Kyzylorda-news.kz Бірер күн бұрын Қызылорда қаласындағы көпқабатты пәтердің бірінде ерекше оқиға орын алды.

Медицина саласында 12 жылдық тәжірибесі бар медбике Динара Алпаева жүктілік мерзімі жақын келіншекті үй жағдайында босандырып алған. Негізінен, жас ана Гүлімай Сырлыбаеваның толғағы қысқан мезетте «Жедел жәрдем» шақырылғанымен, ақ халатты абзал жандар тиісті мекен жайға келіп үлгірмеген.

Шын мәнінде медбикенің үйіне Арал ауданынан туған інісінің келіншегі қонаққа келген екен. Түнгі 23.20-да жас ананың толғағы қысып, отбасы мүшелері қиындыққа қарамастан тығырықтан шығу жолын қарастырады. Осыған дейін облыстық жастар денсаулығы орталығында медбике болып қызмет атқарған Динара Нұрлыбайқызы мұндай жағдаймен бірінші рет бетпе-бет келген.

– Ауылдан үлкен баласын көрсетуге келінім Гүлімай келген болатын. Қапелімде жағдайы күрт нашарлаған келінімді көргенде дереу іске кірісуге тура келді. Бас-аяғы 20 минут толғағы қысып, 10 минут ішінде боласындырып алғаныма қуаныштымын. Бұған дейін өмірлік тәжірибемде мұндай дүние болмағандығын айта кетейін. Жедел жәрдемді тосып отыруға уақыт жоқ еді. Жылдам қимылдап, басы көрініп шыға бастаған баланы, алаңдамай өзімді тежеп, бар күшімді жинап, босандырып алдым. Екі адамның өмірі үшін үлкен жауапкершілікті мойныма алдым. Бұл ретте, «Жедел жәрдем» бөлімшесінің мамандары бала дүниеге келгеннен кейін келді. Өкінштісі, бөлімше мамандарының қобдишасында жас анаға егу керекті окситацин дәрісі болмады. Өз кезегінде дәріханадан дәріні жедел түрде алдыртып, жас ананың өмірін сақтап қалдық. Баланы алғаш қолыма алған кезімде баланың шыр еткен дауысы шықпаған болатын. Өз кезегінде сәбидің жамбасынан түртіп қалғанымда іңгәлаған дауысты естіп, бақытты күй кештім. Барлық амал сәтті жасалғаннан кейін сәби мен анасын аруханаға аман-есен жеткіздік. Бүгінде Хадия есімді кішкентай сәби отбасымен қауышты, – дейді Динара Нұрлыбайқызы.

Білікті маман, бүгінгі күннің батыры айдынды Аралдың тумасы болғанымен, Тереңөзектің келіні. Жолдасы Марат Сардарбековпен 16 жыл бұрын отасқан медбике отбасында 3 ұл тәрбиелеп отыр.

Айта кетейік, кішкентай Хадияның салмағы 3280 болса, бойы 52 см болып туылған.

Фото: Автордан

Балтабай ОРДАБЕКОВ

Тағы да оқыңыз: