Kyzylorda-news.kz. Қоғамда әрбір маманның алатын өз орны бар. Соның ішінде медицина саласы қызметкерлеріне жүктелетін жауапкершіліктің салмағы зор. Өз міндетін ерекше ықыласпен атқарып, халықтың алғаусыз алғысына бөленіп жүрген ақ халаттылар өте көп. Бүгінгі кейіпкеріміз – облыстық психикалық денсаулық орталығының мейірбикесі Қарлығаш Полат.
Қарлығаш – жас маман. Медицина саласына қадам басқанына санаулы жыл болды. Соған қарамастан ол өз міндетін тиянақты орындауымен ерекшеленеді. Науқастардың тілін тауып, дәрігерлердің нұсқамасын жауапкершілікпен орындайды.
«1997 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданында дүниеге келгенмін. 2012 жылы отбасылық жағдайға байланысты Қызылорда қаласына көшіп келдік. Мектеп бітіргеннен кейін облыс орталығындағы медицина колледжіне оқуға түстім. Осы мамандықты таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Ең бастысы, халыққа қызмет көрсетеміз», – дейді мейірбике.
Қар¬лығаш медицина саласын таңдауына анасы себепші болғанын айтады. Қатерлі дертке шалдыққан жақын адамын өзі емдегісі келген екен. Кейін мейіргер болу арқылы сырқаты мазалаған азаматтарға медициналық көмек көрсетуді мақсат етіпті.
«Еңбек жолымды 2019 жылы Алматы қаласындағы емханалардың бірінде учаскелік мейірбике болып бастадым. 2020 жылы Қызылорда облыстық психикалық денсаулық орталығына жұмысқа қабылдандым. Бүгінде осы мекемеде қызмет атқарамын. Әлі үйренетінім көп. Бұл ретте тәжірибелі әріптестерімнің қолдауы көп», – дейді Қарлығаш.
Адамның болашақта кім болатынына оның үйіндегі жағдайдың тигізер ықпалы бар. Мәселен, мұғалім болғысы келетіндердің отбасында ұстаздар бар екенін аңғарамыз. Ал дәрігер болуды армандайтындар ата-анасын емдеп, жағдайын жасауды бала кезден санасына құйып өседі. Қарлығаштың медицинаға келудегі ең бірінші мақсаты да сол. Ендігіде білімін шыңдап, әрі қарай жұмысына күш салу жоспары да бар.
«Жұмысым өзіме ұнайды, қаншама жанның алғысын алып жатырмыз. Десе де мұны қанағат тұтып тоқтап қалмай, алдағы уақытта жан-жақты білім алып, мықты маман болғым келеді», – дейді ол.