Kyzylorda-news.kz Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері ер адамнан аса ірі көлемдегі ісікті алып тастады. Ұлттық нейрохирургия орталығында күн сайын күрделі нейрохирургиялық операциялар жүргізіледі. Осындай операциялардың бірі Қызылорда облысының тумасы, 1 типті нейрофиброматозы бар, мойынның жоғары және желке аймағының, көпірмишық бұрыштың көп түйінді алып ісігі бар 30 жастағы ер адамға жүргізілді.

Науқас Нейрохирургия орталығына бас ауруы, жұтынудың бұзылуы, жүрісінде тәлтіректеу, есту қабілетінің төмендеуі, есте сақтау қабілетінің төмендеуі, дауыс тембрінің өзгеруі, мойынның оң жақ аумағында дөңес болып тұрған ісікке, сондай-ақ жалпы әлсіздік туралы шағымдармен келді.

Операцияның күрделілігі ісіктің мөлшерінің үлкендігінде ғана емес, сонымен қатар оның күрделі анатомиялық орналасуында болды. Мойын мен желке аймағының зақымдану қаупі жоғары болды, өйткені ісік бассүйегінің түбіне сау тіндермен бірігіп өскен. Ісік миллиметрмен бөлініп алынды. Сонымен қатар, дәрігерлер мидың өмірлік маңызды тамырларының өтетін жолдарын айналып өтті. Бұл жерде бұл аймақтарға зиян келтірмеу өте маңызды болды.

Операция 12 сағатқа созылды, бұл күрделілігі 5 дәрежелі операция болып саналады. Сондай-ақ, операция кезінде № 1 КҚА –ның отоларинголог дәрігерлері қатысты. Операция сәтті өтті, жағдайы жақсарған пациент үйге шығуға дайындалуда.

Операцияны өз саласының үздік мамандары, Ми патологияларының нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Нұржан Рыскелдиев, нейрохирург дәрігерлер Айдос Молдабеков, Айдос Құрманахунов, анестезиолог дәрігер Раушан Токшекенова, нейрофизиолог Сәуле Өтеуова, №1 КҚА отоларинголог дәрігері Даир Рахметов жүргізді.

Тағы да оқыңыз: