайы мамандар зерттей отырып нақтылайды, – дейді Олжас Ермекұлы.
Расымен шетелден дәрігер келеді десе ештеңеге қарамастан кеңес алуға асығамыз. Ондағы кеңес алудың құны да арзан емесі белгілі. Шетелдік маман жаныңа батқан дертіңнің дауасын тауып беретіндей көрінеді. Себебі елімізде емі жоқ деген аурудың шипасын шетелдік мамандар емдей алатынын айтады. Үмітсіз шайтан. Денсаулығыңнан артық ештеңе жоғын ұққанда бұдан артық не керек?
– Шетелдік дәрігерлер емдей алмаймыз деп айтпайды. Олар міндетті түрде келіңіз деп шақырады. Бірақ қандай ем жүргізетіні белгісіз. Ол жақта біздің емдеу протоколымызда жоқ дәрі беруі не ем-шара жасауы мүмкін. Ал отандық медицина зерттелген, нақты нәтижеге негізделген ем-дом шарасын қолданады. Өзге елдердің көбінде бізде жоқ дәрі-дәрмекті пайдаланады. Оның қаншалықты нәтижелі немесе сынама екенін білмейміз. Әрине шетелде емдей алмайды, нәтиже жоқ деп айтуға болмайды. Алайда зерттеу, салыстыру қажет. Отандық дәрігерлер қойған диагнозды зерттеңіз, дәрігермен кеңесіңіз, заңдылығына сай әрекет етіңіз. Генетикалық ауытқуға, неврологиялық ауру түрлеріне ем іздеудің қажеті жоқ. Оны шет елде де емдемей алмайды. Сондай-ақ ағза ауыстыруы керек науқастарда шет мемлекеттен ем іздейді. Ол жаққа барғанымен қажетті ағзаны бірден тауып бермейді ғой. Ол жақта да алдымен өз елінің азаматтарына мүмкіндік қарастырады, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Жасыратыны жоқ ел арасында жергілікті немесе отандық медицинада диагнозды дұрыс қоймайды деген түсінік қалыптасқан. Бұған себепте жоқ емес. Елімізде қойылған диагнозды шетел мамандарының растамауы осындай пікірді туындатуда. Мұның да себебін аймақтың бас дәрігерінен сұрағанды жөн көрдік.
– Расымен елімізде заманауи гендік зертханалар жоқ. Медицинада 200-ден аса сирек кездесетін ауру түрі бар. Ол туралы дәрігерлер білмеуі мүмкін. Оны анықтау үшін арнайы құрал-жабдығы бар зертхана жасақталуы тиіс. Сонымен бірге диагностикалық құралдардың жетіспеушілігінен де диагноз дұрыс анықталмауы мүмкін. Осындай белгілі бір себебі болмаса дәрігердің барлығы диагнозды дұрыс қоя алмайды деу екіұшты пікір дер едім. Оның үстіне шетелде қойылған диагноз немесе елдегі диагноздың ол жақта анықталмауы да нақты дүние емес. Мен емханада жұмыс істеген кезде тәжірибемде бір жағдай болған. Науқасқа сүт безінің қатерлі ісігі диагнозы қойылды. Ол бұған сенбей Алматы қаласында тексеруден өтті. Ол жақта да осы диагнозды растады. Бірақ оған да сенбеді. Солай Түркияға барып тексерілді. Алайда түркиялық әріптестер бұл диагнозды жоққа шығарды. Елге келгесін диагнозды дұрыс қоя алмадыңдар деп ренішін білдірген. Өкінішке орай, сол кісі бір жарым жылдан кейін қатерлі ісіктен көз жұмды. Сондықтан шетелдік дәрігерлерге де қатты сенудің қажеті жоқ дер едім. Қазір көпшілігі ташкентте ем алады. Ол жақта арзан дейді. Бірақ ондағы емдеу тәсілі Қазақстандағы емханалық хаттамаға енгізілмеген. Мысалы елімізде жұлынның ішіне дәрі енгізу, ісіктің сыртынан сәуле беру сынды ем шарасы қолданылмайды. Өйткені отандық медицинада нақты, дәлелденген ем-дом жүргізіледі. Сонымен бірге тұрғындар жаңа заман талабына дағдыланғаны дұрыс. Қазір емхана дәрігеріне қаралу үшін бұрынғыдай ерте келіп кезек алмайсыз. Барлығы онлайн платформа арқылы жүзеге асады. Дәрігерге қаралу уақытын өзіңіз белгілейсіз, уақытында кезек күтпей кіресіз. Анализ тапсыру үшінде арнайы көп уақыт жоғалтпайсыз. Тек уақытыңызды жүйелесеңіз болғаны, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов.
Жергілікті денсаулық саласында халықтың көп шағымданатыны портал уақыты. Ауруханада ем алу үшін 3-4 ай портал уақытын күткісі келмейтіндер араға тамыр-танысын салып уақытын қысқартады. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлықты күшейтеді. Мұндай жүйе бұрыннан қалыптасқанын жасыра алмаймыз. Облыстың бас дәрігері тұрғындарға мұндай әдеттен арылу керектігін айтады. Оның айтуынша, порталға қою науқастың денсаулығына қарай жүзеге асады. Уақыт күттірмейтін ауруы бар науқасқа жедел көмек көрсетіледі. Сондай-ақ портал уақыты қазір 1 айға да жетпейтін көрінеді. Әрі кетсе 20-25 күн. Оның өзі ауруханадағы бос орынның және мамандардың жеткілікті болуына байланысты. Қазіргі таңда портал уақытын қысқарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді.
Шет елге емге барудың тағы бір себебі – онкологиялық ауруды биопсия, гистология жасатпай анықтау. Көпшілік Өзбек елінде қатерлі ісікті биопсиясыз анықтайтын құрылғыға түсу, денесіне пышақ тигізбеу үшін барады. Анығында медицинасы дамыған деп таңдай қағатын көрші елдегі бұл аппарат өзімізде де бар екен.
– Онкологияны биопсия, гистология жасамай анықтау әлемдік тәжірибеде жоқ. Онсыз нақты диагноз қоя алмайды. Ал заманауи жабдық деп жүрген ПЭТ, КТ аппараты елімізде де бар. Қатерлі ісігі бар науқас оған тегін түсе алады. Елімізде МӘМС жүйесімен де басқа жағдайда да медициналық тексеруден өту көбіне тегін жүргізіледі. Бірақ көпшілік мұны біле бермейді немесе түсінбейді. Байқасаңыз, қазір ауруханадағы науқастардың барлығы тегін ем алуда. Аймақтағы бірқатар емдеу нысанындағы ақылы бөлімдерді жаптық. Кей ауруханада санын қысқарттық. Себебі ақылы ем алатын науқас жоқ. Барлығы дерлік тегін көмекке жүгінеді, – дейді өңірдің бас дәрігері.
Елімізде медициналық қызмет алу тегін әрі мүмкіндігі зор деген облыстың бас дәрігері Олжас Ермекұлы әңгіме барысында шетелге емге баратындардың қатарында әріптестерінің де барын жасырмады. Бұл да болса отандық медицинаға, дәрігерлерге деген сенімге селкеу түсіретін жағдай. Десе де басты нәрсе – халықтың медициналық, құқықтық сауатын арттыру. Отандық медицина мен мамандарға деген сенімді жоғалтпау. Себебі шетелдік мамандардан мықты мақтан тұтар дәрігерлер өзіміздің елде де, аймақта да баршылық.
А.СЕЙІЛ